Ұлы Абай мұрасы қазақ халқының рухани қазынасы екені сөзсіз. Шығармаларын оқыған адам оның әрбір өлеңінде, қара сөзінде ақыл мен тәрбиенің сара жолының, философиялық ойлы түйіннің бар екенін жақсы біледі. Президентіміздің биылғы жылды Абайдың 175 жылына арнауы ұлы тұлғаға деген құрметті одан әрі арттыра түскендей. Осы ретте сәрсенбі күні, аудандық Жастар ресурстық орталығының ұйытқы болуымен, орта білім беру мекемелерінің студенттері арасында «Абай оқулары» байқауы ұйымдастырылды.
Шараның мақсаты – өскелең ұрпақты қазақтың ұлы ақыны Абайдың қалдырған асыл мұраларымен, ағартушылық көзқарастарымен таныстыру, жастарды сөйлеу мәнеріне, мәдениетіне, өз ойларын еркін жеткізе білуге, тағылымы мол мұралардан үлгі алуға шақыру. Әдеби кеш Шамалғандағы Үшқоңыр су шаруашылық колледжінің мәжіліс залында өтті. Байқауға қатысушылардың басым көпшілігі өзге салада оқып жүрген білімгерлер. Дегенмен, бәріне де Ұлы Абай есімі еш таңсық емес. Ақын шығармаларын жастайынан оқып, жанына тоқығандар десек те болады. Бәрінің де жақсы дайындалып келгенін үміткерлер де жете түсінсе керек, олар бойындағы барлық өнерін ортаға салып, қазыларға өздерінің осал емес екендігін дәлелдеуге тырысты. Бұл байқауда жас өнерпаздардың таланттарын аудандық әжелер алқасының төрайымы Ақылия Бекбайқызы, ҚР білім беру ісінің үздігі, ардагер ұстаз Ақлима Көсемова, ардагер журналист Өтесін Құбиев, Қаскелең қаласының ардагерлер кеңесінің төрайымы Несіпбала Әбділдаева, аудандық орталық кітапхананың директоры Ұлдархан Өтеева, Үшқоңыр қазақ мектебі музыка пәнінің мұғалімі Армантай Нұрмағанбетов саралап, бағалады.
Үш кезеңнен тұратын байқаудың алғашқы «Көркем сөз » деп аталатын кезеңінде қатысушылар Абай өлеңдерін мәнерлеп жатқа оқудан жарысты. Ұлы ақынның «Алланың өзі де рас, сөзі рас», «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы», қара сөздер және тағы басқа шығармаларын барынша жүрекке жеткізуге тырысты. Ал, Аяулым Салмұратова өлеңдерді орыс тілінде оқып, өзін жаңа қырынан көрсетті. Елзат Сабыр есімді қатысушынының дикциясының ерекшелігі көпшіліктің есінде қалды. Екіншісінде ұлы жазушы М.Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясынан үзіндіні жатқа оқудан бақтарын сынады. Сайысқа қатысушылардың кейбірі романның толық мазмұны ашу үшін сахналық көрініс қойып, көрермендерді ерекше әсерге бөледі. Ал, соңғы бөлімде халық әндерін шырқап, көңіл құсын шартарапқа құйқылжытты. «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» дегендей, қатысушылардың барлығының да бұл байқауға үлкен әзірлікпен келгені көрініп-ақ тұрды. Дегенмен, бұл кезеңде Абайдың әндерінің біраз өлеңдері айтылмады. Бірақ, өздері дайындап келген әндерін шарықтау шегінде шырқауға тырысты.
Десе де, байқау болған соң басып озғандар да, артта қалғандар да болады. Ә, дегеннен-ақ Қаскелең мәдениет колледжінің білімігерлерінің аяқ алысы жақсы екені байқалды. Қатысушылардың әрбірі де әдебиетке деген құштарлықты барынша ашып көрсетті.
– Кемеңгер Абай мәңгілік мұраларымен адамзат баласын даналық нәрімен сусындататын заңғар тұлға. Ұлт ұстазының баға жетпес даналықтың тереңіне үңілдіретін тағылымды туындылары адамның жүрегін мәңгі нұрландырып тұрады. Ұлы Абай уақытпен бірге биіктей беретін асқақ тұлға, – деп жарысқа қатысты өз пікірін білдірді Несіпбала Әбенқызы. Ал, Ақлима Рахымбердіқызы байқаудың мән-маңыздылығына тоқталып:
– Жыл сайын «Абай оқулары» қалалық байқауының өрісі кеңейіп, сапасы артып келеді. Қатысушылар өмірі өнегеге айналған Абай мұраларының мән-мағынасын, терең тағылымын жеткізе білетіндігімен көзге түсті. Өнер сайысына қатысқандардың саны көбейіп келе жатқанына көз жеткіземіз. Жас ұрпаққа тағылымды тәрбие беруде бұл өнер байқауының маңызы зор, – деп айта келе бір қатар сын-ескертпелерін де жеткізді.
Үміткерлердің өнерін бағалау кезінде олардың көркем мәтінді таңдау талғамына және оқу шеберлігіне, қазақ тілінің орфоэпиялық нормаларын сақтап сөйлеуіне, ән орындау нақышына, сахналық өнер көрсету мәдениетіне және қазақтың ұлттық киім үлгісіне назар аударылды. Осылайша қазылар алқасының шешімімен үшінші орынды Үшқоңыр су шаруашылық және С. Жандосов атындағы колледждері иеленсе, екінші орын Қаскелең гуманитарлық-техникалық колледжіне берілді. Ал, араларынан үздік шығып, жеңімпаз атанған Қаскелең мәдениет колледжі бірінші орынға лайық деп танылды. Ақылия Бекбайқызы оқу мәнерімен ерекше көзге түскен Жандосов колледжінің студенті Ержан Амангелдиевке өзінің авторлық кітабын тарту етті. Оған қоса аудандық Жастар ресурстық орталығының жетекшісі Айжан Балажанова барлық қатысқандарға Алғыс хаттар және сыйлықтарын табыстады.
Бұрым ОРЫНБАСАР.