Әлбетте, бүгінде әлемде маңызды әрі пайдасы мол салалардың түрі көп. Алайда соның ішінен әлеуметтік қызмет мамандығын ерекше атап өтуге болады. Себебі бұл саланың мамандары жұмыстың қиындығына, жалақының аздығына қарамастан, үлкен төзімділік пен табандылық танытып, қарттарға, мүгедектерге, басқа да күтпеген қиын жағдайға тап болған азаматтарға қауіпсіз, жайлы жағдай жасап, олардың күнделікті тұрмыстық қажеттіліктерін қамтамасыз етумен айналысуда.
Сондай жанның бірі – Қарасай ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің қызметкері Ақжарқын Сәрсенбаева. Ол 16 жылдан астам уақыт әлеуметтік салада абыройлы еңбек етіп, өз жұмысына шынайы ықыласпен қарап, қолдауға мұқтаж адамдарға бей-жай қарамай, көмек көрсетуде. Осы бір мейірбан жан иесін таяуда елімізде аталып өткен Әлеуметтік қызметкерлер күніне орай оқырман қауымына таныстыруды жөн санадық.
Ақжарқын Өтепқызы елімізге көршілес Өзбекстан мемлекетінің құрамындағы ең ірі аймақ, сондай-ақ дербес республика болып саналатын Қарақалпақстандағы Хожелі ауданында 1964 жылы дүниеге келген. Алғашқы білімді аудандағы Карл Маркс атындағы 10 жылдық орта мектебінде алған. Сондай-ақ дәл осы білім ордасына 1982 жылы аға тәлімгер болып жұмысқа кірген. Ал 1983 жылы республика орталығында орналасқан Т.Г.Шевченко атындағы Нүкіс мемлекеттік университетіне «қазақ және қазақ әдебиеті» мамандығына сырттай оқуға түскен. Бұл жерде бір айта кететіндігі, Ақжарқын әпкеміз отбасындағы жалғыз перзент болғандықтан, кішкентайынан әке-шешесіне жақын өскен. Болашақ мамандығын да өмірінің біраз бөлігін ұстаздыққа берген анасының ақылына құлақ асып таңдаған.
– Бала кезімде мен көптеген өзге балалар секілді ақ халат киген дәрігер болуды армандаған едім. Алайда мамандық таңдаған кезде анам: «дәрігер болу үшін кем дегенде жеті жыл оқуын қажет, бұл өзін үшін де тұрмысқа шықсаң, болашақ отбасын үшін де қиын болады, сондықтан жақсылап ойлан», – деді. Оның үстіне сол кездері анамның денсаулығы біраз сыр бергендіктен, айтқан ақылын біраз ой елегінен өткізіп, медицинаның орнына ұстаздық жолды таңдауға бел будым.
Сөйтіп, мектептегі жұмысымен қатар Нүкіс мемлекеттік университетіндегі оқуды бірге алып жүрдім. Тіпті, 1989 жылы жоғарғы оқу орнын аяқтаған соң да, мектептегі жұмысымды жалғастырдым. Кейіннен әдіскерге дейін көтерілдім. 20 жылдан астам кезінде маған алғашқы білім есігін ашқан мектебімде қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен сабақ берумен айналыстым. Осылайша, біраз жыл өзге әріптестеріммен бірге жас ұрпаққа саналы тәрбие, сапалы білім беріп, олардың үлкен өмірге дұрыс бағыт-бағдар алып шығуларына үлесімді қостым. Ұстаздық жолды Қазақстан еліне көшкен кезде тоқтатуға тура келді, – деді алғашқы еңбек жылдарын есіне алған Ақжарқын әпкеміз.
Кейіпкеріміз үшін Карл Маркс атындағы мектеп тек бірінші білім алған, алғашқы еңбек жолын бастаған жер ғана емес, сондай-ақ болашақ жары Мағзұм ағамызды кездестірген орын болды. Ағамыз ол кезде металл мен өзге де материалдарды өңдеумен айналысатын токарь болып жұмыс істеген. Екі жас кездесіп, біраз уақыттан соң отау құрды. Ерлі-зайыптылар Иса, Пәкизат, Мұса есімде үш баланы дүниеге әкеліп, бағып-қағып, тәрбие беріп, аялап өсірді.
Уақыт өте келе бірқатар мәселелерге байланысты бес адамнан тұратын шағын отбасы Қазақстан жеріне қоныс аударуға бел буды. 2007 жылы Таңатаровтар әулеті Алматы облысына қарасты Қарасай ауданындағы Шамалған ауылына көшіп келді. Мағзұм ағамыз қазақ жерінде де саласын ауыстырмай, токарь болып жұмысқа орналасты. Ал Ақжарқын әпкеміз болса, біраз уақытқа дейін өз мамандығы бойынша жұмыс таппай қиналды. Нәтижесінде 2009 жылы Қарасай ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне мүмкіндігі шектеулі балаларға үйден әлеуметтік көмек көрсететін әлеуметтік қызметкер болып кірді.
– Қазақстанға көшіп келген соң біраз уақыт үйде отырып қалдым. Еңбекке араласқым келгендіктен, әлеуметтік салаға келдім. Басында өте қиын болды. Әсіресе, эмоционалды жағынан. Өйткені бұған дейін мүмкіндігі шектеулі, жақындарының көмегіне зәру балаларды жиі көріп, олармен тығыз жұмыс істейтін едім. Өзіндікі болмаса да баланың қиналғанын көру жанына қатты батады екен. Сонымен қатар ондай баланы өсіріп отырған ата-ананың қандай қиындықтардан өтетінін көру де оңай емес. Бастапқы кездері соның бәрін жүрегіне жақын қабылдайсың, уайымдайсың.
Десе де мен осы салаға келгеніме өкінбеймін, тіпті, бұл тандауыма ризамын. Жұмыс істеп жүріп, көптеген отбасының тағыр жолымен таныстым. Олардың басынан өткеріп жатқан жағдайлары маған біраз нәрсеге деген көзқарасымды өзгертуге көмектесті. Қазіргі өміріме тәубе етуге үйретті, – дейді тәжірибелі маман.
Жалпы әлеуметтік қызметкер көптеген бағытта көмек көрсетеді. Оның ішіне экономикалық, құқықтық, мәдени, медициналық, психологиялық, педагогикалық және еңбекке баулу кіреді. Бұл, әрине, қызметке енді кіріскен Ақжарқын Өтепқызына да қатысты болды. Ол өзгелер секілді қарамағындағыларға медициналық көмек қажет болса, үйге дәрігерді шақырып немесе баланың емханада қаралуына жәрдемдесіп, кәмелеттік жасқа келіп қалған балаға куәлігін жасауға, ата-аналарға жеңілдіктер мен мүгедектерге берілетін жәрдемақыларды рәсімдеуге септеседі. Сондай-ақ балаланың сырқатына қарамастан, қоғамның тең құқылы азаматы болуы үшін барынша қабілеттерін дамытуға көмектеседі. Бұл қарапайым тұрмыстық мәселелерде көмек көрсетуді айтпағанда, әрине.
– Ең алғаш келгенде маған мүмкіндігі шектулі екі баласы бар отбасыны берген еді. Әрине, ондай балалармен жұмыс істемегендіктен қиын болды. Бірақ олардың анасымен бірге дәрігердің қаралуына апарып, ХҚКО-на барып құжат рәсімдеуге көмек көрсетіп жүріп, біраз нәрсе үйрендім. Уақыт өте келе олар маған мен оларға бауыр басып кеттім. Тіпті, балалар кәмелет жасқа толып, менің қарамағымнан шығарылғаннан кейін де олармен жиі кездесіп, хал-жағдайларын біліп отыруға тырысамын, – деді Ақжарқын Өтепқызы.
Мейірбан маманның айтуынша, бұрын бір әлеуметтік қызметкер аптасына бірнеше рет 6-7 баланың үйіне барып тұратын. Алайда кейінгі жылдары аудан аумағында бірнеше оңалту орталықтары ашылып, соның арқасында баратын балалар саны төртке дейін азайған. Ерекше балалармен кейіпкеріміз жалпы 16 жылдан астам жұмыс істеді. Ал осыдан үш ай бұрын ол жалғыз басты қарттар және мүмкіндігі шектеулі адамдарға үйден әлеуметтік көмек көрсетуге ауыстырылды. Енді ол қарасайлық қариялардың үйіне барып, тазалық жұмыстарын жүргізіп, қажет болса азық-түліктер әкеліп, коммуналдық төлемдерін де төлетуге жәрдемдесуде. Сонымен қатар біраз өмір жолын жүріп өтіп, көпті көрген ата-әжелердің әңгімесін тындап, емен-жарқын әңгімелесіп, пікір алмасып, олардың сырласатын адамына айналуда.
Айтса айтқандай, қарт кісілердің алғысын алып, ризашылығына бөленіп жүрген Ақжарқын Сәрсенбаева әріптестері арасында өз тәжірибесімен бөлісуге жалыққан емес. Оның, әсіресе, мүгедек балаларға жасаған қамқорлығын санамалап айтудың өзі артық. Әңгімесінен де, қызметінен де оның табиғатынан жоқ-жітікке жанашыр, қажығандарды демегіш, жолдас-жораға қамқор екені аңғарылады. Оны тек әлеуметтік қызметкер болып жұмыс істегендер жақсы біледі. Абыройлы жан еңбегінің жемісі ретінде бірнеше мәрте басшылығы тарапынан да, аудан әкімінен де алғыс арқалады. Өткен жылы да әлеуметтік қызметкерлердің төл мерекесінде ризашылыққа бөленіп, марапат биігінен көрінді.
Ақжарқын Өтепқызының жеке өмірне келетін болсақ, жоғарыда айтып өткеніміздей, ол Құдай қосқан қосағы Мағзұм аға екеуі үш баланы тәрбиелеп өсірді. Үш баланың ішінде үлкен ұлдары Иса анасының ұстаздық жолын жалғастырып, Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетін тәмамдап, қазіргі уақытта Алматы қаласындағы жекеменшік мектепте сабақ беруде. Ал қыздары Пәкизат болса тұрмыс құрып, үш баланы тәрбиелеп отыр. Кенжелері Мұса болса колледжді тәмамдап, халыққа қызмет көрсетуде.
Ақжарқын Сәрсенбаеваның тағы бір ерекшелігі ретінде оның шығармашылыққа жақындығын айтуға болады. Әсіресе, ол жұмыстан тыс уақытта өлең жазуды ұнатады екен. Оның көбі өмір, жұмыс барысында танысқан жандар жайлы. Сондықтан мақаламызды Ақжарқын Өтепқызының ұжымына, әріптестеріне арнаған туындысының бірімен аяқтасақ, артық болмас.
Бақыттан бас айналып,
Жүрейік біз шаттанып.
Өз балаң түгіл өзгеге,
Ару – Ана атанып.
Біз барғанда қуанып,
Мәз болады мақтанып.
Даусыңды танып есіктен,
Шаттанады қарсы алып.
Кейбіреуі сөйлейді,
Біреулері күледі.
Сонда да бізді сағынып,
Қол-аяғын сермейді.
Келді міне, күрең күз,
Болмайықшы мұнды біз.
Әрбір үйде әрқашан,
Шаттанып шықсын үніміз.
(01.10.2022 ж)
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
