Қалай десек те, ақ батаның жөні де жолы да бөлек. Қазақ қазақ болғалы ақ батамен көгеріп-көктеп, өсіп-өніп келеді. Ақ батамен ел-жұртымыз қыз ұзатып, келін түсіріп, немере сүйіп жатады. Бір шаруасын бастаған азаматтың ісі оңына басады. Сапарға шыққан жанның жолы болмай қалмайды. Ақ дастарханға жайылар батаның да орны бөлек. Бір сөзбен айтқанда, батаның жолы жақсы, батаның жолы үлкен. Содан да болар, ел ішінде ақ баталы қазыналы қарттарымыздың амандығын тілеп жүреміз. Кез келген дүниеге, кез-келген тақырыпта ағылып та төгіліп тұратын батагөй қарттарды ұшырастырып қалғанда тіптен қуанып кетесің.
Кеген ауданындағы Саты ауылдық Мәдениет үйінде «Батамен ел көгерер, жаңбырмен жер көгерер» атты ардагерлер арасында байқау болып өтті. Кеген аудандық ақсақалдар кеңесі, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Кеген аудандық филиалы, аудандық ішкі саясат, мәдениет,тілдерді дамыту және спорт бөлімі негіз қалаған игі шараға ауылдық округтерден бір-бір батагой қариялар мен шәкірттері келіп, сынға түсті. Қарияларға аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Сабыр Досымбеков, Саты ауылдық округінің әкімі Рүстем Әлімов ақжарма тілектерін айтып, сәттілік тіледі. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы аудандық филиалының төрайымы Индира Ұзақақ бата туралы мазмұнды әңгімесін ортаға салды.
«Мен батамды берейін», «Бата – тәрбиенің бастауы» секілді бірнеше турдан тұрған байқауда алғашқы сәттен-ақ киген киімі, берген батасы бәрі-бәрі жұртшылықтың ыстық ықыласын тудырған Жалаңаш ауылының қадірменді қариясы Рақымберген Нұрақынов 1 орынға ие болды. Саты ауылының ақылман ақсақалы Есбол Рысбаев 2 орыннан, Қарабұлақ ауылынан келген шежірелі қарт Нұрлан Мамытбеков пен Ұзынбұлақ ауылынан келген Нұрбай Советов екі 3 орыннан көрінді. Жеңімпаздар Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы аудандық филиалының арнайы дипломмен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Көпшілікті ақ баталарымен сусындатқан Болат Таубалдиев, Мақатай Елжанов, Жалғас Сабырбек, Арғынбай Шілікбаев, Жеңісжан Жантаев секілді қарияларға да лайықты сый-құрмет көрсетілді. Ақ бата жауған тамаша кешті Саты ауылдық мәдениет үйінің жанындағы «Көлсай көлдері» атты әжелер ансамблі, сазгер, әнші Бақытжан Құсайынов, дәстүрлі әнші Гүлбақыт Баймұханбет әсем әнге бөлесе, «Еркеназ» балғын бишілер тобы көркем билерімен айшықтады. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы аудандық филиалының төрайымы Индира Ұзақтың айтуынша салт-дәстүр, жөн-жоралғыларға негізделген мұндай игі шаралар алдағы уақытта барлық ауылдарда, әр түрлі тақырыпта жалғасып отыратын болады. Бұл қуантарлық жағдай. Бәрекелді!
Бұрым ОРЫНБАСАР.
Кеген ауданы.