«Өнер» десе ішкен асын жерге қоятын қазақ халқы ежелден әнге құмар, жырға әуес. Соңғы жылдары ән мен жырдың қойнауына айналған Алатау етегінде дәстүрлі өнерді қолдауға барынша ден қойылып келеді. Оның бір айқын дәлелі – Алматы облысы әкімі мен облыстық мәдениет, архивтер мен құжаттама басқармасының ұйытқы болуымен елді мекендерде жыр термешілер мен айтыскер ақындар орталықтарының ашылуы. Сондай жас шәкірттер өнерін шыңдайтын үйірмелер біздің аудандық Мәдениет үйінің ғимаратында да жұмыс істеп тұр. Қазіргі уақытта мұнда дәстүрлі өнерден 30-ға жуық жас тәлім алуда.
Бұл орталықта өнерге бейім оқушылар жыршы-жыраулық пен айтыстың қыр-сырын меңгеріп, қабілет-қарымын шыңдайтын болады. Ұлттық дәстүрдің өзегімен тікелей астасып жатқан бұл бастама көпшіліктің көңілінен шықты. Өйткені техника дамып, жас ұрпақ ғаламторға танылған заманда соқталы сөз зергері Бұқар жыраудың өмірі мен шығармашылығын насихаттау, бірегей туындыларының нәрін жас буынның бойына сіңіру, жыраулық өнердің құдіретін ұғындырудың өзектілігі артып отыр. Әрине, оқушылардың барлығы жыршы-жырау немесе ақын болып кетпес. Десек те, елін, жерін сүйетін, «сөз қадірі – өз қадірім» деп білетін азамат болып қалыптасары анық.
Иә, біз бүгінде ұлттық-рухани тамыр деген жай сөз емес екенін, оның мән-маңызы аса тереңде жатқанын білуге тиіспіз. Жуырда аудандағы ақындар мен жыршы-тершілер орталықтарының атқарып жатқан жұмысымен танысып осындай ой түйдік. Шығармашылығы үйірменің негізі де осындай ұлттық құндылықтардан желі тартып, соның негізінде өз өнерлерін өрістетіп отырғанын байқадық. Ұлттық ән-әуенімізді, күйлеріміз бен жырларымызды өз нақышынан айырмай, замана үнімен үндестіріп, насихаттауда. Бұл мәселеге жете мән беріп келе жатқан орталық жетекшілері мен өнерпаздарының еңбегі зор.
– Биыл сәуір айында жыршы-термешілер мен ақындар орталықтарының әр қайсысына бір-бір штат бөлініп, қызметкерлеріміз бірден міндеттеріне кірісіп кетті. Жалпы бұл үйірменің ерекшелігі – жеті жастан бастап қабылдаса, одан жоғары жасқа шектек жоқ. Мәселен, 35-40, тіпті 50 жастан асқан осы ұлттық өнерді үйренгім келеді, өз білгенін әрі қарай шыңдаймын деген жандарға есігіміз айқара ашық. Үйірме тегін, мұнда оны дамытуға, біліктілікті арттыруға барлық жағдай жасалған. Бүгінгі таңда, ақындар орталығында Аяулым Жұмабекқызы дәріс берсе, жыршы-термешілер үйірмесінде Жарқын Рақымшқаш жас өрендердің шеберліктерін шыңдайды. Кәсіби ұстаздарымыз бірден орталыққа келген балаларға жыр-терме немесе өлең шығартып үйретпей, алдыңғы кезекте халық әндерінен бастап үйретеді, – дейді аудандық Мәдениет үйінің директоры Анар Бөлекбаева.
Өткен жылы жұмыстарын бастаған орталықтардың шәкірттері республикалық, облыстық, аудандық байқаулар мен фестивальдерге қатысып ақындар айтысын өткізіп, халық шығармашылығы жетістіктерін насихаттап келеді екен. Атап айтқанда, биылғы жылдың өзінде ақындар орталығының шәкірттері ауданда өткізілген Абай оқулары байқауында Элеанора Азатова үшінші орынды, Д. Қонаевқа арнаған жас ақындар мүшайрасында Ерасыл Жұмабек бас жүлдені, «Дана халықтық дара перзеенті» сайысында Айгерім Асқарова екінші орынды иеленген. Ал додалы облыстағы жарыстардан Рауан Нұршабеков пен Ерасыл Жұмабек жүлделі І дәрежелі дипломдармен марапатталған. Бұл жетістіктерінің басы ғана, әлі де шеберліктерін шыңдап, дайындалып жүрген байқаулары жетерлік. Ал, жыршы-термешілер орталығында осы уақытқа дейін жетістікке жетіп жүрген балалармен қатар, өнерге енді қадам басып келе жатқан талапкерлер де бар. Олардың әрқайсымен жекелей жұмыс істейтін тәлімгері таланттарды дамытып, жеткіншіктерді алға қалай жетелемек. Сондықтан алдағы байқауларда орталықтың абыройын асқақтатуға бар күштерін салып жатыр.
Ауданымыздағы өткен жылы ғана ашылған ақындар мен жыршы-термешілер орталықтары уақыт көшінен, заман ағымынан қалмай жемісті қызмет етіп келе жатқанын байқадық. Алға қойған мақсаттары – айқын. Жоба-жоспарлары да тартымды. Ұлттық салт-дәстүрлерімізді, мәдениетіміздің небір ғажайып үлгілерін ұқыпты етіп жеткізе білудегі шеберлеріктері өз алдына бір әңгіме. Демек, бұл жас орталықтың рухани құндылықтың насихатшысы деп атауымызға толық негіз бар. Өнерді қадір тұтқан ұжымның алар асулары әлі де биік боларына сенім мол. Дәстүрлі өнер мен салт-дәстүрді қастер тұтып, баба мұрасын құрметтейтін рухани кемел ұрпақ тәрбиелеуге ден қойған тараптың жұмысына біз де сәттілік тіледік.
Бұрым ОРЫНБАСАР.