Қазақы салт-дәстүрдің қаймағы бұзылмаған Кеген ауданында қолдарынан өнер тамған шеберлер көп. Ауылдың қара домалақтарының арасынан тұла бойы неше түрлі өнеріне тұнған азаматтарды көрсең таңдана қарайсың. Мұның бәрі айналасы таңғажайып сұлулығына, өсімдік әлеміне толы өлкенің шапағаты болып келеді. Көрікті Көлсай жақта Қарабұлақ атты әдемі ауыл бар. Осы бір киелі мекеннен басқасын жіпке тізбегеннің өзінде Бөлтірік Атыханұлындай ақын, өз тұсында Қазақстан Республикасының ағаш өңдеу министрі болған Молдан Әлдербаев, генерал Дүйсен Қанибаев шыққан. Дәл осы ауылда белгілі мүсін өнерінің маманы, шынайы шебері Ержан Қожахметұлындай азамат дүниеге келіп, өрнекті өмір жолын жалғастырып келеді. Әсіресе, ағаштан неше түрлі аңдардың, құстардың бейнесін сомдап шығатын мүсінші былтырғы жылдың күз айынан бері қарай шәкірттерін тәрбиелеп игілікті, ұлағатты ісіне кірісті.
– Бұл қолөнер туындымды 2003 жылы жасаған едім. Міне, содан бері тура 20 жыл өтіпті. Әсіресе, ауылға сырттан келген қонақтар қызыға қарап өтіп жатады, – дейді Ержан аюдың мүсінін ұстап қойып.
Тура Ресейдің «Маша мен аю» атты балаларға арналған күлдіргі мультфильміндегі денелі қара аюдың өзі. Екі қолын алдына қуыра ұстап, тау жаққа қөз салып тұр. Рас, ағаштан түрлі аңдардың мүсінін жасауға екінің бірі батына бермейді. Өйткені, бұл жұмыстың қиындығы өз алдына. Ержан ағамыздың қара ағаштан жасайтын мүсіндеріне айлап уақыт кетіп қалады екен. Көбінесе жұмысына діңі жуан көк теректерді таңдайды. Ержандай шебер қолды мүсінші жігіт дәл осынау іске жаратылғандай жан секілді.
Талантты, шебер азамат осы сала бойынша да білімін кәсіби жетілдірген. Ол Алматы қаласындағы республикалық көркем сурет колледжін мүсін өнері бойынша, одан соң Абай атындағы Қазақтың Ұлттық педагогикалық университетінің көркем сурет, графика факультетін тәмамдаған.
– Кішкентай кезімнен-ақ, бейнелеу өнеріне ынтық болып өстім. Әлі есімде, 5-ші сыныпта оқып жүрген кезімде «Кім болам?» деген тақырыпта шығарма жаздық. Сонда болашақта мүсінші болам деп жазғаным есімде. Сол арманым бүгінде орындалғандай. Жүрегім қалаған түрлі жан-жануарлардың мүсінін жасай берем, – дейді күлімдей тіл қатып.
Ағаштан қашап, жасап шығатын аңдары тура өзінен айнымай көз тартып тұратыны қуанарлық. Оны қалаған түспен бояп, жылтыр бояқпен сырлап қойса, ұзақ жылдарға шыдай береді екен. Ержанға арнайы сұраныс беріп жасатып жататын жандар көп. Әсіресе, екі қабатты үйлері бар, есіктерінің алды лайықты гүлмен, тал-терек, жеміс ағаштарымен көмкерілген сәнді аулаларда түрлі аңдардың әсіресе, еліктің мүсіндері тұрғаны ғажап-ақ. Ержаннан естігеніміздей бірсыпыра мүсіндері қоғам қайраткерлерінің есіктерінің алдында тұрған көрінеді. Рас, ағаштан айлап, апталап маңдай терлете жасап шығатын мүсіндердің бағасы да өзін-өзі ақтайтын дәрежеде болады екен. Өйткені, бұл ерінбей еткен еңбектің жемісінен құралады. Жоғарыда сөз еткеніміздей, ағаштан мүсін жасауға екінің бірі бара бермейді. Бұл салада жүрген шеберлер сирек ұшырасады. Біздің Ержандай азаматты тапқанымызға қуанғанымыз содан.
– Менің жасаған аттарым Астана қаласында өткен «ЭКСПО – 2016» атты халықаралық көрмесінен орын алды. Ағаштан жолбарыс, аю, үкі, мысық, бүркіт пен тасбақаны да жасадым. Бір жылқының басын қара ағаштан жасаған едім. Бір ай еңбектенуге тура келді. Жалпы, қазақша 12 айдағы жан-жануарларды түгелдей жасап шықтым, – дейді Ержан өзінің жұмыстарынан хабардар етіп.
Біз сөз етіп отырған ерінбейтін еңбеккер, қажырлы мүсінші, сырлы суреткер Ержан Қожахметұлы қамал алар қырықтың мол ішінде. Ауылда да, қалада да жүрек қалаған ісін істей береді. Өзі секілді шебер қолды азаматтармен Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы әйгілі даңғылды безендіруге атсалысыпты. Өткен жылы Қарабұлақ ауылынан салынған Алланың ақ үйіне де Ержан көп көмектескен. Мешіт ғимаратында көздің жауын алар қолтаңбалары тұр. Бағила Құдайбергеновадай өмірлік жары бар. Кәмиладай қызын, Бексұлтан, Бексейіт, Қазыбек, Аслан атты ұлдарын өсіріп отыр. Қазіргі уақыттағы көп балалы шаңырақ.
– Бір шеберханамды ашсам деген үлкен мақсатым бар. Ынта-ықыласы бар жастар болса, шәкірттерімді тәрбиелеу жағы да ойымда. Қажетті құрал-саймандарымды да толықтап алғым келеді, – деп Ержан алдағы жоспарлары туралы әңгімеледі.
Өткен жылдың бір жаңалығы, Жалаңаш ауылынан бұрынғы оқу-өндірістік комбинат негізінде жаңадан техникалық, шығармашылық әрі кәсіптік бағдар беретін орталық ашылды. Оның ашылуына бірден-бір негіз қалап, елеулі еңбек еткен Бақытгүл Ұзақова атты іскер ана, білікті басшы сол орталық ашылғанда Ержандай мүсіншіге өтініш жасады. Қазір Қарабұлақ ауылынан 15 баланы, Саты ауылынан 15 баланы мүсін өнеріне баулып келеді. Әлен Мирас, Сәкен Әлихан, Жандос Болатұлы секілді талапты шәкірттерінің барын да қуана айтты.
Рас, Ержандай мүсіншінің қолынан шыққан дүниелері Алматы қаласының аймағын ғана емес, республиканың төрінде шарлап жүр десек, артық айтпаймыз. Жеке адамдарды айтпағанда көптеген іргелі мекемелердің, білім ордаларының, балалар бақшаларының айналасына құстарын қондырып, аюларын, арыстан мен жолбарыстарын, әсіресе, әдемі қырдың құралайларын отырғызып қойған. Ағаштан жолбарыс, аю, үкі, мысық, бүркіт пен тасбақаға дейін жасаған. Осыдан-ақ, Ержандай мүсіншінің бойына біткен өнеріне, қол өнерінің шеберлігіне тәнті бола түсесің, риза боласың.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» – деген қанатты сөз бар. Бұл Ержандай шебер қолды мүсінші жігітке арналып айтылғандай. Сөзі де келісті, ойы да ұшқыр. Он саусағы жүрек қалаған ісіне бір беріліп кетсе, жүріп береді. Көп ұзамай тамаша дүниелердің туындап жатқанына куә боласың. Қарабұлақ өңірінен шыққан Молдан Әлдербаевтай қоғам қайраткері жақын әкелері болып шықты. 77 жасына толатын Әрмияхан Әлдербаевадай анасын ауылдағы үйлерінен кездестірдік. Баласының тілеуін тілеп отыратыны жылы жүзінен білініп тұр.
Мүсін өнеріне шәкірттерін тәрбиелеуге шынайы кіріскен Ержанның алдағы жоспарлары жақсы екен. Қарабұлақ ауылындағы ескі мектептің жанындағы жылыту орталығы болған ескі ғимаратты шеберхана жасатсам деген ниетте. Бұған жоғарыда өзіміз тілімізге тиек еткен ағаш өңдеу министрі болған Молдан Әлдербаевтың бір асыл тұяғы Асан Молдан атты азамат қолдау көрсетуге пейіл білдіріпті. Бұған біз де қуанып қалдық. Биылғы жылдан бастап ескі ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізудің жоба-жоспарлары жасалып жатқан көрінеді.
Бәрекелді! Біз бойындағы, қолындағы тамаша өнерін өсіп келе жатқан жас ұрпаққа дарытуға негіз қалап жатқан оның ісіне сәттілік тіледік. Ержан Қожахметұлына «Алға қойған армандарыңыз орындалсын, түрлі-түрлі мүсіндеріңізбен ел алғысын арқалай беріңіз»- деп тілекші болдық.
Индира ҚАНАТҚЫЗЫ.
Кеген ауданы
Суретте: мүсінші Ержан Қожахметұлы өзі жасаған мүсіндерімен бірге.