Қытайдың Хэбэй провинциясында суға абайсызда құлап кеткен тұрғынды құтқарып қалған қазақ азаматы оның досы желі қолданушыларының алғысына бөленуде. Олардың ерлігі көпшілікті бей-жай қалдырмаған, деп хабарлайды Kazinform.
Агенттіктің жазуынша, әлеуметтік желіні шарлап кеткен бейнежазбадан белгілі болғандай, 4 ақпан күні түс кезінде тұрғындардың бірі қаланы қақ жарып өтетін Ханьцзян өзеніне байқаусызда құлап кеткен, ізінше оның қызы да әкесін құтқармақ болып өзенге секіреді. Жақын маңда жүрген 39 жастағы Ілебай Досымбекұлы айқай-шуды естіген бойда ақбоз атына міне сала өзенге қойып кетіп, суға құлаған ер адамды аман-есен жағаға шығарған. Ал Ілебайдың досы, қала тұрғыны Су Шаогао бойжеткен қызды судан аман алып шыққан. Дер кезінде құтқарылып, уақтылы жәрдем көрсетілгендіктен ер адамның жағдайы жедел тұрақтанған. Оқиға орнынан оны туысқандары алып кеткен. Жергілікті Jimu News ақпараттық агенттігінің жазуынша, Ілебай сол күні досымен бірге өзен бойындағы алаңқайға Байлун есімді бәйге атын баптауға барған. Ер адамның суға кеткенін алдымен Ілебайдың досы Су Шаогао байқап қалып, аттан салған, Ілебай ақбоз атпен Ханьцзян суына тұра ұмтылған. Су сүйектен өтердей суық болған. Ол ер адамның қасына жеткенше, су аттың сауырына дейін көтеріліп үлгерген. Абырой болғанда өзен ағысы баяу болып, ол суға кеткен ер адамның қолын бірден қармап, жағаға сүйреп шығарған. «Жылқы есті жануар ғой. Мен атыма сендім. Жағаға жеткенде судан тайсалып, сәл іркіліп қалды. Қарасам, судағы адамның төбесі ғана қылтияды. Ойланып тұрмастан тебініп қалдым, ақбоз ат өзенге бір-ақ қарғыды», — дейді Ілебай. Қытайлық БАҚ-тардың жазуынша, Ілебай Досымбекұлы Қытайдың Іле қазақ автономиялық облысының тумасы. 6 жасынан бастап бәйгеге шапқан оның өмірі ат үстінде өтіп келеді. Ол қазір Сяньтао қаласының іргесіндегі шаруа қожалықтарының бірінде бақташылықпен айналысып жүр. Ілебайдың ерлігі ақпарат құралдарында насихатталып, батыл әрекеті мен кәсіби шеберлігі әлеуметтік желіде кеңінен талқыланып, қоғам мүшелерінен мақтау алған. Желі қолданушылары оны «нағыз рыцарь», «ақбоз атты қаһарман» деп дәріптеп жатыр. Ал Сяньтао қаласының билігі Ілебайды жергілікті деңгейдегі «Ерен ерлігі үшін» марапатына ұсынып, оған 10 мың юань (шамамен 700 мың теңге) ақшалай сыйлық табыстаған.