– Елімізде қайтарылған активтердің халық игілігіне жұмсалып жатқаны – ел үшін үлкен жақсылық. Көп жылдан бері шалғайдағы ауыл тұрғындары таза ауыз су мен сапалы медициналық көмекке зәру болып келген еді. Енді, міне, Арнасайда дәрігерлік амбулатория ашылып, Шал ақын сияқты елді мекендерге жаңа су құбырлары тартылып жатқаны көңіл қуантады.
Баяғыда біз ауылда туып-өстік, бірақ медициналық пунктке жету үшін талай шақырым жол жүретінбіз. Қазір балаларымыз бен немерелеріміз ауылдан шықпай-ақ сапалы ем ала алатындай жағдай жасалып жатыр. Бұл — ел басқарған азаматтардың дұрыс шешімдерінің жемісі.
Президент Тоқаевтың бастамасымен бұрын заңсыз жолмен иемденілген қаражат енді елге қызмет етуде. Осы бастаманың өміршең болуын тілеймін. Ақша елге қайтты – енді әр тиыны дұрыс, адал жұмсалса екен. Ауыл гүлденсе, елдің іргесі бекем болады.
Аюп Искаков
Ұмтыл ауылдық округі Ақсақалдар кеңесінің төрағасы.