- АЛИК ШПЕКБАЕВ: БАРЛЫҒЫ БАСШЫ БОЛУҒА ҰМТЫЛАДЫ, БІРАҚ КЕЗ-КЕЛГЕНІ ҚАРАМАҒЫНДАҒЫ ҚЫЗМЕТКЕРІ ҮШІН ЖАУАПКЕРШІЛІК АЛУҒА ДАЙЫН ЕМЕС
«2020 жылы қарамағындағы қызметкерлердің сыбайлас жемқорлық әрекеттері үшін 6 саяси қызметші отставкаға жіберіліп, 9 саяси қызметкер, сондай-ақ әкімшілік мемлекеттік қызмет лауазымындағы 39 басшы және квазимемлекеттік сектордың 5 топ-менеджері тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Отставкалар туралы жаңалықтар азаматтар мен БАҚ-тың жіті назарында екенін ерекше атап өткім келеді. Барлығы басшы болуға ұмтылады, бірақ кез-келгені қарамағындағы қызметкері үшін жауапкершілік алуға дайын емес. Отставкаға кету туралы жай өтініш беру және іс жүзінде отставкаға кету – екі түрлі әрекет. Жиі берілетін ескертулер мен сөгістер азаматтардың тек ашуын туғызады. Сондықтан, заңмен қоса моральдік-этикалық қағидаттарды да басшылыққа алатын уақыт келді.
Осы тұрғыда біз кеңесіп, Агенттік қызметкері сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылыққа жол берсе оның тікелей басшысын атқаратын лауазымынан бірден босату туралы шешім қабылдадық. Тек басшылар сыбайлас жемқорлық фактісін өз бетінше анықтап, жолын кескен жағдайларда ғана қолданылмайды».
- ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТТІ ЕНГІЗУ ЕСЕБІНЕН НҚА ЖОБАЛАРЫНА ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ САРАПТАМАНЫҢ ТИІМДІЛІГІ АРТАТЫН БОЛАДЫ
«Жаңа форматта сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптамадан 3,5 мыңнан астам НҚА жобасы өтті. Бұл ретте тәуелсіз сарапшылардың күшімен 7,5 мыңнан астам сыбайлас жемқорлық олқылықтары анықталды.
Осыған орай, орталық және жергілікті атқарушы органдардағы барлық әріптестеріме айтатыным: шенеуніктерге өз бетінше шешім қабылдауға мүмкіндік беретін нормаларды екі түрлі түсіндіруді пайдалану тәжірибесін тоқтату қажет. Құқықтық қақтығыстарды тудыратын бұлыңғыр және дискрециялық тұжырымдар өткен шақта қалуы тиіс. Біз өз тарапымыздан сараптаманың тиімділігін дәйекті түрде арттыратын боламыз, соның ішінде жасанды интеллектті енгізу есебінен», — деді Антикор басшысы.
- АНТИКОР БАСШЫСЫ: ПАНДЕМИЯ ЖАҒДАЙЫНДА ЖЕКЕЛЕГЕН АРСЫЗ ШЕНЕУНІКТЕР МЕН ТОП-МЕНЕДЖЕРЛЕР ӨЗ ЛАУАЗЫМДАРЫН ТАБЫСТЫ ЖЕКЕ БИЗНЕС КӨЗІ РЕТІНДЕ ҚАБЫЛДАДЫ
«2020 жыл – адамзат тарихындағы ең ауыр кезеңдердің бірі. Барша әлемдегі мемлекеттік аппарат азаматтардың сенімінен жаппай айырылып, бұрын-соңды болмаған дағдарысқа тап болды.
Пандемия кезінде халық билікке үміт артып, қамқорлық пен көмек күтіп отырғанда кейбір арсыз шенеуніктер мен топ-менеджерлер заңнан да,
Құдайдан да қорықпай, лауазымын «қалтасын толтыруға» пайдаланып, жүйелі түрде пара алып, бюджет қаржысын жымқырды. Менің ойымша, өз халқының қайғы-қасіреті арқылы баю – сатқындық пен адам өлтіруге тең!
Пандемиямен байланысты 100 қылмыстық іс тіркелді, оның жартысына жуығы – дағдарысқа қарсы бөлінген қаражатты жымқыру.
Біз 100 қылмыстық іс тіркедік, олардың жартысына жуығы дағдарысқа қарсы шараларға бөлінген қаражатты жымқыру. 2 млрд теңгеден астам сомаға қымбат бағаға 132 ӨЖЖ аппаратын сатып алу фактілерінің жолы кесілді».
- ПАНДЕМИЯ КЕЗІНДЕ ЕРІКТІЛЕР МЕН ҚОҒАМ БЕЛСЕНДІЛЕРІ БІР ЖАРЫМ МЫҢ МОНИТОРИНГ ІС-ШАРАЛАРЫН ЖҮРГІЗДІ
«Президент тапсырмасына сәйкес барлық өңірде волонтерлер мен қоғам белсенділерінің арнайы топтары мың жарым мониторинг жасап, 10 мың дәріхана, медициналық мекемелер мен қоймаларды қамтыды, гуманитарлық көмекті соңғы алушыға дейін жеткізді.
Азғана уақытта «СК-Фармация» мен Медициналық сақтандыру қорының қызметіндегі жемқорлық тәуекелдеріне терең талдау жасау – олардың ішкі бизнес процестерінің барынша ашылуына ықпал етті. Пандемия әлі де жалғасуда. Сондықтан біздің мақсатымыз – коронавируспен күреске бөлінген бюджет қаражатын одан әрі қадағалау және қоғамдық бақылауға азаматтарды бұрынғыдан да көбірек жұмылдыру» — деп мәлімдеді Алик Шпекбаев.
- «АДАЛДЫҚ АЛАҢЫ» ЖОБАСЫ АУДАНДАР МЕН ОБЛЫСТЫҚ МАҢЫЗЫ БАР ҚАЛАЛАРДЫҢ БАРЛЫҚ ӘКІМДІКТЕРІНІҢ СЕРВИСТІК МОДЕЛІНЕ КӨШУДІ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТТІ
Осындай қиын кезеңге қарамастан, біз басты міндетімізден айныған жоқпыз. Ашықтық, айқындық, есептілік, қолжетімділік және клиентке бағдарлану қағидаттарын барлық жерде енгізуді көздейтін Агенттіктің жобалық қызметін жаңа деңгейге көтердік. Жұмысы жандана түскен «Адалдық алаңы» жалпыұлттық қозғалысының арқасында 317 әкімдік сервистік форматқа көшті. Бұған аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар жүз пайыз қамтылды. 2300-ден астам кедергісіз фронт-офис пен оупэнспейстің ашылуы мемлекеттік мекемелерде қызмет алу процесін неғұрлым ыңғайлы етті. Жоба мемлекеттік қызметтерді цифрландыруға айтарлықтай серпін берді. Халықаралық стандарт бойынша ол кемінде 90%-ға жетуі қажет болса, Қазақстанда цифрландыру 93%-ға жетіп, осы саладағы тұрмыстық жемқорлық деңгейін төмендетті.
Біздің барлық өңірде ашылған «Антикор орталықтарымыз» халықтың игілігіне арналған. Осы орайда, аумақтық департамент басшылары бізге жүгінген әрбір азаматқа сапалы қызмет көрсетілуін қамтамасыз етуі қажет.
Антикор орталықтары жемқорлықпен күресу үшін креативті және белсенді, іс жүзінде қабілетті азаматтарды біріктіруі тиіс.
- ЕЛІМІЗДІҢ 11 ӨҢІРІ ӨЗ БЮДЖЕТТЕРІН ТОЛЫҚ АШТЫ
«Агенттік 14 трлн теңгеге 18 мыңға жуық қаржылық мәліметтер орналасқан «Ашық бюджеттердің интерактивті картасын» дамыту үшін Азаматтарды бюджет қаражатын игеру мониторингіне кеңінен жұмылдыру және халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруға арналған «Ашық бюджет» жаңа жобасын іске қостық. Әкімдердің күш-жігері мен олардың ашықтық, айқындық қағидаларын қолдауының арқасында елдің 11 өңірінің бюджеті толық ашылды».
- АЛИК ШПЕКБАЕВ: ӘР ПАРАСАТТЫ КӘСІПКЕР СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚ ПЕН ШЕНЕУНІК ҚЫСЫМЫНАН ТОЛЫҚҚАНДЫ ӘРІ СЕНІМДІ ҚОРҒАНЫСҚА СЕНІМ АРТА АЛАДЫ
««Protecting business and investments» жобасының белсенділігі артып келеді – бүгінгі таңда біз жиынтық инвестициялары 16 трлн теңгеден асатын 635 компанияны сүйемелдейміз. Жоба іскерлік ахуалды жақсартуға үлес қосты. Transparency Kazakhstan зерттеуіне сәйкес, сауалнамаға қатысқан 5 кәсіпкердің 4-і пара бермей, бизнес жүргізеді.
Дегенмен, әлі де көптеген проблемалар бар. Өкінішке орай, бизнес құқық қорғау және бақылау-қадағалау органдары тарапынан қысым көруде, сондықтан шетелдік және отандық инвесторларды сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеу біздің басымдығымыз болып қала береді.
Әрбір парасатты кәсіпкер сыбайлас жемқорлық пен шенеунік қысымынан толыққанды әрі сенімді қорғанысқа сенім арта алатынына сендіргім келеді. Біздің есігіміз әрдайым ашық».
- ҚАЗАҚСТАН СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ ЖӨНІНДЕГІ ОРГАНДАР ЖЕЛІСІНЕ ҚОСЫЛДЫ
«Пандемияға қарамастан, біз халықаралық серіктестікті кеңейтуді жалғастырдық. Халықаралық ұйымдардың сарапшыларымен тұрақты скайп-коллдармен қатар, Гонконг, Италия, Сербия, Иордания, Моңғолия, Өзбекстан және т.б. сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомстволармен екіжақты қатынастар жақсартылған. Қазақстанның сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жөніндегі органдар желісіне кіруі маңызды қадам болды, оның жұмысына қатысудың артықшылығы ақпарат алмасуды жеңілдету болып табылады».
- ЕКІ ЖЫЛ ІШІНДЕ ҚАЗАҚСТАН НЕГІЗГІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ РЕЙТИНГТЕРДЕ АЙТАРЛЫҚТАЙ ӨСІМГЕ ҚОЛ ЖЕТКІЗДІ
«Жалпы, біз былтыр былтыр Дүниежүзілік банктің Жемқорлықты бақылау индикаторы бойынша пайыздық көрсеткішті екі есеге арттырдық және Transparency International-дің Жемқорлықты қабылдау индексінде 38 балл иеленіп, халықаралық сахнада тарихи нәтижеге қол жеткіздік».
Салыстырғанда, егер 2012 жылдан бастап 2018 жылға дейінгі аралықта, яғни 7 жылда СЖҚИ-де 124 орында болып, небәрі 3 баллға (28-ден 31-ге дейін) көтерілсек, тек соңғы екі жылда 7 балл жинап, рейтингте 30 пунктке жоғары – 124-ші орыннан 94-ші орынға көтерілді. Осылайша, біз жемқорлықты қабылдаудың қалыпты дегңгейіне сенімді түрде тұрақтадық.
Біз Мемлекет басшысының жемқорлықты түбегейлі жоюға, мемлекеттік аппараттың ашықтығы мен тұтынушыға бағдарлануына бағытталған ерік-жігері мен кезең-кезеңмен жүзеге асырылып жатқан саяси жаңғыртудың арқасында халықаралық қауымдастықтың жоғары бағасына ие болдық. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы рейтингтердегі динамикалық өсім әсіресе, қазіргі күрделі экономикалық кезеңде өзекті саналатын Қазақстанның инвестициялық тартымдылығы мен экономикалық өсімге жағымды әсер етеді» — деді А.Шпекбаев.
- «ЦИФРЛЫҚ АНТИКОР»: BIG DATA ЖӘНЕ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ
«Оңтайландыру нәтижесінде үнемделген қаражатты, ең алдымен, біз Агенттіктің ішкі бизнес-процестерін цифрландыруға бағыттадық. Бүкіл әлемде технологиялық революция болып жатқанда, ескі тәсілмен жұмыс істеу кешірілмейтін қателік болып табылады. Осыған орай біз «Цифрлық Антикор» жобасына айтарлықтай серпін бердік, соның аясында big data және жасанды интеллект технологиялары енгізілуде. Бұл бізге ведомстволық есептілікті қалыптастыруға кететін уақыт пен ресурстарды бірнеше есе үнемдеуге мүмкіндік береді. Ал, күнделікті кадрлық процестерді жедел автоматтандыру «құжаттармен жұмыс істеуден» «адамдармен жұмыс істеуге» көшуге нақты мүмкіндік береді».
- АЛДЫН АЛУ ЖҰМЫСТАРЫНЫҢ АРҚАСЫНДА СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚ ҚЫЛМЫСТАРЫ 11%-ҒА ТӨМЕНДЕДІ
«Жүйелі алдын алу жұмыстарының арқасында 2020 жылы тіркелген сыбайлас жемқорлық қылмыстарының саны 5%-ға (1 717-ден 1 632-ге дейін) азайды. 2017 жылдан бастап 2020 жылға дейінгі кезеңде тіркеу тіпті 11%-ға қысқарғанын атап өткен жөн, бұл сыбайлас жемқорлық қылмыстар санының тұрақты төмендеу үрдісін көрсетеді», — деп атап өтті Шпекбаев.
- А. ШПЕКБАЕВ: 2020 ЖЫЛЫ ТҮРЛІ ДӘРЕЖЕДЕГІ 210 БАСШЫ ҚЫЛМЫСТЫҚ ЖАУАПКЕРШІЛІККЕ ТАРТЫЛДЫ
Біз жазаның бұлтартпастығын толығымен қамтамасыз етеміз. Есептік кезеңде 25 аса ауыр және 1368 ауыр қылмыстың, сондай-ақ жүйелі сыбайлас жемқорлықтың 112 фактісінің жолы кесілді. Сотта ҰҚТ құру фактілері бойынша 4 іс қаралуда. Түрлі дәрежедегі 210 басшы қылмыстық жауапкершілікке тартылды. 722 адам сотталды, оның ішінде бір облыс әкімі, 4 облыс әкімінің орынбасары, 2 жауапты хатшы, 2 комитет төрағасы, 1 елші, 5 судья, 10 аудан әкімі және олардың орынбасарлары. 5 вице-министр мен 5 комитет төрағасы мен олардың орынбасарларына, сонымен қоса квазимемлекеттік сектордың 5 топ-менеджеріне қатысты қылмыстық істер тергелуде.
«Астана LRT» құрылысы кезінде бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша бірқатар лауазымды тұлғалар мен мердігер ұйымдардың басшылары сотқа жолданды. «СК-Фармация» басқармасының бұрынғы төрағасына қатысты тергеу аяқталды. БТА-Банктің ісі бойынша 12 млрд теңгеден астам залал өтелді. Тағы 6,4 млрд теңге «Азық-түлік корпорациясы» АҚ басқармасының бұрынғы төрағасына қатысты қылмыстық іс аясында өтелді.
- АНТИКОР ЗАЛАЛДЫ РЕКОРДТЫҚ ДЕҢГЕЙДЕ ӨТЕДІ
«Қылмыстық істер бойынша өтелген залал сомасы 50,7 млрд теңгені құрады, бұл 2019 жылдың көрсеткішінен (22,7 млрд теңге) екі есе жоғары. Пара алу және ұрлау фактілері бойынша бірнеше айыппұл көлемі 2,8 млрд теңгені, тыйым салынған мүлік – 1,2 млрд теңгені құрады», — деп атап өтті Агенттік Төрағасы.
- АГЕНТТІК ЖҰМЫСЫНЫҢ 2020 ЖЫЛҒЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЖИЫНТЫҚ ТИІМДІЛІГІ 95,6 МЛРД ТЕҢГЕНІ ҚҰРАДЫ
«Мемлекеттік сатып алуларды мониторингілеу, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау және жобалық қызмет бойынша жүйелі жұмыс бюджет қаражатын тағы 40,9 млрд теңгеге ұтымсыз пайдаланудың алдын алуға мүмкіндік берді. Осылайша, Агенттік жұмысының 2020 жылғы экономикалық жиынтық тиімділігі 95,6 млрд теңгені құрады. Біз қол жеткізген жетістіктермен тоқтап қалмауымыз керек, біздің әр қызметкер барынша тиімді жұмыс істеуі тиіс», — деп атап өтті Шпекбаев.
- ІІМ, АШМ ЖӘНЕ МКК — СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛДАҒЫ АУТСАЙДЕРЛЕР
«Мемлекет басшысының тапсырмасымен жемқорлықтың алдын алу бойынша басшылары белсенді шаралар қабылдамайтын мемлекеттік органдар анықталды. 2020 жылдың қорытындысы бойынша – бұл Ішкі істер (бұдан әрі — ІІМ) және Ауыл шаруашылығы министрліктері (бұдан әрі — АШМ), сондай-ақ Мемлекеттік кірістер комитеті, мұны Transparency Kazakhstan әлеуметтік зерттеуінің және қылмыстық-тергеу практикасының нәтижелері растайды.
Елбасының «Адалдық алаңы» жобасын барлық өңірлер мен орталық мемлекеттік органдар деңгейінде тарату туралы тікелей тапсырмасына қарамастан, ІІМ тұрмыстық жемқорлық проблемасы толық шешілгендей, жобалық кеңсенің ашылуына кедергі келтіруде. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізуден бас тартуы да түсініксіз.
АШМ жемқорлыққа қарсы кешенді мониторингтің қорытындылары бойынша бұрынғыдай көштің артында. Ведомство әсіресе ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді субсидиялау тәртібін жетілдіруге қатысты біздің ұсыныстарымызды толық көлемде орындамайды. Байлар байып, кедейлер кедейлене береді демекші, бұл жемқорлықты ғана емес, сонымен қатар бизнесті теңсіз жағдайға қояды.
Толыққанды алдын алу шаралары Мемлекеттік кірістер комитетінде де жоқ, азаматтар мен кәсіпкерлердің кеден және салық органдарындағы жүйелі түрде алым-салық алуға тұрақты шағымдары — мұның айқын дәлелі.
Жалпы, барлық мемлекеттік органдар мен ұйымдар өз жұмысының жемқорлыққа қарсы әлеуетін өсіріп, тіпті қызметкерлері жемқорлық әрекеттері туралы ойлауға да мұрша бермейтін жағдай жасауы тиіс», — деді Агенттік төрағасы.
- СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ РЕФОРМАЛАРДЫҢ ТӨРТІНШІ ПАКЕТІ ТУРАЛЫ
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы алғашқы үш пакеттің жалғасы ретінде жақын арада төртіншісі әзірленетін болады, оның ішінде заңсыз баю үшін жауапкершілікті енгізу, сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлайтын адамдарды қорғаудың кешенді жүйесін қалыптастыру, integrity check кәсіби сатылмаушылығына тестілеуді енгізу, параны уәде еткені/ұсынғаны үшін қылмыстық жауапкершілікті енгізу және аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін бірнеше еселенген айыппұлдарды жою».
- АНТИКОР, ҚАРЖЫЛЫҚ МОНИТОРИНГ АГЕНТТІГІ МЕН «АТАМЕКЕН» ҰКП – КӨЛЕҢКЕЛІ ЭКОНОМИКАНЫ ҚЫСҚАРТУДА КҮШТЕРІН БІРІКТІРЕДІ
«Сыбайлас жемқорлықтың негізгі драйверлерінің бірі көлеңкелі экономика болып табылады. Осы бағытта мемлекет жүзеге асырып жатқан шаралар қазірдің өзінде жақсы нәтиже беруде. Мысалы, ақша қаражатын шешуге шектеу енгізу, сондай-ақ цифрлық төлемдерді ауқымды ілгерілету қолма-қол ақшаны екі есе – 2,7 трлн теңгеден 1,3 трлн теңгеге дейін қысқартуға мүмкіндік берді. Көлеңкелі схемаларға қарсы пәрменді шаралар қолданбай, сыбайлас жемқорлыққа тиімді қарсы тұру мүмкін емес, сондықтан біз стратегиялық серіктестеріміз – Қаржылық мониторинг агенттігімен және «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, көлеңкелі айналымның ең көп үлесі – ауыл шаруашылығы, сауда, құрылыс, көлік сияқты экономика салалары бойынша мақсатты жұмысты бастауға ниеттіміз».
- СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ҚЫЗМЕТ ТӨРАҒАСЫ: ЦИФРЛЫҚ ТЕҢГЕ – ҚОЛМА-ҚОЛ АҚША СХЕМАЛАРЫ МЕН ЖАЛҒАН КӘСІПОРЫНДАРДЫ ТОҚТАТАДЫ
«Тәжірибе көрсеткендей, сатып алу саласы көлеңкелі экономиканы жандандыратын және жемқорлық тудыратын салалардың бірі. Сондықтан Ұлттық палатамен бірлескен жұмыстың тағы бір бағыты бюджетті қалыптастыру кезінде де, оны игеру кезінде де баға комплаенсін енгізу.
Жасыратыны жоқ, көбінесе бюджетке салынатын бағалар жемқорлық мүдделері үшін әдейі қымбаттатылады. Осыған орай біз нақты бағалар мен іске асырылған шарттар негізінде қандай да бір сатып алудың бюджетін қалыптастыруды ұсынамыз. Бұл сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен қызметтердің бюджетін «ұлғайтуға» мүмкіндік бермейді. Осылайша, үлестес компаниялардың баға ұсыныстары негізінде бюджеттік жоспарлау артта қалады.
Орындалған жұмыстардың жалған актілеріне қол қою проблемасын шешу үшін оларды егжей-тегжейлі жариялау, сондай-ақ тапсырыс берушілердің оны мысалы 3 күннен аспайтын мерзімде қарауын енгізу ұсынылады. Бұл бір ғана мақсатты көздейтін актілерге қол қоюды қасақана кейінге қалдыру мүмкіндігін едәуір қысқартады.
Цифрлық теңгені тез арада енгізу – сатып алудағы жемқорлық проблемасының іргелі шешімі, бұл бюджет қаражатын игерудің бүкіл процесін қадағалауға мүмкіндік береді, «қолма-қол ақша» схемаларын және жалған кәсіпорындар құруды тоқтатады».
- АЛИК ШПЕКБАЕВ ТОП-50 ОТАНДЫҚ КОМПАНИЯНЫҢ МЕНШІК ИЕЛЕРІН СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ КОМПЛАЕНС-ҚЫЗМЕТТЕРДІ ЕНГІЗУГЕ ШАҚЫРДЫ
«Квазимемлекеттік секторда сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс институтын одан әрі дамыту мақсатында Президент жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясы мен «Самұрық-Қазына» Корпоративтік университеті базасында білім беру және әдіснамалық сүйемелдеу басталады. Комплаенс-офицерлер ұлттық компанияларда сыбайлас жемқорлыққа қарсы алдын алу жұмысының сапасын арттыруға мүмкіндік беретін кешенді семинарларға қатысады.
Сонымен қатар, біз Қазақстанның ірі жеке ұйымдарында комплаенс-қызметтерді құру бойынша жұмысты бастаймыз. ТОП-50 отандық компанияның меншік иелерін осы институтты енгізуге шақырамын», — деді А.Шпекбаев.
- АНТИКОР ЖЕМҚОРЛЫҚ ҚЫЛМЫСТАРЫ ҮШІН ЖАЗА РЕТІНДЕ ҚОҒАМДЫҚ ЖҰМЫСТАРҒА ТАРТУДЫ ҰСЫНАДЫ
«Түрме адамды сирек тәрбиелейді. ЭЫДҰ (ОЭСР) елдерінде жемқорларды негізгі немесе қосымша жаза ретінде қоғамдық жұмыстарға тартуы кездейсоқ емес.
Мысалы, Ұлыбританияда сотталғандарға «қоғамның қарызын қайтару» деген жазуы бар кеудеше кигізіп, оларға көше жұмыстарын жасатады. Писхологиялық тұрғыдан бұл тәсіл біршама тиімді әрі қоғам зиянкес қылмыскерлерді танитын болады.
Орта және орташа ауыр жемқорлық қылмыстары үшін қоғамдық жұмыстарға тарту қылмыстық заңнамамен реттелгеніне қарамастан, Қазақстанда соттар мұндай жазаны мүлдем тағайындамайды. Менің ойымша, ең алдымен күшті алдын алу әсері тұрғысынан бұл институтты күшейту қажет», — деді А.Шпекбаев.
- А. ШПЕКБАЕВ: ҚАРАПАЙЫМДЫЛЫҚ – МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕР МЕН ОЛАРДЫҢ ОТБАСЫ МҮШЕЛЕРІНІҢ МІНЕЗ-ҚҰЛҚЫНЫҢ ИМПЕРАТИВТІК НОРМАЛАРЫ САНАТЫНА ӨТУГЕ ТИІС
«Біз тек шектеу шараларымен шенеуніктердің сән-салтанатқа толы өмірге құмарлығын жоя алмайтынымызды түсінуіміз қажет. Қымбат шипажайларда отбасылық суретке түсу, бренд дүкендерден шоппинг жасау, қымбат көлік міну – бір сәтте әлеуметтік желілерде таралып, халықтың заңды сынына ұшырайды. Дана халқымыз «Ұлық болсаң, кішік бол» деп бекер айтпаған.
Қарапайымдылық пен кішіпейілділік – мемлекеттік қызметшілердің мінез-құлқының қалтқысыз қағидасына айналуы тиіс. Бұл ең алдымен, басшы лауазымдағы шенеуніктер мен оның отбасы мүшелеріне қатысты.
Біз барлық қоғамды жұмылдыра отырып, бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізуіміз қажет».
- МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАРДЫҢ АШЫҚТЫҒЫ МЕН АЙҚЫНДЫҒЫ
«Азаматтарды мемлекеттік органдардың қызметіне тарту институттары мен тетіктерін нығайту маңызды міндет. Агенттікте қоғам өкілдері барлық аппараттық кеңестерге, кадрлық және мемлекеттік сатып алу бойынша комиссияларға қатысады, бұл біздің қызметіміздің ашықтығы мен айқындығының жоғары деңгейін көрсетеді. Бұл барлық мемлекеттік аппаратқа тән болуы керек. Мемлекет басшысы айтқандай, азаматтар – біздің басты тұтынушыларымыз, сондықтан біз қызметімізді қоғамнан жасырмауымыз керек. Сонымен қатар, мемлекеттік мекемелердің тәжірибесіне әлеуметтік желілерді пайдалана отырып, конкурстық кадр комиссияларының онлайн-трансляциясын енгізу ұсынылады».
- ҚАЗАҚСТАНДА «АДАЛДЫҚ ӘЛІППЕСІН» ӘЗІРЛЕУ ҰСЫНЫЛДЫ
«Парасаттылық идеологиясын насихаттауда үздіксіз кешенді білім беру маңызды. Біз қазіргі таңда Білім министрлігімен негізгі мектеп пәндерінің бағдарламасына парасаттылық идеологиясын енгізуді пысықтадық.
Осы ретте «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің басқарма төрағасы, Агенттіктің Қоғамдық кеңесінің мүшесі Дархан Қыдырәлінің «Адалдық әліппесін» әзірлеу туралы бастамасы назар аударуға тұрарлық.
«Тәрбие тал бесіктен басталады» дегендей, бұл қадам балаларды ерте жастан адал өмір сүруге баулуға ықпал етеді».
24. АЛИК ШПЕКБАЕВ ЖЕДЕЛ-ТЕРГЕУ ҚЫЗМЕТІНДЕГІ БАСЫМДЫҚТАРДЫ АЙҚЫНДАДЫ
«Жедел-тергеу жұмысына қатысты басымдықтар өзгеріссіз қалады. Біз өзінің ашкөздігімен барлық мемлекеттік аппараттың беделін түсіретін жоғары лауазымды басшылардың жүйелі жемқорлығының жолын кесуге жұмылуымыз керек, келтірілген залалдың барынша өтелуіне қол жеткізуге және жазаның мүлтіксіз бұлтартпастығын қамтамасыз етуге тиіспіз.
Осының барлығы біздің тиімділігіміздің екі басты индикаторына –азаматтардың іске асырылып жатқан жемқорлыққа қарсы саясатқа сеніміне және жемқорлықты қабылдауға тікелей әсер етеді».