Қазақстан Тәуелсіздігінің тірегіне айналған Конституцияның мемлекетіміз бен қоғамымыз үшін мән-маңызы айрықша үлкен. Біз осы Негізгі Заңмен еңбек етіп, өмір сүреміз, өзара қарым-қатынасымызды реттейміз. Кеше орталық Мәдениет үйінде Қазақстан Республикасы Конституциясының күні салтанатты түрде аталып өтті. Алдымен аудан әкімі Жандарбек Далабаев сөйлеп, осынау ұлық мерекенің мән-маңызына жан-жақты тоқталды.
– «Ата заң» аталып кеткен мемлекетіміздің басты құжаты – Конституция, – деді атап айтқанда аудан басшысы. – Ол, шын мәнінде, еліміздегі барлық заңдардың бастауы және сүйенетін негізгі түп тірегі саналады. Конститутция – біздің мемлекетіміздің алтын діңгегі. Мемлекеттің негізгі құндылықтары – тәуелсіздік, бейбітшілік пен тұрақтылықтың кепілі. Ата заң – Қазақстанның әлемдік өркениетке батыл қадам басуының алғы шарттарын жасап берген жасампаз құжат. Конституция тәуелсіз Қазақстанның даму жолын айқындап берді, мемлекетіміздің берік негізін қалады. Қарасай ауданы тұрғындары да Конституция күні мерекесін айтарлықтай табыстармен қарсы алуда. Халқымыздың әлеуметтік жағдайын жақсартуға арналған басты бағдарламалары толығымен жүзеге асырылуда. Ауданымыздың ынтымағы жарасқан көпұлтты ортақ шаңырағында бақыт пен шаттық жарасымын тауып отырғанына өздеріңіз куәсіздер. Баршаңызды Қазақстан Республикасы Конституциясы мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Мәңгілік ел атануға ұмтылған көп ұлтты еліміздің ынтымағы артып, береке-бірліктің арқасында жаңа табыстарға жете берейік!
Келесі кезекте Жандарбек Ермекұлы ауданның өркендеуі жолында атқарып отырған белсенді қызметі үшін өз атынан бірқатар аудан азаматтарын Құрмет грамотасымен, Алғыс хатпен марапаттап, ізгі тілегін білдірді. Конституция күні мерекесіне арналған салтанатты шара әрі қарай аудандық Мәдениет үйінің дайындаған концерттік бағдарламаға жалғасты. Сүйікті Отан, егемен ел, туған жер тақырыбын арқау еткен әншілер патриоттық әндер шырқаса, ұлттық аспап домбыраның шанағынан төгіле күй шертіліп, мың бұралған қыздардың орындауында әдемі би биленді. Шараның соңы «Үшқоңыр» фольклорлы-этнографиялық ән-би ансамблінің орындауындағы рухты әуенмен түйінделді.
Бұрым ОРЫНБАСАР.