Жуырда «Adal» партиясының мүшелері Қарасай ауданы Береке ауылындағы «Жетісу» ауылшаруашылық өндірістік кооперативінің қызметкерлерімен кездесті.
Жиын барысында Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы келген Ардақ Назаров және Ляззат Шыңғысбаева өз партияларының бес бағыттан тұратын бағдарламаларымен таныстырды. Саяси додада асық алшысынан түссе, адалдықтар ауыл-аймақты дамытуды қолға алмақ. Әсіресе, ондағы халықты жұмыспен қамту мәселесіне білек сыбана кірісеміз деп отыр. Бюджет саласындағы қызметкерлердің жалақысын өсіруге, ауыл шаруашылығына да ерекше көңіл бөлмек. Тіпті, бизнес бастауға ниеттілерді қолдамақ. Ауыл шаруашылығын кеңінен дамытуды жоспарлап қойған.
«Adal» партиялар арасында бірінші цифрлы партия болып халыққа ыңғайлы, қолайлы партияға айналғылары келетіндігін алға тартты. Осы негізде жиынға қатысушыларға барлық арыз-шағымдар мен партияның бағдарламалары қамтылған «adalpartiyasy.kz» атты сайттың жұмыс істеп тұрғаны жайлы мәлімет берді. Мәселен, Қазақстанда көп ауыл шалғайда жатыр. Бұл сайтта әрқайсысы өзінің ауылын таңдап, ондағы түйткілді мәселелерді кез-келген сала бойынша жазып қалдыруларына болады. «Adal» үміткерлері ең жас партия саналады. Саяси ұйым сайлауда дауыс беруге арналған бюллетеньдегі тізімде бесінші нөмірге ие болған. Олар Парламенттің төменгі палатасына 16 үміткер, мәслихатқа 302 кандидатты ұсынып отыр. Айта кетейік, партияға күні бүгінге дейін 55 мың адам тіркеліпті, басым бөлігі – жастар.
Бұрым ОРЫНБАСАР.