«Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің Алматы қаласы мен Алматы облысындағы филиалдарының мүшелері, өзіміздің іргелілік әжелеріміз зор жетістікке жетті. Ақжаулықты аналар «Биік, алып, киелі – Шаңырақ» және ұзындығы 112 метрді құрайтын «Жылдың төрт мезгілін бейнелейтін сырлы сырмақ» атты ерекше туындаларымен әлемдік рекордтар кітабына енді.
Ағымдағы жылы жаңару мен бейбітшіліктің символы болып саналатын Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы еліміздің барлық аумағында кеңінен атап өтілді. Осы тамаша мерекені одан әрі есте қаларлықтай етуге «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігі де өз үлесін қосты. Аталған ұйымның Алматы қаласы мен Алматы облысындағы филиалдарының мүшелері бірлесе үлкен сырмақ жасап, әлемдік рекорд қоюды ұйғарған. Ұлттық өнерді насихаттап, ұмыт бола бастаған оюларды қайта жаңғыртуға бағытталған бұл бастама – қазақ аналарының бірлігі мен еңбегінің, ұлттық дәстүрге деген шексіз құрметінің айқын көрінісі.
Осылайша, бір топ ақжаулықты әжелер ұршықтары мен инелерін алып, бір жыл бойы арнайы биязы жүннен басылған жұқа киізге басқа түсті киізден немесе матадан ою-өрнек сырып, астар салып тігумен айналысқан. Ардақты аналардың асқан шыдамдылығы, табандылығы мен шынайы еңбегінің нәтижесінде 112 метрді құрайтын «Жылдың төрт мезгілін бейнелейтін сырлы сырмақ» атты ерекше туынды пайда болды.
Сырмақ дәстүрлі басу және тігу технологияларын сақтай отырып, толықтай қолмен жасалған. Ою-өрнектерде қазақы нақыштың қошқар мүйіз, түйе табан, сынық мүйіз сынды бес түрлі түспен көмкерілген классикалық үлгілері пайдаланылды. Оның әр тұсында ұрпақ сабақтастығы, қолөнерге деген құрмет пен ұлттық мұраны сақтауға деген ұмтылыс көрініс тапты. Ою-өрнегі мен түстерінің үйлесімі алдын ала бір жүйеге келтірілген сырмақты әжелер әр үлгіні мұқият таңдап, әр тігісті ерекше ыждағаттылықпен, жылулықпен орындады.
Жасаған туындыларын ел есінде қалдыру үшін әз Наурыз мейрамында көшеде ұйымдастырылған көрмеге әкеліп көрсетті. Ол жерде оны тек тұрғындармен қоса «Әлемдік рекордтар кітабының» өкілдері де тамашалауға келді. Соның арқасында 112 метрлік туынды «Әлемдік рекордтар кітабына» енді.
Ерекше қолөнер туындысын жасаған «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінң мүшелері ішінде Қарасай ауданына қарасты Іргелі ауылдық округінің ардақты әжелері де болды. Таяуда олардың еңбегін бағалап, құрмет көрсету мақсатында округ әкімдігінде салтанатты шара ұйымдастырылды. Оның барысында округ әкімінің орынбасары Ескендір Егеубек ақжаулықты әжелерге алғысын білдіріп, жеңістерімен құттықтап, «Әлемдік рекордтар кітабы» ұйымы жіберген сертификаттарды ресми түрде табыс етті.
Ақтоты
МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
