Облыс орталығынан шалғай биік таулы өңірге қоныстанған Кеген ауданының әл-ауқатын көтеретін, ырысын кіргізіп, берекесін арттыратын, тынысын ашатын басты сала – ауылшаруашылығы. Таулардың қойнау-қойнауына қоныстанған ел мен жұрт төрт түлік малымен күндерін көруде. Суармалы егістік жерлері бар өңірлерде дәнді дақылдар, картоп, көкөніс өсіріледі. Бұл саланың түйінді жайлары да жетіп-артылады. Өткен жылдың нәрлі нәтижелері де жоқ емес. Осыған орай Кеген аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Жасұлан Өмірзақовпен әңгімелескен едік.
– Жасұлан Әбдірасылұлы, дәл осы ауылшаруа-шылығы саласы бойынша өткен жылдың қортындылары қалай болды?
– Өткен жылы ауылшаруашылығы саласы бойынша жалпы өнім көлемі 37 миллиард 756 миллион теңгені құрады. Себілген күздік және жаздық дәнді дақылдар орылып, 12730 тонна өнім жиналды. Әр гектарға шаққанда 23,1 центнерден өнім алынғанын айта кету керек. 19575 гектар көп жылдық шөптен және 20419 гектар табиғи алқаптардан 144781 тонна мал азығы дайындалды. Оның ішінде 23150 тонна шөп көрші аудандардан сатып алынып, мал қораларына жеткізілді. Биылғы жыл үшін аудан бойынша 2650 гектар күздік бидай себілді. Күздік алқаптар жақсы көтеріліп келеді. Рас, ауылшаруашылық жұмыстарын өз деңгейінде, толыққанды жүргізу үшін жаңа трактор, техниканың берері көп. Ауылшаруашылық техникаларын жаңарту мақсатында өткен жылы 76 100 мың теңгеге 21 техника сатып алынды. «КазАГРО» қаржылай қолдау қоры арқылы лизингке 9 техника, шаруа қожалықтарының өз қаражаты есебінен 12 техника алынды. Ауданымыздың аумағындағы пайдаланылмай, дәлірек айтқанда, егістік мақсаттағы жерлерін толыққанды игере алмай отырған шаруа қожалықтарына қолдау, көмек беру мақсатында облыстық әкімдіктің тікелей қолдауымен Қарқара ауылдық округіндегі «Мәди» шаруа қожалығы негізінде Оразалы Омаров басқаратын «Жігер» атты сервистік дайындау орталығы құрылып, былтырғы жылдан бері қарай жұмыстарын жүргізіп келеді. Аталған сервистік дайындау орталығы 299 миллион теңгеге 31 трактор, ауылшаруашылығына қажетті техникалар алды. Орталық өткен жылдың ауқымында аудан бойынша игерілмей жатқан 500 гектардан астам алқапты жыртып, тырмалап, биылғы көктем егісіне дайындап қойды. Енді олар көктемгі егіс жұмыстарына да қолдау көрсетеді.
– Биылғы көктем егісінде алға қойып отырған мақсаттарыңыз қандай?
– Ауданымызда жалпы 35450 гектар егістік жер болса, оның ішінде 30915 гектар жер пайдаланып келеді. Биылғы көктем маусымында 6800 гектар жерге арпа егіліп, 2465 гектар жерге картоп, 300 гектар жерге көқөніс отырғызылады. Мұның сыртында 2650 гектар жерге себілген күздік бидай, 20150 гектар көп жылдық шөп алқаптары бар. Мазасыз маусымда «Қарқара өнімдері» ЖШС-і 700 гектар, «NAC PRODUCT» ЖШС-і 1120 гектар, «Райымбек НАН» ЖШС-і 605 гектар, «Кеген АГРО» ЖШС-і 500 гектар жерге арпа себетін болады. Биыл егіс ертелеу басталды. Наурыздың 25 жұлдызынан бастап жер жырту жұмысы қолға алынған. Соңғы аптаға дейін аудан бойынша 1439 гектар жер жыртылып, 340 гектар алқапқа дән себілді. Бұл маңызды науқан Кеген, Шырғанақ, Жалаңаш ауылдық округтерінде ұйымшылдықпен жүргізіліп келеді. Биылғы көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге 220 тонна жанар-жағар май бөлініп, қосымша 400 тоннаға өтінім берілді.
– Жайылымдық жерлер туралы қандай жұмыстар орын алуда?
– Ауданымызда өзекті мәселелердің бірі – дәл осы жетіспей жатқан жайылымдық жерлер болып табылады. Ауыл тұрғындарының жеке аулаларындағы төрт түлік малға қажетті жайылымдық жерлерді қамтамасыз ету үшін елдімекендердің аумағына орналасқан жайылымдардан мал бадасы үшін 38427 гектар жер, жайлаулардан 19753 гектар жайылымдық жерлер аудан әкімінің арнайы қаулысымен бекітіліп, резервке қойылды. Барлығы 58180 гектар жерді заңдастыру үшін 54,2 миллион теңге қаражат бөлініп, тиісті жұмыстары аяқталатын болады. Өткен жылы ауылшаруашылық мақсатындағы жерлерді түгендеу жұмыстарын жүргізу барысында пайдаланылмай жатқан 3812 гектар жер ауданның жер қорына қайтарылды. 6 ЖШС-нің өз мақсатында пайдаланылмай жатқан 16593 гектар жайылымдық жерлерінің бары анықталып, облыстық жер ресурстарын басқару департаментіне жолданды. Мұның сыртында 7073 гектар жайылымдық жерлер анықталып, мемлекеттік мұқтаждық үшін қайтарып алуға жұмыстар жүргізілуде. 2723 гектар жер телімдері конкурс арқылы ауыл тұрғыдарына үлестіріліп берілді.
– Аудандағы су келетін каналдардың жайы қалай?
– Ауданымызда 10 канал бар. Каналдар арқылы суарылатын жер көлемі 9198 гектар жерді құрайды. Аталған каналдарды күрделі жөндеуден өткізуге қажетті құжаттар толығымен дайындалды. Құрылыс жұмыстарына жалпы көлемі 5 миллиард 34 миллион теңге қажет болып отыр. Былтырғы жылы 1 миллиард теңге қаражат бөлініп, жұмыстар басталды. Каналдарды күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары биылғы жылы да жалғасады. Бірінші кезекте жалпы көлемі 4661 гектар жерді қамтамасыз ететін Құмтекей, Қарқара, Мөңкебай каналдарын жөндеу қажет болып отыр. Таулы өңірімізде жайылымдық жерлерді суландыру мақсатында яғни, малшы отарларының арасына тартылатын құбырлардың құжаттары толығымен дайындалды. Жоба құны 2 миллиард 43 миллион теңгені құрайды. Өткен жылы 1,8 миллиард теңге бөлініп, жалпы көлемі 214 шақырымды құрайтын 13 бассейн, 90 құдық бойынша жөндеу жұмыстары қолға алынды.
– Көктемгі төл алу науқаны басталып жатыр. Бұл туралы не айтар едіңіз?
– Ауданымызда 54334 бас іріқара, 210659 бас қой-ешкі, 30549 бас жылқы бар. Сәуір айынан бастап 104707 бас саулық төлдетілуде. Алғашқы нәтижелер жаман емес. Жалпы, әр жүз басқа шаққанда жүзден қозы алынуда. Мұның сыртында таулы өңірімізде 25565 бас сиыр, 12889 бас бие бар. Одан да көңілдегідей төл алынады деп күтілуде.
– Реті келгенде, асыл тұқымды мал өсірумен айналысатын құрылымдар туралы айта кетсеңіз?
– Ауданымызда 6 асыл тұқымды шаруашылық жұмыс істейді. «КазМЯСО» ЖШС-де 4200 бас ет бағытындағы «Ангус Абердин» атты асыл тұқымды іріқаралар өсірілуде. «Көлсай құрылыс» ЖШС-і 600 бас асыл тұқымды «Әулиекөл» іріқараларын бағумен айналысуда. Сонымен қатар, «Сенім» шаруа қожалығы 3000 бас архар-меринос қойын, «Дархан» шаруа қожалығы 2500 бас архар-меринос қойын, «Құмтекей» шаруа қожалығы 2100 бас архар-меринос қойын, «Тантыбай» шаруа қожалығы 2100 бас архар-меринос қойын өсіруде. Өз төлі есебінен көбейтуде. Үкіметіміздің бағдарламасына сәйкес мал тұқымын асылдандыру негізінде 4800 бас іріқара малдарын түрлендіруге байланысты жұмыстар атқырылуда. Ауыл тұрғындарының іріқара малдарын қолмен ұрықтандыруға байланысты СПК «Жетісу» арқылы жұмыстар жалғасады.
– Ортақ әңгімеңізге көп-көп рахмет! Биылғы көктемгі дала жұмыстары сәтімен аяқталып, қамбамыз дәнге тола түссін!
Сұхбатты жүргізген Қанат БІРЖАНСАЛ.