Қазақтың тұңғыш академигі Қаныш Сәтбаевтың туғанына биыл – 125 жыл. Металлогения ғылымының негізін қалаған біртуар ғалымның айтулы мерейтойы қарсаңында оның елеулі еңбектері ел бойынша дәріптеліп, өшпес есімі ұлт тұлғасы ретінде ұлықталуда. Осы мақсатта биыл республикамызда түрлі игілікті істер атқарылып, ғылым саласында түрлі жобалар жүзеге асуда.
Академиктің 125 жылдығына орай ұйымдастырылған ұтымды шаралардың бірі ұлт перзентінің есімімен аталатын Қаскелеңдегі білім шаңырағында лайықты түрде атап өтілді.
Қ.Сәтбаев атындағы орта мектепте ұйымдастырылған кешке қадірлі меймандар арнайы шақырылды. Атап айтқанда, сәтбаевтанушы, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің тарихи мұражайының бас маманы Аспандияр Өмірбеков, жетекші маманы Шынар Окашева, биология ғылымдарының докторы Надежда Ниретина, сондай-ақ Қарасай аудандық білім бөлімінің өкілі Жанат Тельманұлы, Қарасай аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағат Мәсімақынов, аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы Шара Қанатқұлқызы, осы бірлестіктің мүшесі Ақлима Көсемова, аталмыш мектептің Қамқоршылық кеңесінің төрайымы Мадина Сырымова және талай жыл еңбек еткен ардагер-ұстаздар болды.
Дәл осы күні білім ошағының фойесінде Қаныш Имантайұлының жеке портреттері, қол жазбалары, өмірлік жарына және Мәскеуге жазған хаттарымен тағы басқа қолданған заттары қойылып, еңбек жолына қатысты арнайы бейнефильм көрсетілді. Келген қонақтар осылардың барлығына көңіл аударып, тың ақпараттармен танысты.
Іс-шараның есте қаларлық сәті – мектеп қабырғасында ашылған «Сәтбаевтану» кабинетінің ашылуы. Оның салтанатты рәсімінде алдымен мектеп директоры Рысбүбі Дүйсебаева сөз сөйлеп, білім шаңырағының алғаш іргетасы қаланған сәттен Сәтбаевтың есімі берілгенге дейін тарихына тоқталды. Сондай-ақ мектеп басшысы қазақтың тұңғыш академигінің жүріп өткен жолы, ғылымға сіңірген еңбегіне бүгінгі ұрпақ қарыздар екенін айтып, «Сәтбаевтану» кабинеті Қаныш Имантайұлын одан әрі дәріптеуге себеп болатынын жеткізді.
Академиктің құрметіне орай ашылған шағын мұражайдың қызыл лентасын аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағат Ұлтарақұлы мен сәтбаевтанушы Аспандияр Әденұлы кесіп, құтты болсын айтып, алғашқы қадамдарын басты. Ал кабинетке экскурсияны оның жетекшісі, химия пәнінің мұғалімі Әмина Құлжабаева жүргізді. Ғалымды дәріптеуші ретінде ол осы кабинетте жасақталған жәдігерлерге жеке-жеке тоқталып, Қаныш Имантайұлының өмір дерегіне қатысты ақпаратымен бөлісті. Одан кейін мектеп оқушыларының өнері ортаға салынды. 6 «В» сыныптың оқушысы Ерлен Оразхан қолына домбырасын алып, Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына арнауын айтса, Сезім Өмірханқызы ғалым жайлы жазған өлеңін оқыды. Ал бір топ жас сәтбаевтанушылар отандық және шетелдік ғалымдардың академик жайлы айтқан орамды ойларын жеткізді.
Кабинетте жинақталған тарихи заттар расымен, елдің назарын аудартады. Өйткені ғалымның қазба жұмыстарынан алынған тастарды да байқауға болады. Мұндай құнды дүниелерді әкеліп, оны көздің қарашығындай сақтау көптің ойында болмайтыны анық. Осы ретте кабинеттің жетекшісі Әмина Жақыпбекқызын әңгімеге тартып, жалпы бұл бастама қайдан туындағынын білуге тырыстық. Айтуынша, «Сәтбаевтану» кабинетін ашу идеясы ешкімнің ойына бірден келе қоймаған. Директор Рысбүбі Мәмбетәліқызы мектепте ғалымға арналған бұрыштың жоқтығын ескеріп, оқушыларға Сәтбаевты қалай таныстырып көрсетеміз деген ой мазалап жүргенін айтқан екен. Содан мектеп бағдарламасы бойынша Қ.Сәтбаевтың ғылыми еңбегі мен өміріне география пәні жақын болғандықтан, мектептің география кабинетіне ғалымға арнап бұрыш жасау ұсынылыпты.
– Алғашқыда неден, қалай бастарымызды білмедік. Түрлі идея келгенімен, оны іске асыруды елестету қиындау болды. Содан наурыз айындағы көктемгі демалыста бір топ мұғалім Қ.Сәтбаевтың зиратына барып, Құран оқытып қайттық. Музейімен танысуға барғанда өкінішке орай, Алматы қаласындағы «Ғылым және Білім» академиясы күрделі жөндеуге жабылғанын білдік. Десе де сол шабытпен кабинетте бұрыштың қалай жасалуын ойластырдық. Бұл ретте мектеп басшысының тапсырмасы, тың идеялары бізге үлкен көмек болды. Оның үстіне осы бастаманың басы-қасында Рысбүбі Мәмбетәліқызы өзі жүріп, қадағалады. Кабинеттегі тастарға келер болсақ, олар Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетіндегі ғалымға арналған мұражайдан арнайы біздің мектепке жәдігерлікке сыйлыққа берілді. Ал ғалымның еңбектері мен ғылым жолындағы белестері бейнеленген суреттері, құнды документтері жинақталған кітаптардан көшіріліп жасалды, – деп жетекші Ә.Құлжабаева осындай ой-пікірімен бөлісті.
Кабинеттің ашылу рәсімінен кейін ғалым-геолог Қ.Сәтбаевқа арналған шараның жалғасы мектептің акт залында «Рухы биік ұлы перзент» атты мәдени кешке ұласты. Сахна төрінде мектеп оқушылары Қаныш Имантайұлының өмірінен мағлұмат келтірсе, енді бір топ оқушы «Жезқазған жері» атты көрініс қойып, академиктің еңбек жолына саяхат жасады. Сондай-ақ басқа да белсенді білімпаздар академик туралы ойшыл ғалымдардың айтқанын қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жеткізді. Ал ақынжанды оқушылар Сәтбаевқа өлеңдерін арнады.
Бұл кеште қонақтарға шаттық көңіл сыйлаған кішентай өнерпаздар болды. Бір тобы мың бұралып билесе, енді бірі хор болып «Біз – Отанның ұланымыз» атты әнді шырқады.
Оқушылардың өнерлерінен кейін шарада құрметті қонақтар жеке-жеке сөз сөйледі. Әсіресе, сәтбаевтанушы, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің тарихи мұражайының бас маманы Аспандияр Өмірбеков академик жайлы құнды деректерге тоқталып, оның «Алаш арыстары» атанған азаматтардай халықтың игілігі үшін жұмыс істегенін айтты. Одан кейін сәтбаевтанушы мейман «Сан қырлы Сәтбаев» атты ғалымның атындағы мектептер арасында өткен республикалық эссе байқауына белсене қатысқан мектеп оқушысы Ақзере Алтайды және оның жетекшісі, ұстаз Бағила Бесбайқызын Алғыс хаттармен марапаттады.
Аспандияр Әденұлы айтқандай дәйекті мағлұматтарды бөлісу үшін сәтбаевтанушы, биология ғылымдарының докторы Надежда Ниретина және Шара Қанатқұлқызы, Ақлима Көсемова сияқты ардагер-ұстаздар да сөз алып, айтулы шараға қатысты пікірлерін білдірсе, аудан ақсақалы Сағат Ұлтарақұлы баталы сөзін арнады.
Сонымен қатар құрметті меймандардың әрбірі осы кештің идея авторы ретінде мектеп директоры Рысбүбі Мәмбетәліқызының ұйымдастырушылық қабілетін ерекше атап өтіп, айрықша алғыстарын жаудырды. Ал өз кезегінде мектеп басшысы қонақтарға алтындай уақытын бөліп келгендеріне ұжымның атынан ризашылығын білдіре келе, Қаныш Имантайұлын зерттеу жұмысы алдағы уақытта жүйелі түрде жалғасатынын жеткізді.
«Рухы биік ұлы перзент» атты кештің нүктесі әсем әнмен түйінделді. Шараның соңында өнерпаз оқушылар мен ұстаздар қауымы естелік суретке түсті.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.