Ауылдың жағдайын жақсарту үшін мемлекеттік деңгейде түрлі жұмыстар атқарылып жатқанымен, күні бүгінге дейін шешілмей жатқан мәселелер жетерлік. Тіпті, кейбір елді мекендер қаланың немесе аудан орталығының дәл маңында орналасқанымен, олардың даму бағыты баяу екені байқалады. Солардың қатарында Талғар ауданына қарасты Кеңдала ауылдық округіндегі Ақдала ауылы да бар. Мұнда қазіргі таңда үш мыңға жуақ халық тұрады. Урбанизация үрдісі тоқтаусыз жүріп жатқан елді мекен ретінде ауылдың аумағы жыл сайын кеңейіп, жаңа құрылыстың қарқыны да едәуір байқалуда. Осындай жаңадан салынған тұрғын үйлердің пайда болуынан әдеттегідей кезекті әлеуметтік мәселенің туындайтыны айтпасақ та белгілі. Оның ішінде жол, ауыз су, жарық, интернет, көгілдір отынмен қамту мәселесі бар. Ауылдың бірнеше көшесі реттелмегендіктен тұрғындар көктем мен күз айларында тізеден балшық кешеді. Бұл жағдайдан жергілікті биліктің бұрыннан хабардар екенін айтқан жұрт, нақты шешім қабылдауға келгенде тиісті органдардың құлықсыздық танытатынына наразы. Қарапайым халықтың айтуынша, бүтін бір алқапқа шашырай орналасқан жұрт интернет былай тұрсын, қарапайым ұялы байланысқа зәру.
Жергілікті әкімдіктегілердің сөзіне сүйенсек, бүгінде еліміз 97% ғаламтормен қамтылған. Қазіргі кезде елімізде 117 қала мен 3324 ауылда кең жолақты интернет қолжетімді. Ол әртүрлі технологиялармен қамтамасыз етілген, солардың ішінде талшықты-оптикалық желі, 3G және 4G желілері бар. 2018 жылы Қазақстан әлемдік рейтингте ұялы байланыс абоненттері бойынша 21-ші орынға ие болған деген ақпар бар. Алайда бұл жақсы жаңалыққа мына ауылдың еш қатысы жоқ сияқты.
Жақында жоғарыда аталған мәселені Ақдала ауылының тұрғыны Арай Байжанова алға тартып, Жаңақұрылыс көшесінде ұялы байланыс желісі мүлдем ұстамайтынын жеткізді. Айтуынша, Ақдала ауылында интернет те, асфальтталған жол да жоқ. Ал көпбалалы ана Залина Жұмашева негізгі мәселе интернет қана емес, басқалары да жетіп артылатынын айтуда.
«Жолымыз көктем болса аяқ алып жүргісіз. WhatsApp-та келген хабарларымыз 5 сағат ойланып барып ашылады. Beeline-ның өзі зорға ұстайды. Оның өзінде ары-бері жүріп, ыңғайлы жер іздеп туыс-туғандарымызбен әупірімдеп әрең хабарласамыз. Ауыл тұрғындары болып Tele2 операторына хабарласып, мән-жайды түсіндірдік. Бір айдан кейін орнатып береміз деп уәде беріп, олар да жоқ болып кетті. Бұл жағдай бірнеше рет қайталанды. Балаларыма қосымша сабақ ретінде онлайн оқу-әдістемелік бағдарлама сатып алып едім. Бірақ интернет дұрыс ұстамағаннан кейін оны оқи алмай отыр. Төлеген ақшам бекер күйіп кетті», – деп ашынуда көпбалалы ана З.Жұмашева.
«Бізде интернет, wi-fi байланыс атымен жоқ. Бұған қоса жолымызға тіпті қиыршық тас та төселмеген. Айта-айта құрғақ уәдеге тойған Жаңақұрылыс көшесі тұрғындарының жанайқайына құлақ түріп, түйткілді мәселенің түйінін шешуге қол ұшын берсеңіздер, газет оқырманы ретінде қуанып қалар едік. Бұл көше «лай-батпақ» көшесі атанғанына талай жыл болды. Себебі айрандай езілген көшеде аяқ басар жер жоқ. Әсіресе балаларымызды мектепке апару қиынға түсіп отыр. Облыс, аудан әкімінің сайтына қанша жазғанымызбен, құрғақ уәдеден басқа жауап естімей келеміз. Сондықтан ауылымызға келіп, қалыптасқан жағдайды өз көздеріңізбен көріп, халықтың жанайқайын тиісті орындарға жеткізулеріңізді сұраймыз», – дейді ауыл тұрғыны Мадина Сқақова.
Жалпы сырт көзге Ақдала ауылының жаңа қоныс аумағында басы артық мәселе жоқтай көрінеді. Үйлерде жарық бар, орталық су құбыры тартылған. Алайда тұрғындар бұл жетістікке өз күштерімен қол жеткізгенін айтады. Өйткені жарыққа қосылу, су құбырын үйге тарту және газ құбырын жүргізу үшін әр үй қомақты қаржы жинаған. Мәселен, бұл маңның тұрғындары жарық үшін 200-300 000 теңге, су құбыры үшін 100 -180 000 теңге көлемінде ақша жұмсаған. Ал көшені жөндеуге қарапайым адамдардың күші жетпейтіні анық. Бұл ретте өптің көкейінде жүрген көп мәселені жеткізген ауыл тұрғыны Айжан Бұхара: «Біз де қарап жатпай, өзіміз тұратын ауыл болғасын қолдан келген шаруаны атқарып жатырмыз. Үй-үй болып есік алдына, ортақ көшеге тас төсеуге тырысып-ақ келеміз. Бірақ біз төккен тас пен құм жерге сіңіп, жол болып жарытпай тұр. Көктемде жаяу жүру қиямет. Көліктер де жиі батып қалады. Оқушыларды үлкен жолға дейін жетелеп апарып, аяқ киімдерін ауыстырып кигіземіз. Балаларымызға аяқ-киімді 4-5-тен жұптан алып береміз. Тек аралықта қалаға өтетін үлкен жол бар. Сол тұстан балалар өтетін жаяу жүргінші жолағын салып беруді сұраған едік, әкім былтырғы есеп беруінде уәде еткен, әлі орындалған жоқ», – дегенді ашып айтты. Ал Мақпал Әділбекқызының айтуынша, көктем шықса қыз-келіншектер сәнденіп көшеге шығудан қалады. Аяқ киімдерін қос-қостан целлофанға орап көтеріп жүруге мәжбүр. Бұл ауылдағы ең өтімді тауар да осы. Лайдан қажыған жұрт бар болса резеңке етік киіп алғанды жөн көреді.
Тұрғындардың мұң-мұқтажынан хабардар болған Кеңдала ауылдық округінің әкімі Алмас Өмірзақов бұл жайтқа түсінік берді.
«Мен қай жерде, қандай мәселе бар екенін білемін. Бюджет қаражаты жеткенше жасалып жатыр. Осы жылға ұсыныс жібергенмін. Егерде қаражат жеткіліксіз болса, кейінгі жылдарға қалады. Кеңдала ауылына қарасты 112 көше бар. Барлық көшелерді біртіндеп жөндеп келеміз. Ал интернетке келетін болсақ, оған «Қазақтелеком» АҚ жауапты», – дейді округ әкімі.
Ал мәселені біржақты шешу үшін ауыл халқы аудан әкімінің жеке қабылдауына жазылғандарын айтуда. Олар билік өкілінің сөзіне сенген кейіп танытқанымен, жағдайдың жақын арада шешімін табатынына бәрібір күмәнмен қарайды.
Өз тілшіміз.