Еліміздегі оқу орындары арасында «Үздік мектеп – 2021» онлайн-конкурсында, «Үздік аудандық мектеп» номинациясы бойынша, ауданымыздағы Қаскелең қаласындағы Тұрсын Сайбырова басшылық ететін Абай атындағы орта мектеп-гимназиясы бас жүлдені иеленді.
Расында мемлекеттің дамуы үшін білім саласының бәсекеге қабілеттілігі жоғары болуы міндетті. Ол үшін білім сапасын арттыруға негізделген толық зерделенген жобалар мен осы саланы инновацияландыру алғашқы орында болуы заңдылық. «Qazaqstan Education» оқу орындары басшыларының қауымдастығы» ұйымдастырған бұл байқауға жалпы білім беретін мектептер, лицейлер, гимназиялар қатысты. Республикадағы білім мекемелерінің арасынан оқ бойы озық шыққан ауданымызда орналасқан Абай атындағы орта мектеп-гимназиясы бас жүлдеге лайықты деп танылған. Аталған мектеп 1937-1938 оқу жылында ашылып, 1 қыркүйекте алғаш рет өз шәкірттерін қабылдаған. 1945 жылы ұлы Абайдың 100 жылдық мерейтойына орай мектепке ақын есімі беріледі. Мектептің алғашқы оқу ғимараты қазіргі Қарасай батыр мен Абай көшесінің қиылысында орналасқан, бүгінгі таңда ескі ғимарат жөндеу-әрлеу жұмыстарынан өтіп, тарихи-өлкетану мұражайына айналған. Мектептің жаңа ғимаратын 1958 жылы, мектеп ауласынан салып, қолданысқа берді. Білім беру ұйымы 1998 жылы аттестациядан өтіп, «гимназия» мәртебесін алды. 2004 жылдан бастап «Абай атындағы мектеп-гимназия» деп аталды.
Мектептен түлеп ұшқан шәкірттер ішінде белгілі академиктер, ғалымдар, еңбек ерлері, жазушылар мен өнер қайраткерлері, ақ халатты абзал жандар, жаңашыл ұстаздар, қарапайым жұмыскерлер мемлекетіміздің дамуы мен өркендеуіне өз үлестерін қосуда. Солардың ішіндегі бірі де бірегейі – еліміздің Тұңғыш Президенті, мектептің 1957-1958 оқу жылының түлегі Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев.
Білім ұясы бүгінгі күнге дейін үздіксіз шәкірт тәрбилеу жолында жұмыс істеуде. Осы жылдар көлемінде әркез жоғарғы деңгейден көрініп, көздеген нәтижеге қол жеткізіп келеді. Аудандағы білім сапасының нәтижелі болуына жергілікті атқарушы биліктің де қолдауы себеп болып отыр. Қазіргі таңда мектеп-гимназияда 1922 білім алушы өз дағдыларын шыңдап, 162 педагог өз міндеттерін атқаруда. Мұнда оқушылардың білім алуына, ұстаздардың жұмыс жасауына толықтай жағдай жасалған. Заманауи технологиялармен жабдықталған білім ошағының жетер жетістігі әлі де алда. Сапалы білім мен саналы тәрбие беру жолында ұстаздар қауымы қашан да жүйелі жұмыс жасай бермек.
Бұрым ОРЫНБАСАР.