«Ит – жеті қазынаның бірі» дейді дана халқымыз. Тарихқа сүйенсек, иттің адалдығы оның қастерлі жануар екенін дәлелдеген. Сол себепті олар қазыналардың қатарына жатқан көрінеді. Осыған байланысты қазақтар итті жыл санауының атауына кіргізіп, ол жайында ертегілерде де түсінікті етіп жазған. Алайда, біз қастерлі деп отырған жануардың жыртқыштық қасиеті бар екенін де ұмытпағанымыз жөн. Бұрын ия, ата-бабамыз итті мал күзетуге, аң аулауға пайдаланғанын білеміз. Бірақ, қазір қоғамдағы иттің рөлі әртүрлі. Мәселен, біреу үйқамақта күзет ретінде пайдаланса, арнайы басқа иттермен төбелестіру үшін баптайтындар да бар, одан қалса, асыл тұқымынан тараған күшіктерін саудаға салатындар да баршылық. Жарайды, бұларды қойшы, бұл аталғандар заман талабына сай қалыпты жағдай шығар, дегенмен де, көше кезіп жүрген қаңғыбас,бұралқы иттердің зияны – қазіргі таңда майшаммен қаралатын мәселеге айналып бара жатқандай. Мұндай жағдай барлық жерде кездесетіні айдан анық. Ендеше, иттерге қатысты, оның ішінде қаңғыбас иттер туралы осы тақырыптың төңірегінде ой өрбітіп, халық назарына ұсынсақ дейміз.
Бүгінде қаңғыбас иттердің жүрген жері тұрғындар үшін өте қауіпті орындарға айналып келеді. Олар алдымен жұқпалы ауруларды тасымалдаушылар және құтыру белгілері байқалғанда адамға шабуыл жасайтындары тағы бар. Оның арты өлімге әкеліп соқтыруы әбден мүмкін. Жалпы, бұл қаңғыбас иттер көбінесе асыраушысы жоқ болғаннан немесе адасып кетуден пайда болады. Ал, мұндай иесіз жүрген иттер әр жерді паналап, қоқыс қалдығынан тамақ жеп күн көріп жүретіні айтпасақ та белгілі. Сондықтан олармен күресу әлем бойынша бітіспес мәселеге айналып кеткен. Мысалға, дамыған елдерде қаңғыбас иттермен күресу үшін арнайы ереже қабылдап, шара қолданады. АҚШ-та бүкіл итті қадағалау қағидасы 1976 жылы бекітіліп қойған және ол тұрғындардың бәріне ортақ. Оларда қаңғып жүрген иттерді мамандар ұстап алып, тексеріп, ауруы болса емдеп, көше кезіп жүрген жануарларға арналған баспаналарға тапсырылады. Сол жерден полиция офицерлерінің көмегі арқылы иттердің қожайындары іздестіріліп, қолдарына табысталады. Ал, Германияда «Жануарлар құқығы» деп аталатын арнайы қабылданған заң бар. Неміс халқы мұндай заңды бекіткен алғашқылардың бірі (2002 жылы қабылдаған). Бұл мемлекетте әр жануарға жауапкершілікпен қарамаған қожайындар әкімшілік жазаға тартылып, айыппұл арқалайды екен. Егер олар итті көшеге қараусыз шығарып тастаса, 25 мың евро көлемінде айыппұл төлейді.
Тағы бір мысал ретінде көршілес жатқан Ресей мемлекетін айтсақ болады. Оларда қаңғыбас иттер қоғамға зиянын тигізбесе, еркін жүруге рұқсат берілген. Егер адамға шабуыл жасап, қандай да бір залалын келтірген жағдайда, құтырып кетсе, атып тастау шарасы қарастырылған. Сондай жолмен ғана қауіпті қаңғыбас иттердің санын азайтады екен.
Ия, өзге мемлекеттерде қаңғыбас иттермен осылай күресіп жатса, біздің елде сол бұралқы жануарлармен қалай күреседі деген орынды сұрақ туындайтыны анық. Сол бойынша айтып, ол иттердің біздің қоғамдағы алар орны туралы ашып, кеңінен тоқталайық.
«Ветеринария туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабының 4-тармағына сәйкес қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулауды және жоюды арнайы мемлекеттік Ветеринариялық ұйымдар жүзеге асырады. Енді осы Заңның айналасында атқарылатын жұмыстарды бір саралап өтсек дейміз.
Біздің елде қаңғыбас иттерді арнайы оқшаулайтын орындарда қамап ұстайды. Бұл жерде ит, мысық атаулының бәрі үш күнтізбелік күн аралықта тамақтандырылып, асырау жағдайы қарастырылған. Егер осы уақыт аралығында қожайындары іздеп келмесе немес асырауға сұрап алынбаса, ол ит-мысықтар Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынбаған дәрілік жолдармен жансыздандыру тәсілі қарастырылған. Барлық өлекселер мал қорымдарда, биотермиялық шұңқырларда жою арқылы жүзеге асырылады.
Осындай Заңға сәйкес өзіміздің ауданымызда да ветеринарлық-санитарлық қауіпсіздік қатаң сақталып келеді. Аудандық ветеринарлық станция мамандарының дерегіне сүйенсек, жыл басынан бастап қаңғыбас иттерге деген арыз-шағымдар саны аз емес. Биылдың өзінде тұрғындардың берген өтініштері бойынша 3917 қаңғыбас иттер құрықталған. Олар арнайы бригаданың және жергілікті әкімшілік маманның қатысуымен жүзеге асырылып отырған. Ол жұмыстың процесі ашық түрде жүргізіледі. Алдымен тұрғындардың шағымдарына байланысты иттерді аулау кезінде өтініш иесі куәгер ретінде шақырылып, түсінік алынады. Онда ауланған иттің саны мен жұмыстың қай күні атқарылғаны көрсетіледі. Ал, қаңғыбас иттерді ұстау кезінде оларды ату немесе ұйықтату тәсілдеріне рұқсат жоқ, өйткені, қоршаған ортаға зиян тигізбеу керек. Құрықтау кезінде арнайы ілгекті лақтыру әдіс-тәсілі пайдаланылады.
Қаңғыбас иттердің көп торуылдап жүретін орны қоғамдық орталар. Оның ішінде саябақтар, базар маңы мен іші, қоқыс жәшігінің төңірегі, демалыс орындар, стадиондар бар. Сосын олар қыс кезінде жылы орындардан пана іздейді. Әсіресе, қалалық жерлерде көп қабатты үйлердің жертөлесінде де кездесіп жатады. Мұндай жерлерді адамдар көп жағдайда тамақ қалдықтарымен, қоқыстарымен ластап жүреді. Сондықтан осындай ортада қаңғыбас иттер көп айналшақтап, бір орынды дәндеп алады.
Ит атаулының бойында құтырма аурудың да бар екенін ұмытпағанымыз жөн. Онымен ауырған иттердің мінез-құлқы, жүріс-тұрысы өзгеріп, оғаш қылықтар байқала бастайды. Мысалы, ит себепсіз үріп немесе еңсесі түсіп, үретін жерде үрмей, адамдарға, малдарға, заттарға себепсіз тап беріп, өзін-өзі тістеп, тамақ ішпей, көзіне көрінген заттарды: ағашты, тасты, сабынды тістеп шайнайды. Үрген дауысы қырылдап, аузынан сілекей мол бөлінеді. Егер ауырған ит босанып кететін болса, ол бұрылмай, тікелей жүріп, жолдағы кездескен аңдар мен адамдарды алдын ала үрмей-ақ, бірден тістей жөнеледі. Бұл аурумен ауырған ит ауру басталғаннан кейін бес-алты күннен кейін өледі. Ал, осындай белгілері байқалған сәтте иттер адамға тап берсе, өлім қаупіне әкеледі.
Бізде аудан бойынша әр ауылдық округтерде ветеринарлық пункт меңгерушілері мен мал дәрігерлері иттердің қожайындарына жұқпалы аурудан сақтану шаралары мен оларды үнемі бақылауда ұстау туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізіп отырады. Оның ішінде құтырма сияқты басқа да инфекциялық, паразитарлық ауруларға қарсы егу жұмыстары қарастырылған. Яғни, иттер 2 айлық жастан бастап ветеринарлық ұйымдарда тіркелініп, арнайы куәлік беріледі. Онымен қоса, біз айтқан ауруды болдырмау үшін егілуі міндеттелген.
Ал, енді құтырған иттер тақырыбынан сәл ауытқып, арнайы төбелеске бапталатын иттер жайлы аз да болса мәлімет келтіре кетсек. Өйткені, олардың да қоғамдағы қауіптілігі барын ұмытпауымыз керек. Қазір жыртқыш тұқымды иттерді баптаушылар күнкөрістің кәсібіне айналдырып алғандар жетерлік. Олар ит шағыстыратын ареналарда бір-бірін талатып, қан жоса қылдыруды сайысқа айналдырып алған. Қай қожайынның бапталған питбул, неміс овчарка сымақтары талаудан бірінші орын алса, бәске тігілген қомақты қаржы сол қожайынға бұйырады. Әрине, ақша ешкімге артық етпейді, алайда, осы жыртқыш иттердің адамға шабатын әрекетін де ескерген абзал. Қарапайым мысал ретінде, өткенде ғана Талдықорған маңындағы бір ауылды жердің отбасындағы қайғылы қазаны айтсақ болады. Жаңағы біз айтқан питбул тұқымдас иттердің жеті түрін асыраушы азаматтың жыртқыштары 7 жасар баланың өліміне себепші болды. Қос иттің ақсиған азу тістері өрімдей жас баланың сау-тамтығын қалдырмай, бақилыққа аттандырды. Міне, «ит екеш ит те иттігін істемей қоймас» деген осыдан шығады.
Абай хакім айтқандай: «Күшік асырап ит еттім, ол балтырымды қанатты» деген нақыл сөзі еріксіз ойға оралады. Сондықтан ит атаулыдан барынша сақ болайық. Қараусыз жүрген қаңғыбас төбеттердің қауіптілігін, жоғарыда көрсеткендей, оларға қолданар шараны да ұмытпағанымыз абзал.
Дидар МУХАМАДИЕВ.