Арманыңды ақтармын ба жүрегімде тербесем?
Айға сіңілі, қарындассың қасиетті Жерге сен.
Мен өзіңді теңдесі жоқ құдірет деп түсінем,
Сендік қуат мың есе артық жердің тарту күшінен, – деп Төлеген Айбергенов ақын жырлағандай бізге өмір сыйлаған ардақтыларымыз бар сый құрметке лайықты.Жүрекке жылу, жанға жайлылықты орнататын аяулы тұлға – Аналар күні биыл елімізде сегізінші рет тойланып отыр.
Осы атаулы мерекеге орай ақ жаулықтың иесі мен киесіне мадақ көрсетуді үлгі етіп жүрген «Анаға құрмет» музейі ауқымды шара өткізді.Ұлттық құндылығымызды сақтап, руханиятымыз бен дүниетанымымызды дәріптеп отырған киелі шаңыраққа жиналғандардың қарасы қалың.
Әуезді әуен мен рухани әңгіме толы болған жиынның алғы сөзін аудан әкімінің орынбасары Күлжан Дүйсенова бастап сөйледі. Шараның мән-маңыздылығын тілге тиек етіп, жуырда облыста «Үздік мәдениет мекемесі» атанған «Анаға құрмет» музейінің директоры Аршагүл Тойбаеваға шапан кигізіп, ілтипат білдірді. Осы марапатының арқасында бұл мекемеге су жаңа көлік кілті де тапсырылған болатын.
Иә, расымен құрылғанына алты жылдың жүзі болған аталмыш музейдің жеткен жетістіктері аз емес. Қарасай ауданының ғана емес, жер жәннаты – Жетісу жерінің де мақтанышына айналды. ТМД (Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығында) елдерінде баламасы жоқ музей өз атын абыроймен арқалап жүр. Осы және өзге атқарылған жұмыстары мен алға қойған мақсаттарын жөнінде Аршагүл Серікқызы өз баяндамасында толығырақ айтып берді.
Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай, сұрапыл соғыста жан аямай жаумен айқасқан әке мен ата, олардың үлгі болар өнегелі өмірлері, ел басына күн туған ауыр кезең жайлы сыр шертетін Жатқанбай Шпекбаев пен оның жары Күлиман Аққұлқызының рухына арналған «Қос құбылам» атты кітап жазылған болатын. Биыл ардақты әке мен аяулы ананың туғанына – 100 жыл. Бұл кітапта бүгінде еліне қалтқысыз еңбек етіп жүрген білікті де білімді ұл-қыз тәрбилеп өсірген Шпекбаевтар әулетінің қиын қыстау кезеңдері бүкпесіз, боямасыз баяндалады.
Сонымен қатар, мұнда осы әулеттің тағдырымен қатар, барша қазақ халқының соғыс уақытында көрген қиыншылықтары да толықтай суреттелген. Жанқиярлық ерліктерімен жеңіс туын желбіреткен Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне деген ел алғысы да әдемі жеткізіліпті.
Тағылымы мол жиынның барысында аталған музейдің негізін қалаушы, Абылайхан атындағы әлем тілдері университетінің профессоры, Шет тілдер педагогикалық колледжінің директоры, Қарасай ауданының Құрметті азаматы, қоғам қайраткері Бақыт Шпекбаева мен музейдің меңгерушісі Аршагүл Серікқызының авторлығымен жарық көрген тарихи кітаптың тұсауы кесілді.
Сиясы кеппеген жаңа кітаптың лентасын Талғар қаласындағы «Нұр» қайырымдылық балалар үйі директорының орынбасары Әнуар Байсарин ақсақал мен Қаскелең қаласындағы Санжар Жандосов атындағы кәсіптік-техникалық колледжінің директоры Рүстембек Тоқтағанұлы қиып, атамыз ақ батасын берді.
Шаңырақтың шаттығына айналған асыл жандарға біздің елде де құрмет жоғары. Ақ жаулығының қадірі мен ақ босағасының қасиетін білетін аяулылар үшін мемлекеттік, әлеуметтік мүмкіндіктер де орасан. Бұл жиында аяулы әже атанған ардақты аналарға ерекше ілтипат білдірді. Мәселен, есімі елге танымал Тұяқ апа, Қарасай батыр мектебінің ішіндегі Елбасы музейінің директоры Рымкеш апа сынды және еліне елеулі қызмет етіп жүрген азаматтарды тәрбилеп өсірген бірқатар аналарға «Анаға құрмет» медальдары табысталды.
Ал, асыл әжелер өз кезігінде кейінгі толқын жас аналарға ақыл-кеңесін айтты. Керімсал келіндер ұлттық дәстүріміз бен құндылықта-рымызды ерекше бағалау керектігін санаға түйді.
Бұдан әрі мерекелік шарада үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, мемлекет және қоғам қайраткері, Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевпен елу жыл отасқан жан жары Зухра Шәріпқызының өз қолымен тіккен кестесі мен қолданған жіптері қойылған көрме көпшілік назарына ұсынылды. Бұл картинаны Қонаевтар әулетінің келіні Диляра Ибрагимованың қолынан кесте өнерінің хас шебері Гүлнар Әбіш әкеліп тапсырған. Қазіргі таңда «Анаға құрмет» музейінің төрінен орын алған «Зиялы жанның зер кестесі» картинасы қонақтарды еріксіз таңдай қақтырды.
Сонымен қатар, Гүлнар Бақтығалиқызының «Ана тәжін киген аналардың» құрметіне «Алланың үйі – жүрегімде» атты картиналар көрмесі де ешкімді бей-жай қалдырған жоқ. Әлемді аралап, ең сәулетті отыздан аса мешіттерді кестемен кескіндеген шебер жақында жер бетіндегі теңдесі жоқ Меккедегі мешіт – «әл-Харам» туралы картинасын аяқтаған болатын. Автордың екі жыл, бес ай көз майын тауысып тіккен кестелі картинасын алғашқылардың бірі болып тамашалау бақыты да «Анаға құрмет» музейінің қадірлі қонақтарына бұйырыпты.
Осылайша, көтеріңкі көңіл-күймен қолөнершебері Сұлтан Тілектің «Анамның ақ кимешегі» атты көрмесіне қарай бет алған қонақтарды ақ кимешекті аналардың өзі қарсы алды.
Көрмеде шебер Сұлтан Тілек ақ жаулық мен қимешектің тағылымды тарихы жайлы әңгімелеп берді. Жастар жағы бірінен бірі өткен көне дүниелерге қызыға қараса, апалар жастық шақтарын ойға түсіріп, өз аналарын сағынышпен еске алысты.
Қыз-келіншектер мен аналарды «аһ» ұрдырған тағы бір көрме – белгілі ісмер Күлән Жанғұттының «Күлән апаның көркем әлемі» болды. Ұлттық нақыш пен өркениет ерекше үйлесім тапқан Күлән апаның қолынан шыққан сәнді киімдер топтамасы кімнің де болса ажарын ашары анық.
Мерекелік шараның соңы аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламасына жалғасты. Өнерпаздардың әуелете салған әндері мен құбылта тартқан күйлері «жақсы көңіл-күй сыйлайықшы» деген ерекше ықыластарын байқатты. Ақторқа Амантайқызының әуелетін салған «Атамекен», әні, Алмас Нұғмановтың орындауындағы «Әлқисса» күйі көрермендердің құлақ құрышын қандырды.
Тағылым мол кештің соңы, әсерлі әңгімеге ұласып, жақсы көңіл күйде түйінделді.
Бұрым ОРЫНБАСАР.