1948 жылғы 10 желтоқсанда Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы қабылдаған Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы адам құқықтарын қорғаудың халықаралық жүйесінің негізін қалады. Бұл құжат адамның қадір-қасиетін, құқықтары мен бостандықтарын қорғауды өркениетті қоғамның басты құндылығы ретінде таныды.
Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясында бекітілген қағидаттар Қазақстан Республикасының құқықтық жүйесінде де кеңінен көрініс тапқан. Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабына сәйкес мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары болып табылады. Бұл норма еліміздің құқықтық саясатының негізгі бағытын айқындайды.
Конституцияның 12-бабында адам құқықтары мен бостандықтары әркімге тумысынан жазылғаны, олардың абсолютті деп танылатыны және олардан ешкім айыра алмайтыны белгіленген. Ал Конституцияның 13-бабында әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғауға құқығы бекітілген. Бұл конституциялық кепілдіктер азаматтардың құқықтарын қорғауда сот билігінің маңызды рөл атқаратынын көрсетеді.
Қазақстан Республикасы халықаралық құқықтың жалпыға танылған қағидаттарын ұстана отырып, адам құқықтарын қорғауға бағытталған бірқатар халықаралық шарттарға қосылды. Олардың қатарында Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пакт, Азаптауларға қарсы конвенция, Бала құқықтары туралы конвенция және өзге де халықаралық құқықтық құжаттар бар. Бұл халықаралық міндеттемелер ұлттық заңнаманы жетілдіруге және адам құқықтарын қорғау тетіктерін нығайтуға ықпал етуде.
Қылмыстық сот ісін жүргізу барысында адам құқықтарын сақтау ерекше маңызға ие. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 15-бабында қылмыстық процесті жүргізетін органдардың адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғауға міндетті екендігі көзделген. Сонымен қатар, ҚПК-де адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеу, жеке басына қол сұғылмаушылық, тұрғын үйге қол сұқпаушылық, заң мен сот алдындағы теңдік және кінәсіздік презумпциясы сияқты маңызды қағидаттар бекітілген.
Кінәсіздік презумпциясы құқықтық мемлекеттің негізгі қағидаттарының бірі болып табылады. Қазақстан Республикасы Конституциясының 77-бабына сәйкес адамның қылмыс жасағаны үшін кінәлі екендігі заңды күшіне енген сот үкімімен белгіленгенге дейін ол кінәсіз деп есептеледі. Бұл қағидат азаматтарды негізсіз қылмыстық қудалаудан қорғауға және әділ сот төрелігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Соттардың басты міндеті – заңдылықты қамтамасыз ету, азаматтардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру және әділ сот төрелігін жүзеге асыру. Әділ сот төрелігіне қол жеткізу адам құқықтарын қорғаудың ең маңызды кепілдіктерінің бірі болып саналады. Осыған байланысты соттар әрбір істі қарау кезінде заң талаптарын қатаң сақтап, объективтілік, тәуелсіздік және бейтараптық қағидаттарын басшылыққа алады.
Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы қабылданғанына ондаған жылдар өтсе де, оның маңызы бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Декларацияда бекітілген қағидаттар халықаралық құқықтың дамуына, ұлттық заңнамалардың жетілдірілуіне және адам құқықтарын қорғаудың тиімді тетіктерінің қалыптасуына негіз болды.
Адам құқықтарын қорғау – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Әрбір азамат өз құқықтарын біліп қана қоймай, өзге адамдардың құқықтары мен бостандықтарын құрметтеуі тиіс. Заң үстемдігі мен адам құқықтарын сақтау қағидаттары берік орныққан қоғамда ғана әділдік, тұрақтылық және қоғамдық келісім қамтамасыз етіледі.
Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында да адам құқықтары мен заңды мүдделерді қорғау, заң үстемдігін қамтамасыз ету және әділ сот төрелігін жүзеге асыру бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуде. Сот қызметінің басты мақсаты – азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау және қоғамның сот жүйесіне деген сенімін нығайту болып табылады.
А.Беймбетов,
Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған
ауданаралық сотының судьясы.
