Осы аптаның бірінші күні Қарасай жерінде аудан әкімі Жасұлан Естеновтың тұрғындар алдында беретін есепті кездесуі басталды. Жоспарға сәйкес өтетін жиынның алғашқысы Бірінші Май ауылдық округінде өтті. Бекболат ауылында орналасқан Қапал батыр атындағы орта мектептің ғимаратында ұйымдастырылған кездесуге аудандық мәслихат депутаттары, бөлім басшылары, аудандық прокуратура, полиция, аурухана секілді мекеме өкілдері мен жергілікті ауыл тұрғындары қатысты.
Жиынды ауданда атқарылған жұмыстардың барысын таныстырудан бастаған аудан басшысы өз сөзінде ауылдың әлеуметтік-экономикалық жағдайы, инфрақұрылымдық мәселелер мен тұрғындардың тұрмысын жақсарту бағытында қолға алынған бастамаларды баяндады.
Бүгінде Қарасай жерінде 375 мың адам өмір сүріп жатса, соның 10 746-сы Бірінші Май ауылдық округінің халқы болып табылады. Округте тіркелген 361 кәсіпкерлік субъект және де өзге атқарылған жұмыстар арқасында аудандық бюджетке 2025 жылдың нәтижесі бойынша 136,0 млн. (101,4%) теңге салық түскен. Сондай-ақ «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша «Қонаев ӘКК» өткізіліп, мақұлданған 112 жобаның үшеуі осы округтің кәсіпкерлеріне тиесілі. Соның арқасында біріншімайлық жеке кәсіпкер Р.Ибишев 156 бас ұсақ мал, А.Қажамбердиева 15 бас жылқы сатып алса, Н.Алибаева таңқұрай өсіру үшін несие алған. Бұл да алдағы уақытта аудандағы кәсіпкерліктің дамуына және де салыққа түсіп жатқан қаражаттың көбеюіне септігін тигізері анық.
Мұнан бөлек ауданның жоспарына округке қарасты Қайнар мен Бекболат ауылдарында медициналық орталық салу кіргізілген. Қазіргі уақытта 50 келушіге арналған екі дәрігерлік амбулаторияның жобалық-сметалық құжаттамасы дайын. Бұл – тұрғындар тарапынан қосымша медициналық нысанның қажеттілігі туралы мәселе көтерілгендігіне байланысты жүзеге асып жатқан жұмыс.
Оған қоса Бекболат ауылында орналасқан ескі Мәдениет үйінің ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын өткізу жоспарланған. Жуырда ауданға облыс басшысы Марат Сұлтанғазиев келіп, аталған нысанның жағдайымен танысып, барынша қолдау көрсететінін айтқан болатын. Қазіргі таңда күрделі жөндеу жұмыстарын бастауға қажетті жобалау-сметалық құжаттама дайын, тек облыстан уақытылы қаражаттың бөлінуі күтілуде. Сонымен қатар, Таусамалы көшесінде балалардың бос уақытын тиімді өткізуе арналған «Street Workout» алаңы салынып, пайдалануға берілді.
Ағымдағы жылы Бекболат ауылында жеке тұрғын үйлердің астынан өтетін су құбырларын көше бойына көшіру үшін бюджеттен ақша бөлініп, осы айда жұмыстар жүргізіле басталады. Қазіргі таңда мердігер ұйымды анықтау үшін конкурс жарияланған. Сондай-ақ Қайнар ауылындағы Бәйтерек көшесінің жоғарғы жағынан арық жүйесін жүргізуге де ақша бөлінген. Аталған жұмыстар жоспарға сәйкес мамыр айында басталады.
Жоғарыда аталғандардан бөлек Бекболат ауылындағы Майбұлақ, Шалқар және Атамекен көшелерін жарықтандыру да мамыр айында бастау алса, Бекболат ауылындағы Бөрібаев, Жаңа ғасыр-1 және Жаңа ғасыр-2 көшелеріне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін мердігер мекемемен келісімшарт жасалып, жұмыстарды сәуір айында бастау жоспарлануда.
Бұл жаңалықтар кездесуге келген халықтың көңілінен шықты. Дегенмен де тұрғындар тарапынан тағы да бірқатар мәселе көтерілді.
Атап айтқанда, Бекболат ауылының тұрғыны өзі тұрып жатқан Жайлау көшесінде орын алып жатқан мәселелер жайлы сөз етті. Оның айтуынша, аталған көшеде сонау Кеңес Одағы кезінде салынған асфальт әлі де ауыстырылмаған. Қазіргі уақытта тас жолдың түгі де қалмай, елдер жаңбырлы кезде балшықпен жүріп өтеді. Оған қоса көшеде мүлдем жарық жоқ, балалар тұрмақ ересектер де түнгі уақытта әрең жүреді. Ал округ әкімі Елдос Мұқатаевтың мәлімдеуінше, биылғы жылы жөндеу жұмыстарынан өткізілетін көшелер тізіміне Жайлау көшесі кіргізілмеген.
Екі жақты тыңдаған аудан әкімі асфальт бойынша бюджетте артық ақша қалса, биыл, қалмаса, келер жылғы жоспарға енгізуді тапсырды. Сондай-ақ ағымдағы жылы өзге көшелердің жарығын жөндеу кезінде мердігер компанияны таңдау үшін ұйымдастырылатын конкурстан артылатын ақшаға жарықты жасап беруді жүктеді.
Аталған ауылдың тағы бір тұрғыны Майбұлақ көшесінде жарықтың жоқтығына шағымданды. Оның үстіне 3-4 айдан бері осы көшеде тұрып жатқан адамдардан электр энергиясы үшін ешкім ақша жинамаған. Енді тұрғындар «ақша төлемеді» деп мамандар келіп, жарықты өшіріп кетеді деп қорқып отыр екен. Бұл сауалға да Елдос Мұқатаев жауап беріп, қазіргі уақытта «Алатау Жарық Компаниясымен» келісімшарт жасасып, электр жүйесін солардың теңгеріміне толықтай ауыстыру жұмыстары мамыр айының 15-нен бастап жүргізіле бастайтынын түсіндірді. Соның арқасында жарық жүйесі ретке келтіріледі.
Келесі сөз алған тұрғын ауыз су мәселесін көтерді. Оның айтуынша, ауыз су бар, қысымы да жақсы, бірақ сапасы нашар. Аққан судың түсі сары, ішуге қорқынышты. Округ тұрғындарының біразын мазалаған сұраққа Жасұлан Естеновтің өзі жауап берді. Аудан әкімінің сөзіне сүйенсек, қазіргі уақытта Бірінші Май округінің тұрғындары жақын жерде басқа судың көзі табылмағандықтан, Жамбыл ауданында орналасқан Қарғалы өзенінің суын ішіп жатыр. Оның сапасы, шын мәнінде, нашарлау. Сондықтан Жамбыл ауданы облыс басшылығымен ақылдаса келе Қарғалы өзеніне суды тазартатын арнайы құрылғы орнату туралы шешімге келіп, бүгінде сол бағытта жұмыстар жүргізіп жатқанын түсіндірді. Яғни, бұл мәселені тек Жамбыл ауданы ғана шеше алады.
Ал Қайнар ауылынан келген тұрғын жаңа құрылыс жақта орналасқан Таусамалы көшесінде асфальтталған жолдың жоқтығы туралы айтып, аудан басшысынан көмек сұрады. Жасұлан Тоққожаұлы қазіргі сәтте ол жаққа асфальт төсеуге қаражат жетіспейтінін, алайда бюджеттегі артық ақшаға уақытша тас төсеп беретінін жеткізіп, мұны округ әкімі Елдос Мұқатаевқа тапсырды.
Өтініш айтқандардың қатарында ауданымыздың мақтанышы, жеңіл атлетикадан көптеген жетістіктерге жеткен, 80 жастағы спортшы Бұлар Мейірманов та болды. Құрметті ардагер жақында ауданда жастар арасында үлкен жарыс өткізгісі келетінін айтып, оны жақсы деңгейде ұйымдастыруға аудан басшысынан атсалысуды сұрады. Жасұлан Естенов ардагердің бұл бастамасына қуана қолдау көрсететінін айтып, соған сәйкес бірқатар бөлім басшыларына тапсырма берді.
Жалпы, жиын барысында жоғарыда айтылғандардан бөлек өзге де мәселелер көтеріліп, округте орын алып жатқан мәселелерді шешуге бағытталған ұсыныс-тілектер айтылып, жан-жақсы талқыланды. Аудан әкімі осы кездесуде тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтардың барлығы да хаттамаға енгізіліп, өз кезегімен шешілетінін жеткізді. Сондай-ақ жиын соңында округ басшысы мен бірқатар бөлім басшыларына айтылған мәселелер бойынша тиісті тапсырмалар жүктеді.
Ақтоты
МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
