Қазыналы қарияларға қай кезде де құрмет көрсетсек артық болмас. Әсіресе, қазанның алғашқы күні атап өтілетін Қарттар күнінде олардың көңілдері көктем болып, жандары жаздай жайқала түсетіні тағы бар. Айтулы мерекенің маңызы ерекше болғандықтан, бұл күннің қарсаңында атқарылатын шаралар ешқашан ұмыт қалмайды. Оның бір айқын дәлелі – Райымбек ауылдық округіндегі Абай 1 орта мектебінде «Қарттарым – асыл қазынам» атты өткен тағылымды шара. Аталмыш округтің әкімі Ержас Тоқтасынов бастамашыл болған мерекелік басқосудың мәні де, маңызы да ауыз толтырып айтатындай болды. Арнайы түрде бұл шараға құрметті қонақтар да шақырылды.
Мерекелік шара барысында ақ тілектер ақтарылып, жылы лебіздер айтылып, округтегі ата-әжелердің атқарған еңбектері сөз болды. Қадірлі меймандардың бірі, ауыл ақсақалы, Алматы облысының Құрметті азаматы, «Парасат» орденінің иегері Тоққожа Естенов сөз сөйлеп, ізгі тілегін айтып, сый-сияпат ретінде «Сарыағаш» шипажайында демалу үшін екі жолдаманы тарту етті.
Сонымен қатар, округ әкімі Ержас Серғазыұлы, аудандық мәслихат депутаттары Талғат Ажибек, Азамат Мұратұлы, Райымбек ауылдық округі ақсақалдар кеңесінің төрағасы, Қарасай ауданының Құрметті азаматы Леміс Әбдікерімов мерекеге орай ақжарма ақ тілектерін жеткізіп, Қарттар күнінің маңыздылығына тоқталды.
Шара барысында қонақ болып келген ата-әжелерімізге естелік сый-сияпаттар тарту етіліп, кеш соңында мерекелік дастархан жайылды.
Осылайша мерекелік басқосу қазыналы қарттарымызға деген құрмет пен ілтипаттың, сондай-ақ ұрпақтар сабақтастығының айқын көрінісіне айналды
Тағы бір ерекше атап өтерлігі, осы кеште ауылымыздың ардақты ата-әжелерінен құралған «Дариға-ай дәурен» ансамблі әсем әуендері мен әсерлі өнерлерін ұсынып, көпшіліктің ықыласына бөленді.
Сондай-ақ ансамбль құрамындағы әжелеріміз бен аталарымызға арнайы Алғыс хаттар табысталып, олардың ауыл мәдениетіне қосқан үлестері ерекше атап өтілді.
Айта кетейік, «Дариға-ай дәурен» ансамблінің еңбектеніп, өнер көрсетіп жүргеніне көп уақыт өткен жоқ. Оның құрылуына Райымбек ауылдық округі ақсақалдар кеңесінің төрағасы Леміс Әбдікерімов, Аналар кеңесінің төрайымы Батима Айтқазықызы себепші болды.
Бүгінде өнерпаз қариялардың жеткен жетістігі жоқ дей алмаймыз. Анығын айтқанда, «Анаға құрмет» музейінің 10 жылдық мерейтойы аясында ұлттық мұрамызды, озық салт-дәстүрімізді дәріптеу, бесік жырының баланы дамытудағы заманауи мүмкіндіктерін анықтау мақсатында ұйымдастырылған «Дәстүрді дәріптеген әжелер» байқауында бас жүлдені жеңіп алды. Мамыр айында Абай ауылындағы Мәдениет үйінде концерт қойып, ауыл тұрғындарының ыстық ықыласына бөленді.
Өз тілшіміз.
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
