Аудан орталығы Қаскелең қаласының басты көшесі саналатын Абылай хан көшесіне соңғы жарты жылда арық жүйесін салу және бордюр орнату жұмыстары жүргізіліп келеді. Жөндеу жұмыстары басталғалы бері тұрғындардың көбі оны кеңейтіп жатыр деп ойлаған. Алайда аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Нұрбол Қуатұлының айтуынша, көшенің бір жері кең, бір жері тар болғандықтан, кеңейту жұмыстарын жүргізу мүмкін емес.
Нұрбол Қуатұлының сөзіне сүйенсек, жоспарға сәйкес көше бойына арық жүйесі салынып, бордюр орнатылады. Бұл жұмыстар тұрғындар мен кәсіпкерлердің өтініші бойынша қолға алынған. Яғни, қыс мезгілінен кейін қар еріп, көшенің бойында көп мөлшерде су жинақталады. Сәйкесінше, айналаның барлығы су болып, адамдарға жүру қиынға соғады. Осыған байланысты түскен өтініштер бойынша көше бойына арық жүйесі жүргізіліп, екі жақты жаяу жүргіншілер жолы салынды.
Аталмыш жоба екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде биылғы жылдың қазан айына дейін Автобекеттен SDU университетіне дейінгі аралықта арық жүйесі мен тротуарлар салынады. Келесі кезеңде, яғни, алдағы жылы Автобекеттен Макашев көшесіне дейінгі бөлікте дәл осындай жұмыстар атқарылады. Оны мердігер компания «Капитал Строй Проект Груп» жүзеге асырып жатыр.
Ал аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жанат Шакировтың мәлімдеуінше, Абылай хан көшесі облыстық маңызы бар жолдардың қатарында және Алматы облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының теңгерімінде.
– Қазіргі таңда бұл жолды аудандық теңгерімге өткізу жұмыстары жүріп жатыр. Ол ойдағыдай аяқталса, биыл көшедегі асфальтқа қайта жөндеу жұмыстарын жүргізетін боламыз. Қазан айында SDU университетінен Автобекетке дейінгі үш шақырымдық жол учаскесінде жөндеу жұмыстарын бастау көзделуде, – деді ол.
Осылайша, Абылай хан көшесіндегі құрылыс жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Бұл шаралар Қаскелең қаласының орталық көшесін заманауи талаптарға сай абаттандырып, тұрғындарға ыңғайлы жағдай жасауға бағытталып отыр.
Әділет ЖАЛҒАСБЕКҰЛЫ
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
