Қазіргі таңда елімізде кәсіп бастаймын дегендерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі. Оның ішінде «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған қайтарымсыз грант та бар. Оған кәсіпке бет-бұрыс жасаған жандардың барлығы қатыса алады. Ниет білдірушілер бизнес-жоспар әзірлеп, соны ұсынады.
Таяуда Қарасай ауданында аталған көмекті алғысы келетіндерден өтінім қабылдау басталды. Бұл – бірінші лек. Осыған байланысты маусым айының 10-11 күндері аралығында комиссия отырысы өтті. Комиссия мүшелері қатарында оның төрағасы, аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы Сағындық Жылқыбаев, «Atlant Media» ЖШС-нің директоры, аудандық «Naqty» газетінің бас редакторы Атлана Исаева, әлеуметтік кәсіпкер Әсел Жылқыбаева, Орынбай Басарұлы, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Әлия Қилыбаева болды.
Жалпы екі күнге жалғасқан отырыс барысында 143 адам бизнес-жоспарын қорғап, ол бойынша жасаған есеп-қисаптарын көрсетті. Жұмысшы жылы асында көптеген жобалардың ішінде басымдық қолмен жасалатын тауарлар мен әлеуметтік салаға берілді. Комиссия мүшелерін қызықтырған идеялар арасында мүгедектігі бар балаларға арналған мектеп, балаларға арналған дамыту және ойын-сауық орталығы, аудандағы алғашқы йога орталығы, полифасад өндіру, үйдің ауласын гүлдермен безендіруге арналаған темірден жасалған жабдықтар жасау кәсібі, глина мен гипстан теңге салуға арналған түрлі ыдыстар жасап сату жобалары болды.
Екі күндік байқау барысында 143 жобаның 14-і мақұлданып, 14 азамат 400 АЕК көлемінде грантты ұтап алды.
Айта кетейік, «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы шеңберіндегі грант жыл сайын жаңа-бизнес идеяларды іске асыру үшін өтеусіз және қайтарымсыз негізде 400 еселенген айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде беріледі. Ағымдағы жылы грант сомасы 1 572 800 теңгені (айлық есептік көрсеткіш – 3 932 теңге) құрайды.
Оған мүгедектігі бар, «қандас» мәртебесі бар адамдар, өңіраралық қоныс аударушылар, аз қамтылған отбасы мүшелері, көп балалы отбасылар, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырғандар, асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар үміткер бола алады. Жұмыспен қамтылған адамдардың жекелеген санаттарына сәйкес келетін адамдар кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға жіберіледі. Ол үшін қалаушылар business.enbek.kz порталына тіркеліп, автоматты режимде жоғарыда көрсетілген санаттарға сәйкестігін тексеруі тиіс, одан кейін skills.enbek.kz тұғырнамасында «Бастау Бизнес» жобасы шеңберінде кәсіпкерлік негіздеріне оқыту» онлайн курсына қолжетімділік беріледі. Онлайн оқыту курсының ұзақтығы оқу курсы басталған сәттен бастап 14 күнтізбелік күннен аспайды және өтеусіз негізде ұсынылады. Оқыту жеке тәртіппен, оқу материалдарын өз бетінше игеру жолымен жүргізіледі, одан кейін қорытынды тестілеу болады. Оның қорытындысы бойынша оқуды аяқтау туралы электрондық сертификат беріледі.
Курсты ойдағыдай тәмамдағандар жоғарыда айтып өткен байқауға қатысып, комиссия алдында бизнес-жоспарын қорғайды. Сәтті қорғаған жағдайда грант иегері атанады.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ