Мемлекет басшысы жыл сайынғы Жолдауында аграрлық-өнеркәсіп кешенін цифрландыру оның серпінді дамуының кепілі болып табылатынын алға тартуда. Сонымен қатар, Елбасымыз бұл саладағы еңбек өнімділігін арттырып, ауылшаруашылық өнімдерін экспорттаудың көлемін кемінде 2,5 есе арттыру жөніндегі жұмыстарды міндеттеуде.
Біздің ауданымыздағы АӨК-ті цифрландыру аясында «Қаскелең тәжірибе шаруашылығы» ЖШС базасы «Нақты егіншілікті дамыту үшін инновациялық агротехнологиялық паркі» атты пилоттық жобасын құрған болатын. Бұл бастаманың қаншалықты нәтижелі болып жатқандығын көру мақсатында жақында ауданымызға Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары, Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев келіп, жүзеге асырылып жатқан жұмыспен толық танысып кетті.
Сонымен, Өмірзақ Естайұлы аталмыш пилоттық жоба аясында жаңа инновациямен егілген жүгері, соя, жаздық бидай және арпа алқабын көріп, аралады. Атап айтсақ, онда электронды жер картасы, нақты метеодеректер, сенсорлар мен датчиктер, жоғары ажыратымдылықтағы камералармен жабдықталған әртүрлі ұшқышсыз ұшақтарды пайдалана отырып аэрофототүсірілім жасау, космомониторинг, параллельді жүргізу жүйелерін пайдалану мен қашықтан басқару технологияларын іске асыруда. Мұндай технологияларды енгізу ауыл шаруашылығында басқарудың жаңа деңгейіне көшуге мүмкіндік беріп, телеметрия және қашықтан кіру жүйелері, қысқа уақыт ішінде үлкен аумақтардан әртүрлі мәліметтерді алуға, талдауға және технологиялық үдерістер мен операцияларды түзету бойынша уақтылы шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді екен. Жалпы, бұл бастама 6 ірі ғылыми институттар консорциумы негізінде 1630 га жер көлемінде сұранысқа ие ауыл шаруашылығы дәнді-дақылдарын өсіріп-өндіру бойынша құрылған.
Барлық мән-жаймен толық танысқан ауылшаруашылығы министрі осы бастама бойынша Қаскелең тәжірибе шаруашылығының қызметкерлеріне сәттілік тілеп, көкейіндегі сұрақтарына жауап берді.
Бақдәулет ТАЛИПОВ.