1 қазан – Халықаралық Қарттар күні болып аталып өтіп келеді. Кеген ауданында қарттар күнін өз мәнінде өткізуге лайықты назар аударылып отырады. Бұл расында барлық ауылда жоғары деңгейде өткізіліп жүр. Бұл күні қариялар ақ дастархан басында қауышып, бір-біріне ақ тілектерін айтады. Әкімшілік, мекеме, ұйымдар тарапынан құрмет көрсетіледі.
Биыл да қарттар күні жақсы деңгейде аталып өтті. 1 қазан күні аудан әкімі Нұрбақыт Теңізбаев «Қарқара» кафесінде әр ауылдан шақырылған кеуделері алтын сандық қадірменді қариялардың басын қосты. Ауылдық округтердегі ақсақалдар кеңесінің төрағалары, аналар кеңесінің төрайымдары осы жерден табылды. Кеуделері орден, медалдарына толы тыл және еңбек ардагерлері аз болған жоқ. Аудан әкімі алғашқы сөзді алып, әр ауылдың, әр ортаның, әр шаңырақтың шырайын кіргізіп, бірлігі мен берекесін арттырып, жақсы дүниелеріне айрандай ұйытып жүрген ақ жаулықты аналарға, ақ сақалды қарияларға өмірдің бар жақсылығын, ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық тіледі. «Қарқара» кафесіндегі қарттар мерекесі әсем әнмен, тәтті күймен ажарланды. Қымбатты жандарға аудан әкімінің бағалы сыйлықтары тапсырылды. Өз кезегінде қариялар да ақ дастарханға, жалпы жұртқа ақ баталарын берді. Өздеріне сый-құрметтерін көрсеткен аудан әкіміне, өзге де азаматтарға жүрекжарды алғыстарын айтты.
«Ауыл» ХДП Алматы облыстық филиалының төрағасының орынбасары Е.Бүркітбай шараға арнайы келіп, аудан қарттарын құттықтап, «Ауыл» партиясының атынан сый-сияпат табыстады.Сондай-ақ, Кеген аудандық мәслихатының төрағасы А.Нұғман аудан қарттарын мерекелерімен құттықтап, жүрек жарды ізгі тілегін жеткізсе, аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Досымбеков құттықтау сөз сөйледі. Шараның соңы аудандық Мәдениет үйінің көркем өнерпаздарының ән кешіне ұласты.
Индира ҚАНАТҚЫЗЫ.
Кеген ауданы.