Еліміздегі төтенше жағдайға байланысты табысынан айырылған азаматтарға Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жәрдемақы беру туралы шешім қабылданды. Осы орайда, әлеуметтік көмекке қол жеткізген қарасайлықтар мемлекеттік қолдауға қатысты өз ойларын білдірді.
1. Сандуғаш Тұрапова (Шамалған ауылының тұрғыны, көп балалы ана)
– Мен өзім 5 қыз өсіріп отырған көп балалы анамын. Елімізде, әсіресе, Алматы қаласында карантин жариялағаннан бері, отбасымызбен үйде отырмыз. Таяуда «Хабар» арнасынан жұмыссыз қалғандарға 42 500 теңге пособие береміз дегенді естіп, қуанып кеттік. Себебі, табыссыз отырған уақытта балаларға қажет заттар, тамақ және тағы басқа керектілер алуға қаражаттың маңызы зор. Жаңалықты естіген соң мен бірден электрондық жүйе «телеграм-бот» арқылы өтініш тастадым, 2-3 күн ішінде жауабы келді. Біраз уақыттан кейін ұялы телефоныма: «ақша Сіздің шотыңызға түсті» деген хабарлама келді. Енді, міне, алған ақшаны керегімізге жаратып жатырмыз.
Осы ретте төтенше жағдайға байланысты біз сияқты отбасыларға мемлекет тарапынан әлеуметтік қолдау ретінде көмек көрсетіліп жатқанына шексіз ризашылығымды білдіремін. Осындай сын сағатта берілген көмек бізге үлкен қамқорлық деп білемін. Ең бастысы, сабырлы болайық.
2. Күлжан Толгайбаева (Шамалған ауылының тұрғыны, жалғыз басты ана)
– Өзім жалғыз басты анамын. Еліміздегі төтенше жағдайға орай табысымнан айырылып қалдым. Содан кейін жұмыстарынан қол үзген адамдарға 42 500 теңге беріледі дегенді естіп, Enbek.kz сайты арқылы өтінім жібердім. «Сіз ала аласыз» деген жауабы кешке келіп, біраз уақыттан кейін шотыма ақша түсті деген хабарлама телефоныма жіберілді. Бұл әлеуметтік төлемақы отбасымызға үлкен көмек болып отыр. Алған қаражатты азық-түлікке, тағы басқа керек-жарағымызға жараттық.
Осындай қиын сәтте халқына көмек берген Мемлекет басшысына үлкен алғысымды білдіремін. Сондай-ақ, күн-түн демей ел үшін жұмыс істеп жатқан дәрігерлерге, полиция қызметкерлеріне өте ризамын.
3. Нұрлыбек Ыдырыс (Қаскелең қаласының тұрғыны, жұмыссыз)
– Төтенше жағдайға дейін мен Алматы қаласында жұмыс істедім. Алайда, карантинге байланысты жұмысымыз жабылып, менің табыс көзім тоқтады. Жалақысыз қалғаннан кейін осыдан біраз уақыт бұрын egov.kz сайты арқылы мемлекет тарапынан беріп жатқан 42 500 теңгеге өтінім бердім және ол бірнеше күннен кейін менің есепшотыма түсті. Мұндай көмек әрине, қуантады. Осындай біз сияқты жұмыссыз қалған адамдарға үкімет тарапынан қамқорлық жасалып отырғанына ризамын. Сол үшін Президентімізге алғысымды білдіремін!
4.Елена Шынжырбайқызы (Жандосов округі әжелер алқасының төрайымы)
– Мен де халқымызды ең бірінші кезекте сабырлылыққа шақырамын. Әрқашанда төзімді бола білу керек. Бұл індет бізге Алламыздың жіберген бір сынағы шығар. Бұдан да өтерміз. Күнде теледидар арқылы басқа елдерде болып жатқан жағдай туралы, қанша адамдардың ауырып, қаншасының қайтыс болып жатқанын, ол жақтағы жағдайдын қаншалықты қиын екенін көріп отырмыз. Құдайға шүкір, бізде ондай үлкен дәрежеде емес. Үкіметіміз біздің жағдайымызды барынша жасап отыр. Мәселен, зейнетақымызға 10 пайыз қосылды, табысынан айырылған адамдарға 42 500 теңгеден беріліп жатыр. Қазіргі қиын-қыстау кезеңде бұл айтарлықтай көмек.
Осындай шараларды жүзеге асырып, қиын кезеңдерде азаматтарына қаржылай жәрдем беріп отырған Мемлекет басшысына шын жүректен алғыс айтамын. Блок-бекеттерде жүріп, біздің амандығымыз үшін күні-түні қызмет етіп жатқандарға да үлкен ризашылығымды білдіремін.
Дайындаған Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.