Ұлттық нақышты жандандырып, бүгінгі заман талғамына сай кең етек, бүрмелі көйлектерімен елге танылып жүрген белгілі сәнгер Аида Кауменованы отандастарымыз ғана емес, шетелдіктер де жақсы таниды. Аида Кауменова «Алтын сапа» президенттік сыйлығының иегері, «Люкс класының отандық дизайнері» аталымы бойынша «Luxury Lifestyle» халықаралық сыйлығының лауреаты. Ұлттық, этникалық стильді жаңғыртып жүрген сәнгер «Kazakhstan Fashion Week» және басқа да шетелдік сән апталықтарына үнемі қатысып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленіп жүр. Табысты да талантты дизайнер, керемет туындылардың авторы Аида Кауменовамен 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында сұхбаттасқан болатынбыз.
– Аида Мұратқызы, алдымен сән әлеміне қалай келдіңіз және бұл бағыттың өзіңізге жақын екенін қашан түсінгеніңіз жайлы айтып берсеңіз.
– Мен арманым суретші болу еді. Театр институтының (ол кезде солай аталды) көркемөнер факультетіне түсуді армандадым. Алайда мектеп бітірер кезде әкем суретші болу оңай емес екенін, қыз балаға киім дизайнері, яғни конструктор-модельер болған жарасатынын айтты. Міне, сөйтіп әкемнің айтқанын екі етпей, Алматы технология университетінің тігін өнімдерін құрастыру-сәндеу факультетіне түстім. Осы таңдауыма еш өкінбеймін. Алматы технология университеті мен Италия Сән мектебінің біріккен жобасының жеңімпазы атанып, Италияның Урбино қаласындағы «Schola di Carlo Bo» сән мектебінде білім алу мүмкіндігі туды. Бұл жерде мен белгілі сәнгерлерден дәріс алып, көп нәрсе үйреніп шықтым. Десек те, дәл сол жат елде «Мен неге ұлттық бедеріміз сақталған киім үлгілерін тікпеймін?», «Неге отандық сән әлемін дамытуға өз үлесімді қоспаймын?» деген ойлар мазалады. Сөйтіп, оқуымды тәмамдап, елге оралған соң Батыстық сән үлгілерінен кем түспейтін, ұлттық нақыш сақталған киім тігуді қолға алуды мақсат еттім. Менің сән әлеміне келуімнің өзі Отанға, елге деген махаббатымнан деп білемін. Сондықтан мен киім үлгілері арқылы қазақ қызына тән инабаттылық, ұяңдық, ата-дәстүрге деген құрметті көрсеткім келді.
– Барлығымыз үшін ең бірінші жасаған заттарымыз ерекше ыстық болады. Ал, Сіздің ең бірінші «Aida Kaumenova» брендімен шыққан алғашқы киіміңіз есіңізде ме? Қай кезден бастап брендіңіз нарыққа жол тартты?
– Биыл менің осы кәсіпті бастағаныма 18 жыл толады екен. Бүгінде Алматыдан бөлек, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Атырау, Ақтау қалаларында дүкендеріміз бар. Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары отандық киім өнеркәсібі тоқтап қалды. Бұған нарықтағы тоқырау да өз әсерін тигізді. Отандық өнім болмаған соң, халықтың жатжұрттық елдерге еліктегені де рас. Алайда жыл өткен сайын көпшіліктің талғамы да өзгеріп келеді. Қандай өнім шығарсақ та, одан ұлттық тарихымыз, дәстүріміз көріне білу керек деп ойлаймын. Себебі біз ата-бабамыз қалдырған әдет-ғұрыптарды сақтап қана емес, оны келешек ұрпаққа жеткізе білуіміз керек. Мен бұл кәсіпті бастап, дизайнер ретінде қолға ала бастағанда біздің елде отандық өнімді сапасыз, ал еуропалық киімдер жоғары сапалы деп ойлайтын. Әрине, бір-біріне ұқсамайтын ерекше этно-стильдегі киімдерді сатылымға шығара бастағанда сұраныс жоғары болды дей алмаймын. Дегенмен, мен қазақстандықтардың отандық өнімдерге көзқарасын толық өзгерттім десем болады. Жалпы, еліміздегі жоғары сапалы, сұранысқа ие киімдер топтамасының деңгейін дамыттым деп айтуға негіз бар. Өйткені қазір көп адамдар ұлттық киімдерді тек тойда немесе Наурыз мерекесінде ғана кию керек деген жаңсақ пікір қалыптасқан. Тіпті, кейбіреулерден «жасым ұлғайғанда киемін. Шапанды бата берген аталар, камзолды әжелер киеді. Қолдан-қолға өтіп жүретін сыйлық қой» – дегенді жиі еститінмін. Мен сол стереотипті бұзып, күнделікті өмірге арналған, ұлттық нақыштағы оюлармен өрнектелген көйлектер мен шапандарды нарыққа шығардым.
– Ұлттық нақыш сақталған киімдеріңіз бен әшекейлеріңіз көпшіліктің арасында сұранысқа ие. Тіпті, көптеген концерттерде, кейбір бейнебаяндарда Сіздің киімдеріңізді бірден тануға болады. Көп дизайнер бастай бермейтін заманауи этно-стильдегі киімдерді тіге бастағанда сатылмай қалады деп қорықпадыңыз ба?
– Жоқ, қорыққан жоқпын. Өйткені өзімді бұл бағытта киім тігетін профессор дизайнермін деп аламын. Менің киімдерімнің ерекшелігіне тоқталсақ, оның сәнді де ыңғайлы болуында. Сәнді киіну үшін жалтылдаған көйлек кию міндетті емес. Тігісі жатық қарапайым көйлекпен де әдемі көрінуге болады. Мен ұлттық нақышты пайдалана отырып, қарапайым әрі әсем киім үлгілері арқылы да сәнді болуға болатынын көпшілікке жеткізгім келді. Егер менің еңбектерімді бірден танып жатсаңыздар, бұл мен үшін үлкен жетістік. Мен өз киім үлгілерім арқылы қазақ қызының бейнесін, қазақтың тарихынан сыр шертетін дәстүрін сомдағым келді. Сондықтан мен өзіндік қолтаңбамды қалыптастыра алдым деп толық айта аламын. Италиядан оқып келгенімде, көпшілік менен шетелде жұмыс істегің келе ме деп сұрай бастады. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз елінде ұлтан бол» демекші, елімді тастап шетелде танымал болуды мұрат қылмадым. «Отан – оттан да ыстық» деген осы шығар. Керісінше өзіміздің ұлттық құндылықтарымызды шетел сахнасына дәріптегім келді. Мен үшін елімнің дамуына, көркеюіне өз еңбегімді сіңіруден артық ешнәрсе жоқ. Тағы бір айта кетерлігі, кейде шетелден келген қонақтар да сән үйіме бас сұғып, ұлттық ою-өрнектеріміз бедерленген көйлектер мен әшекейлерге таңданып жатады. Бұл мен үшін мақтаныш.
– Қазіргі уақытта жылына сатылымға екі коллекция ұсынып жүрген дизайнерсіз. Жалпы, идея қалай туындайды. Шығармашылық тоқыраумен қалай күресесіз?
– Сән әлемінде көктем-жаз, күз-қыс деген екі мезгіл болады. Себебі менің коллекцияларымда тек ұлттық нақыштағы ғана емес, күнделікті өмірге арналған жастарға, кәсіпкер әйелдерге арналған киімдер бар. Дизайнерде шабыт болу үшін толассыз еңбектену керек. Табыстың кілті – ешқандай үзіліссіз күнде жұмыс істеу ғана. Мен «Бір коллекция шығардым, осының өзі жетер» деп бір орнында тұрып қалмаймын. Күнде сурет сала берсең шеберлігің шыңдала береді. Ал, идеяға келгенде, кез келген жерде, жолда кетіп бара жатқанда өзіме ұнаған нәрсені суретке түсіріп аламын. Адамдармен көп сөйлесемін, тұтынушылармен Керібайланыс орнатып, олардың ұсыныс-тілектерін назарымыздан тыс қалдырмаймыз. Қолымда үнемі қойын дәптерім жүреді. Өзіме ерекше көрінген дүниені дәптеріме түртіп қоямын. Осының барлығы кейін ортақ туынды болып шығады.
– Шығармашылық процестен бөлек материалдық жағын да ойлау керек. Мұндай ауқымды кәсіпті жүргізу Сіз секілді сұлу нәзік жандарға оңайға түспейтіні белгілі. Жалпы, даму жолыңызда қандай қиындықтар орын алды? Мемлекет тарапынан бұл салаға қолдау көрсетіледі ме?
– Шетелдік киім-кешектердің ешқандай кедергісіз елімізге кіруіне мемлекет мүмкіндік беріп қойған. Қазір сапалы болсын, болмасын әлемнің түрлі елінен киімдер ағылуда. Ал біз өнімімізді Қазақстанда шығарып, үлкен салық төлейміз, орынды жалға аламыз, тауарды шетелден алдырамыз. Қазақтардың тарихына үңілсек, біздің ұлтымыз өзге өнеркәсіпті дамытқанымен, ешқашан мата жасамаған. Әлі де осы сала елімізде кенжелеп келеді. Барлық мемлекеттер матаны Қытайдан, Түркия елінен алады. Болашақта жоғары сапалы маталар шығаратын зауыттар болады дегенге сенімім мол. Дегенмен біз қазіргі уақытта матаны шетелден аламыз. Өзге елдегі саяси шиеленістердің әсерінен доллар бағамы күн санап жоғарылауда. Сондықтан отандық кәсіпкерлер тауарларын кеденнен өткізетін кездегі төленетін салықтық алымдарды төмендетсе, біз үшін бұл үлкен көмек болар еді. Алайда мұны сылтау етіп біз қол қусырып отырған жоқпыз. Егер сапалы, мінсіз тігілген киімдерді ұсынсақ оларды алатын адамдарда табылады. Дағдарыстың салдарынан біздің біраз клиенттеріміз өзгергені рас. Бірақ біздің сән үйімізге деген сұраныс әлі сол қалпында.
– Аида ханым, үнемі тігісі қиын келетін күрделі маталармен жұмыс істейсіз және көбінесе киімдеріңіздің барқыт матасынан тігетін секілдісіз. Неліктен мұндай маталарға қызығушылығыз ерекше?
– Ауырдың астымен, жеңілдің үстімен жүретін дизайнерлердің қатарынан емеспін. Маған қиын маталармен жұмыс істеген ұнайды. Біздің сән үйіміз барқыттан киім өндіруді тұңғыш рет бастап, оны сәнге айналдыра білді. Менен кейін қазір көптеген дизайнер барқытпен жұмыс істейтін болады. Бұрын қазақ әйелдері барқыттан көйлек киюден ұялататын. «Мұны жасы келген апалар кимейді ме?» деп, тігіп берген көйлегімізден бас тартатын ал, қазір біз оны жастар қуана құлшына киетін мата түріне айналдырдық. Бір жағынан біз барқыттың ең жоғары сапалы түрінен ғана көйлеу тігеміз. Оның бағасы да арзан емес. Барқыт қазақ халқынан жақын, бұрыннан қыз-келіншектер киіп үйренген мата. Соны өзіміз қолдап, тіпті, барқыттан тігілген коллекцияларымызды әлемдік нарыққа шығардық. Қазақтар өз табиғатынан неге ұялатынын түсінбеймін. Әлем тарихына сүйенсек, барқыттан көйлек киюге тек патшалар әулеті лайық болған. Ал біз оны «қазақтың көнеден келген қалың матасы» деп менсінбейміз. Ата бабамыздан келе жатқан дәстүрлер мен қазақтың құндылықтарын жақсы түйіп өстім. Сондықтан қазаққа тән, әрі қазақ қыз-келіншектеріне жарасымды келетін киім үлгілерін жасай аламын. Қазіргі қазақстандық әйелдердің киімге көзқарасын өзгерте алдым деп ойлаймын.
– Аида ханым, бизнестегі бәсекеге қалай қарайтыныңызды айтсаңыз. Біздің елде шынымен де лайықты сәнгерлер бар ма? Сіз өз идеяларыңызды басқа дизайнерлердің киімдерінен қаншалықты жиі көресіз және сән индустриясындағы плагиатты анықтау мүмкін бе?
– Иә, қай салада болмасын бәсекелестік болу керек. Өйткені ол кәсіптің әрі қарай дамуына септігін тигізеді. Мен алдағы кедергілерден, жаңашылдықтан қорқатын адам емеспін. Егер жан-жағыма қарайласам, әрі қарай дамымайтын едім. 18 жыл нарықта үзіліссіз өз өнімдерімді шығармас едім. Қазір елімізде көп талантты дизайнерлер шығып жатыр. Мен еңбектерін жіктеп, жекелей қарай бермеймін. Сондықтан менің басты бәсекелесім ол – өзім. Себебі, жылдар бойы жинаған абыройым мен шығарған сапалы өнімдерімнің арқасында менің тұрақты тұтынушыларым бар. Оларға қайта-қайта өткен мезгілдегі коллекцияларды ұсына бермеймін ғой. Тұтынушыларымды жыл сайын мен таң қалдыруым керек. Қазір ұжымда бес дизайнер жұмыс істейді. Оның бірі компьютерде отырып менің ойлап тапқан идеяларымды электронды форматқа түсіреді, екі дизайнер өндіріс орнында жұмыс атқарады, төртіншісі менімен бірге жаңа топтамаларды жасауға көмектеседі, бесіншісі тұтынушылармен байланыс орнатады. Осылайша өзіміздің атқаратын жұмыстарымызды жүйеге келтіргенбіз. Біз өткенімізге қарап дамып, бұрын жіберген қателіктерімізді қайталамауға тырысамыз.
– Шығармашылық жоғары бағалануы керек. Дегенмен киімдеріңізді жаппай нарыққа қолжетімді бағада сату ойыңызда бар ма?
– 18 жыл бұрын мен нарыққа өз өнімдерімді шығарғанда өте қымбат бағада шығарғаным біздің ұлттық киімдер жоғары бағалану керек деген ойда болдым. Ал қазір бес-алты жыл болды біздің өнімдердің ішінде қолжетімді бағада киімдер қарастырылған. Әрине, ерекше үлгідегі, өрнектері кестеленген, қол жұмысын өте көп қажет етілген киімдер қымбат болуы, еңбектің бағалануы заңдылық. Дегенмен менің коллекцияларымның ішіндегі күнделікті өмірге арналған көйлектер 55-65 мыңнан басталады. Ал, спорттық киімдер 15 мың теңгеден басталады. Ел арасында кең танымал жоғары сапалы Түркиядан келген киімдері біздің дүкендерден артық болмаса кем түспейді. Сонымен қатар, олардың киім үлгілері біздің болмысқа келетіні де келмейтіні де бар. Мен маман ретінде айтайын әр ұлттық өзіне тән дене бетімі болады, біздің ұлтымыз да сол сияқты өзгеше. Сондықтан мен қазақы әйелдердің болмысына, дене бітіміне келетін көйлектерді, шапандарды тігіп шығарамыз. Нарықты әрдайым зерттеп отырамыз, тұтынушылардың сұранысы біз үшін басты назарда. Қазір киім үлгілерімнің бағасы аса қымбат та, арзан да емес деп айта аламын. Себебі біз өнімнің сапалы болуын басты орынға қоямыз. Доллар бағамы күн санап өсіп жатыр, ал, біздің өнімдер теңгемен сол қалпында сатылуда. Алдағы уақытта көптеген өзгерістер орын алуы мүмкін. Барлығы уақыттың еншісінде дер едім.
– Жас дизайнерлерге, осы саланы бастағысы келгендерге қандай ақыл кеңес бересіз? Қандай қиындықтар болуы мумкін?
– Өмірде жеңіске жеткен, табысты адам кейін өз баласына да жақсы үлгі бере алады. Ұрпақтар сабақтастығы осылайша жүзеге асады. Мейлі баласы басқа кәсіптің тізгінін ұстаған болса да, ең қажетті қасиеттерді ата-анасынан сіңіре алады. Егер әр адам өз ісінің маманы болып, алдына қойған мақсат, міндеттерін лайықты деңгейде атқаратын болса, ол қоғамның өркендеуіне септігін тигізер еді. Сол тәрізді әр адам өзін дамытып отырса, ол мемлекетті де дамытуға үлкен үлесін қоса алады. Менің байқағаным, біздің қазақ халқы еліктегіш, әрі тез үйренгіш. Сондықтан кез келген саланы оп-оңай алып кетеді. Десе де әрбір саланың өзіне тән қиындықтары болады. Болашақ әріптестеріме айтарым үйренуден, оқып-білуден жалықпаңыз. Заман ағымына қарай жаңашылдықты зерттеп, қажеттеріңізге қарай пайдаланыңыздар. Қазір жас дизайнерлерді көріп жатамын, жақсы таланты бар, білімі бар, бірақ сол бұрынғы деңгейде қалып қалған. Олай болмайды ғой, алға қарай өсіп дамуымыз керек. Жастық жалынды жақсы жағына пайдалаңыздар.
– Әңгімеңізге рахмет! 8 Наурыз Халықаралық нәзік жандылардың мерекесімен Сізді шын жүректен құттықтаймын.
Сұхбаттасқан Бұрым ОРЫНБАСАР.