Ағымдағы жылдың 25 қарашасы мен 10 желтоқсан аралығында республика аумағында «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акциясы бастау алған болатын. Осыған орай біздің аудамызда да бірқатар іс-шаралар қолға алынып, түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Өткен аптаның сенбісінде Шамалған ауылындағы «Атамекен» тарихи-мәдени орталығында аудандық полиция қызметкерлері аталмыш акция аясында аудан жастарымен кездесу өткізді.
Жастарды әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты болдырмау және оған қарсы күрес, ана мен баланы қорғау, қоғамдағы отбасының рөлін күшейту үшін қабылданған шаралармен таныстыру мақсатында өткен басқосуда аудандық Полиция басқармасы Жергілікті полиция қызметі бөлімі Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы, полиция майоры Эльмира Есенбаева аталмыш акция аясында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Нақтырақ айтқанда, «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикасы туралы» Заң талаптары айтылып, әйелдерге қарсы зорлық-зомбылық, олардан әйелдерді қалай сақтандыру, оның алдын алу мәселелері де әңгіме арқауына айналды. Сондай-ақ, шараға қатысушы жастар әр тұлғаның құқықтары мен міндеттері, жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу және құқық бұзушының әкімшілік, қылмыстық жауапкершілікке тартылуы туралы, сонымен қатар, зорлық-зомбылықтың алдын алуы жайындағы ақпараттармен таныстырылды. Мұнан бөлек, оларға отбасы немесе өзге адамдардан қысым көрген жағдайда не істеу керектігін және де қай жерге жүгіну болатындығы жайлы да айтылды.
Шара соңында қатысушыларға әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық пен кемсітушілік мәселелері туындаған кезде іс-қимыл алгоритмі жазылған ақпараттық парақшалар таратылды.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.