Қазір ауданымызда да жалпы республикалық «Мектепке жол» акциясы өткізілуде. Елбасының жарлығына сәйкес 2007 жылдан бері басталған осы маңызды іс-шараға биыл он бір жыл толып отыр. Бұл акцияның басты идеологиясы аз қамтылған және көп балалы отбасыларына, жетім және ата-анасының қамқорлығысыз қалған балаларға жаңа оқу жылына дайындық кезеңінде көмек көрсету және әлеуметтік себептер бойынша балалардың мектепке бармауының алдын алу болып табылады. Сонымен қатар, акция барысында мектепке бармайтын балаларды анықтауға, мектепке дайындау бойынша әлеуметтік қорғалмаған отбасынан шыққан балаларға көмек көрсетуге басты назар аударылады. Осы уақыт аралығында республикада мектепке қажет құрал-жабдықтармен 2 млн бала қамтамасыз етілген, бұл мақсатта 17 млрд қаржы жұмсалған. Еліміз бойынша бастау алған қайырым мен мейірімге толы бұл іс-шара биыл да жалғасын табуда.
Аудандық кәсіподақ комитеті жыл сайын республикалық осы акцияға орай кәсіподақ мүшелерінің көпбалалы, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларының балаларына қайырымдылық көмек көрсетіп, мектепке дайындау шараларын ұйымдастырады. Биыл да кәсіподақ комитеті «Алматыгазсервис» АҚ, «Дәулет-серпін», «ДОС», «Айгүл», «Барух аба» жауапкершілі шектеулі серіктестіктері, «Тау самалы Қызмет» мемлекеттік коммуналды кәсіпорыны мен «Қаскелең қалалық жұқпалы аурулар ауруханасы» ұжымдарының көпбалалы, жағдайы төмен 20 отбасы балаларына білім алуына қажетті оқу құрал-жабдықтарын тапсырды. Балалар мен олардың ата-аналарына қуаныш сыйлаған қайырымдылық іс-шара жаңа оқу жылына жақсы көңіл-күй, жаңа қарқын, білімге деген құштарлық, әрбір бала бойына сенім, жанына жігер ұялататыны сөзсіз. Осы бас қосу барысында аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы Сағындық Жылқыбаев көпбалалы, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларының, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға көмек көрсетудін де аса маңызды жұмыс екенін атап айтты.
Ұлт болашағы білімді ұрпақтың қолында екенін ескерсек, теңізге тамызған тамшыдай ғана болған бұл игі іс-әрекеттердің өзі егеменді еліміздің ертеңі үшін жасалғаны белгілі. Ата-аналар да өз кезегінде қайырымдылық, адамгершілікті биік ұстап, кісілікті ту етіп, жылы лебізі мен қол ұшын аямай, қолдан келген жәрдемін ұсынып отырған аудандық кәсіподақ комитетіне үлкен ризашылықтарын білдірді.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.