Сұранысқа ие кәсіп түрлері жылдан жылға артып келеді. Соның ішінде күндері «жұмыс-үй», «үй-жұмыс» деп өтіп жатқан адамдарға ыңғайлы болу үшін жасалған жылдам дайындалатын тағамдар кәсібін ерекше атап өтуге болады. Себебі бүгінгі күні қай дүкенге бара қалсаңыз да, әлеуметтік желі парақшаларын ашсаңыз да жартылай дайын тамақтың түр-түрін көре аласыз. Ал сұраныс пайда болған жерде оны қамтамасыз ететіндердің көбейетіні анық. Бір жегеннен дәмі аузыңда қалатын, тіл үйірер тағамдар дайындайтын Қарасай ауданының тұрғыны, көп балалы ана Марал Суранчиева – соның дәлелі. Газетіміздің осы нөмірінде оқырмандарымызды Марал ханымдай еңбекқор, тамаша жанмен таныстырып өтетін боламыз.
Кәсібін енді дөңгелете бастаған Марал Суранчиева – бүгінде Іргелі ауылдық округіне қарасты Көксай ауылының тұрғыны. Сыртынан қарап-ақ кейіпкеріміздің өте белсенді, өміршең және бастамашыл, бір орында бос отыруды ұнатпайтын, үнемі қозғалыста жүретін адам екенін түсінуге болады. Сондықтан болар бес баланы өмірге әкеліп, декреттік демалыста болған кезінде ол бала тәрбиесі мен үй шаруашылығын реттеумен қатар өзінің ісін бастауды армандап, сол бағытта жұмыс істей бастаған.
Ата-анасы көптеген ауылдың тұрғындары секілді мал шаруашылығымен айналысқандықтан, ол бала кезінен бастап ұсақ және ірі қара малды бағу тәжірибесіне ие болғандықтан, алғашқы кездері сиыр өсіріп, оның сүтінен айран, ірімшік, құрт және тағы да басқа сүт өнімдерін өндіруді қолға алады. Таныстарынан жеке кәсібін бастағысы келетіндерге мемлекет тарапынан грант берілетінін естіп, ісін бастау үшін көмекке жүгінуге шешім қабылдаған. Өкінішке орай оның бұл ойы комиссия мүшелерінің қызығушылығын тудырмады. Сәйкесінше, Марал грант иегерлері қатарына кірмеді.
Дегенмен, қандай жағдай болса да, артқа шегінуді ұнатпайтын кейіпкеріміз біраз уақыттан кейін үйде манты, тұшпара және самса сияқты жартылай фабрикаттарды жасап, сату идеясын ойлап табады. Бұл ісі бастапқы кезеңде тоқтап қалмауы үшін ол дайын өнімдерін алып, күнделікті көптеген дүкендер, кафелер мен асханаларды аралау жұмыстарын жүргізген. Тіпті, оның өнімдеріне онша қызықпаған сатушыларға сапасының жақсы екенін түсіндіру үшін өздері пісіріп, жеп көрсін деп жарты килограмм тұшпарасын тегін берген екен. Нәтижесінде дүкеншілердің көбіне Маралдың жартылай фабрикаттары қатты ұнап, тапсырыстар түсе бастапты. Онымен қатар бірқатар асханалар мен кафелер де тапсырыс берген. Сөйтіп, оның үйде жасалған өнімдеріне сұраныс айтарлықтай арта түсіпті.
Осы істі бастауға сол кезде кейіпкерімізбен бірге бір үйде тұрып жатқан келіні көмектескен. Екеуі бірге күні-түні манты, тұшпара және самса түйіп, сатумен айналысқан. Бірақ кейін туысы босанып, декреттік демалысқа шығады. Осыған байланысты Марал жалғыз өзі үлкен тапсырыстарды орындай алмайтынын түсініп, тек дайын қамыр жасауға көшкен. Жай ғана қамыр болғанның өзінде уақыт өте оған да сұраныс жоғарылапты.
Жалпы қамырды илеу үшін, әсіресе, үлкен көлемде илеу үшін қолдың күші мықты болуы керек. Сондықтан бүгінде кейіпкерімізге әскери қызметте жұмыс істейтін жолдасы Ғалымжан мырза көмектеседі. Марал негізгі жұмысынан келгенше күйеуі қажет көлемде қамырды илеп, май жағуға дайындап қояды. Әсіресе, жолдасының көмегі 150 келіге дейінгі үлкен тапсырыстар келгенде аса қатты байқалады. Сондай-ақ аналарына балалары Мөлдір, Бекзат, Жанбота, Қаламқас және Жантөре де барынша қолдау көрсетеді. Арнайы қаптаманың сыртына жапсырылатын логотипті басып шығарып, кесіп, жапсыруға көмектеседі. Үлкен ұлы тапсырыс түскен кезде таңертең тұрып, әкесімен бірге дайын өнімді жан-жаққа таратумен айналысады. Маралдың бастапқыда өзі үшін бастаған кәсібін жүргізуге бүгінде барлық отбасы мүшелері атсалысуда.
Кейіпкеріміз қазіргі уақытта өз өнімдерін «Ақ келін» деген атаумен сатуда. Оның жеке брендін осылай атауына көршілері ықпал еткен. Ашып айтқанда, алғаш өнімдерін жасай бастағанда Марал көршілес тұрып жатқан зейнет жастағы ерлі-зайыптыларға дәм татсын деп апарып берген. Сол кезде көрші ата кейіпкерімізді өте жақсы әрі пысық адам деп оған «Ақ келін» деген атау береді. Осылайша, үлкендердің батасымен жаңа брендтің атауы пайда болады. Ал зейнет жастағы көршілері оның түйілген тұшпарасын ерекше ұнатқаны соншалықты әлі күнге дейін дүкеннің дайын тұшпарасын алмай, Маралға жиі тапсырыс беріп отырады екен.
– Қазіргі таңда мен төрт асханамен серіктестік орнаттым. Біз оларға үш күн сайын 80-нен 150 келіге дейін әртүрлі қамыр жеткізіп береміз. Осы бизнесті жүргізіп жүрген кезімде, тағы да бағымды сынап мемлекет тарапынан берілетін 400 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі грантқа өтініш бердім. Қуанышыма орай бұл жолы сәттілік маған күлімсіреді, бизнес-жоспарымды комиссия мүшелері мақұлдады. Менің ойымша, бұл жолы маған гранттың мақұлдануы мен жаңа бизнесті емес, істеп тұрған кәсіпті ұсынғандығымнан болды деп ойлаймын. Сөйтіп, грант алғаннан кейін біз қамыр илеу және жаюға арналған жабдықты, сондай-ақ өнеркәсіптік ет тартқышты сатып ала алдым. Күйеуім екеуміз өзіміз пайдалану үшін «шоковый холодильник» деп аталатын арнайы мұздату жабдықтарын да сатып алдық. Ол «бір күннің ішінде көп қамыр жасап беріңізші» дегендерге үлкен көмек болады. Себебі «шоковый холодильник» өнімдерді небәрі 30 минутта қатырып тастайды. Одан кейін біз қатқандарды жай мұздатқыштарға салып қоямыз да, тапсырыс беруші қоңырау шалғанда апарып береміз. Жолда өнімдеріміз ерімейді де, бұзылмайды да.
Біздің отбасылық кәсібіміз біртіндеп өнеркәсіптік ауқымға ие болып, дамып келеді. Бұл ретте осындай мүмкіндік берген мемлекетімізге үлкен алғысымды білдіргім келеді. Мен секілді қарапайым адам үшін қайтарымсыз грант үлкен көмек болып табылады, – деді көп балалы, кәсіпкер ана.
Маралдың тағы басқа ерекше өнімдері бар. Олар – теңіз шырғанағы (облепиха), таңқурай, құлпынай, алма және өріктен жасалған джем (варенье). Алдымен ол оларды шағын құтыға құйып, негізгі өнімдерімен бірге сыйлық ретінде тұтынушыларына жіберіп отырған. Дәмін татып, ұнатқан адамдар кейіннен жартылай фабрикатпен қоса джемге де тапсырыстар бере бастады. Сөйтіп, Марал бүгінде негізгі өнімінен бөлек тәтті әрі денсаулыққа пайдалы джемді шығарып, өзінің тұрақты тұтынушыларын тапты.
– Шырғанақ джемі әсіресе танымал. Себебі оның құрамында теңіз шырғанағынан басқа да көптеген пайдалы ингредиенттер бар. Олардың ішінде имбирь, апельсин, мандарин, жаңғақ және тағы да басқа қоспалар жетерлік. Кейбір адамдар 10-12 литрге дейін тапсырыс береді. Сондықтан бұл бизнеске де сұраныс бар. Оған деген тапсырыс әсіресе, күз бен қыс айларында яғни, суық тидіруден немесе дәрумендердің жетіспеушілігінен зардап шегетін адамдар тарапынан көп түседі, – деді Марал.
Бүгінде өзінің шағын отбасымен жұмыс істеп жатқан кәсіпкер халықтың тек ризашылығына бөлінуде. Бұл да үлкен еңбектің арқасы, жасап жатқан жұмыстың жемісі. Болашақта ол шағын өндіріс цехын ашып, қамыр мен джем өндірісін одан әрі кеңейтіп, бірнеше адамды жұмыспен қамтығысы келеді. Бұл, әрине, уақыттың еншісінде. Ал біз өз тарапымыздан еңбекқорлықпен, күш-жігермен, бастамашылығымен және басқаларға жақсылық жасауға деген ынтасымен табысқа жететініне сенетін Марал Суранчиеваға тек сәтілік қана тілейміз!
Ақтоты
МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
