Аптаның алғашқы күні аудан әкімі Жандарбек Далабаевтың төрағалығымен, әкімдіктің кезекті алқа мәжілісі өтіп, онда Қарасай ауданының 2018 жылдың IІ тоқсанындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары және ІІІ тоқсандағы міндеттері кеңінен талқыланды. Күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша алдымен аудан әкімінің орынбасары Дулат Сансызбаевтың баяндамасы тыңдалды.
2018 жылдың қаңтар-маусым айларында ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінің даму болжамы тұрақты екендігін тілге тиек еткен баяндамашы әр салаға жеке-жеке тоқталып, атқарылған жұмыстар жайлы жан-жақты мағлұмат берді.
Жалпы алғанда, қай бағытта болса да қолға алынған іс жетерлік. Ілкімді ілгерілеушіліктермен қатар алда түзетер кемшіліктер де жоқ емес. Баяндама толық тыңдалған соң Жандарбек Ермекұлы оларға назар аудартып, кейбір бөлім, мекеме басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.
Атап айтқанда, аудандық ішкі істер басқармасына қылмыс санын азайту бойынша тиісті шараларды қолға алып, профилактикалық жұмыстарды жандандыру, ауданның бас дәрігері Е.Сәрсенбаевқа ана мен бала өлімін болдырмауға жіті назар аударуды жүктеді. Бұдан бөлек өзектендіру мәселесіне ерекше көңіл бөлінді. Қазіргі таңда оған қатысты жұмыстарды жетілдіру қажеттігі сөз болды. Бұл ретте аудандық әлеуметтік бағдарламалар және жұмыспен қамту бөлімі мен жұмыспен қамту орталығына өзектендіруге қатысты көрсеткіштерді әлі де түзете түсу тапсырылды. Кейбір округ әкімдерінің атына да сын-ескертпелер айтылды. Олар негізінен округ деңгейінде инвести-циялар тарту мен төртінші деңгейлі бюджетті іске асыруға қатысты болды.
Алқа мәжілісін қорытындылаған аудан басшысы Жандарбек Далабаев жалпы жартыжылдықтың қорытын-дысы жақсы деңгейде болғанымен, қол жеткізілген көрсеткіштерді бұдан да жақсарта түсу үшін алда көп жұмыс күтіп тұрғандығын жеткізді.
Соңынан жиын барысында айтылған ұсыныстар ескеріле отырып тиісті қаулы қабылданды.
Клара Көпбаева.