Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында үлкен мақсаттар қойылды. Президент осыған орай бұл кезеңге аяқ басу үшін алдымызда аса үлкен 10 міндет тұрғанын баса айтты.
Олардың ішінде ең маңыздысы – білім саласындағы оң өзгерістер. Мен мұғалім ретінде осы салаға Ұлт Көшбасшысының ерекше назар аударып отыратынына қуаныштымын. Иә, еліміздің болашағы – білімді ұрпақ. Білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылу – біздің қанымызда бар қасиет. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді. Бұл Жолдауда да білім саласында жасалатын оң өзгерістер көрініс тапқан.
Сонымен бірге, педагогтарды оқыту және олардың біліктілігін арттыру жолдары қайта қарастырылып, мұғалім мәртебесі өсе түсетіндігі жүрекке жылу ұялатты. «Баршаға тегін кәсіптік білім беру бағдарламасын жаңартуды» жолға қою да оқушылар үшін тамаша бастама болмақ. Себебі, түлектер мектептен алғашқы мамандықты алып шығады. Елбасы қазақ тіліндегі терминдерді жаппай аударуға қарсылығын білдіріп, бұл мәселені шешетін жол – латын әліпбиіне көшу екендігін айтты. Осы арқылы әлемде терезесі кең мемлекетке айнала аламыз.
Кез келген мемлекеттің дамуында маңызды рөл атқаратын кәсіби мамандықтар орны қай уақытта да ерекше. Солардың бірі – мұғалімдік. Оның мәртебесін дамыған елдердегі деңгейге жеткізу бағытында көптеген істер атқарылуда.
Сонымен Елбасы биылғы Жолдауында да мектеп жайлы, білім жайлы бағдарламалар өзінің жақсы жалғасын табатындығын атап өтті. Шәкірттерге білім нәрін құятын ұстаздар үшін осы жаңа өзгерістер оң нәтижесін бермек!
Эльмира ТОПАШЕВА,
Ж. Бәрібаев атындағы орта мектептің мұғалімі.