Жалпы, Кеген ауданы, Кеген өңірі тарихи құндылықтарына толы. Сонау бір замандарда Ұлы Жібек жолының бір тармағы өткен, халықаралық маңызы бар әйгілі Қарқара жәрмеңкесінің орны қалған, атақты Албан-Қарқара көтерілісі тұтанған қастерлі Қарқараның жері неге тұрады?! Туризмнің мекені саналатын Үш Меркі, Шарын, Мойнақ, Көлсайдың тамашасын айтып тауыса алмайсыз?! Ал, ежелгі Үйсін мекенінің бірі саналатын Алғабас өңірін көрген де арманда, көрмеген де арманда. Негізі бұл аймақ – ежелгі Үйсін тайпасының мекені болғаны дәлелденген жер. Алғабас ауылдық округінің аумағында аттары аңызға айналған Дәркембай қажы, батыр тұлғалы Сламқожа, ілімді молда Бәкімбай тағы басқалар өмір сүрген. Қастерлі топырағынан Нұрғали Мамыров, Ерғали Нүсіпов секілді академиктер, Ұзақ Бағав атты қоғам қайраткері шыққан. Өткен ғасырдың бас кезінде осы өңірдегі «Алғабас», «Жаңа талап» ұжымшарлары біріктіріліп, «Алғабас» атты жылқы зауытына айналдырылған. Сөйтіп, қасиетіңнен айналайын топырақта түліктің төресі өсірілген. Ежелден Суықтоғай деп аталатын өңір. Шын мәнінде, арынды тау өзенінің екі жағына қоныстанған ауылдың қысы қатал, жазы ыстық. Жемістің бәрі өседі. Төрт түлік малды бағып өсіруге қолайлы мекен.
Бүгінгі Алғабас ауылдық округінде Жаңа талап, Жіңішке, Алғабас атты үш елдімекен бар. Үш жүзге тарта отбасы, мың бес жүзге тарта халық тұрады. Округ бойынша құрылған 62 шаруа қожалығы негізінен мал өсірумен айналысып келеді. 3 мыңға жуық іріқара, 16 мың шамасында қой-ешкі, 2 мыңдай жылқы осы өңір тұрғындарының ырысы мен берекесі. Тәуелсіз мемлекетіміздің шапағаты тиіп келе жатқан ауыл. Соңғы жылдар ауқымында округтегі ауыз су жүйелері жаңғыртылды. Сөйтіп, Алғабас пен Жаңа талап ауылдарының тұрғындары, әр шаңырақ таза ауыз суға қолдарын жеткізді. Биылғы жылы Алғабас ауылдық дәрігерлік амбулаториясының ғимараты күрделі жөндеуден өткізілді. Заманға лайық жаңғырып, жайнады. 2018 жылы ауылдағы екі қабатты Мәдениет үйі күрделі жөндеуден өткізілген болатын. Қазір Бақыткелді Әкімбеков басқаратын өнер ордасының жанында әжелер ансамблі, домбыра, би, дәстүрлі ән үйірмелері жұмыс істейді. Ауылдардағы басты көшелер асфальтталып, жарықтандырылған. Ауылдық округте Ұзақ Бағаев атындағы орта мектеп, Алғабас, Жіңішке бастауыш мектептері бар. Білім ордаларының жанында «Балдәурен» және «Күншуақ» шағын орталықтары жұмыс істейді. Өнер ордасында әртүрлі тақырыпта кештер, жылы жүздесулер, концерттік бағдарламалар өткізіліп келеді. Ізгі шаралардың өз мәнінде өткізілуіне мәдениет үйінің жанынан құрылған «Ақ тамақ» атты әжелер ансамблі елеулі үлестерін қосып отырады. Ауылда азық-түлік, киім-кешек және құрылыс заттарын сататын сауда орындары, мейрамхана бар. Өңірде телефон байланысы да жақсы деңгейде. Аудандық телекоммуникация торабына қарасты 120 телефон нүктесі бар. Оның сыртында 208 сымсыз телефон желісі іске қосулы. Интернет желісі де қалыпты деңгейде. Айтса айтқандай, өңірде жанға жағымды жайттар мол. Оның денін айтып өттік. «Бірлік бар жерде тірлік бар», – деген осы. Береке-бірлігі, ынтымағы сүттей ұйыған, жақсылықтары жетерлік Алғабас өңірі тұрғындарының жақсы күндері алда.
Индира ҚАНАТҚЫЗЫ.
Кеген ауданы.