Биылғы жылы бірінші-майлықтарды бірқатар жақсы өзгерістер күтіп тұр. Округ тұрғындарын біраз уақыттан бері мазалап жүрген су, дәрігерлік амбулаторияның жоқтығы, ескірген мектептің ғимаратына жөндеу жұмыстарының қажеттілігі сияқты бірқатар мәселелер биылғы жылы шешімін табатын болады.
Толығырақ айтқанда, жоспарға сай биыл Бекболат ауылында 25 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория ашылып, мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Өткен жылы Бекболат пен Қайнар ауылдарының тұрғындарын мазалаған су мәселесін шешу мақсатында бюджеттен 1 млрд. теңгеге жуық қаражат бөлініп, биыл ауылдардағы ауыз су жүйелеріне толықтай жөндеу жұмыстары жүргізіліп, тұрғындар сумен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, қайнарлықтарды мазалаған кәріз жүйесінің жоқтығы да биыл өз шешімін табатын болады. Бекболат пен Қайнар ауылдарындағы электр желілері де қайта жөндеу жұмыстарынан өтеді. Мұнан бөлек біріншімайлықтарды қуантатын тағы бір жайт – биыл Қайнар ауылында балаларға арналған жазғы алаңның ашылуы. Бұл жағымды жаңалықтардың барлығын аудан әкімі аптаның екінші күні біріншімайлықтармен онлайн режимде өткізген үшінші есептік кездесуде айтып өтті.
Халықпен онлайн кездесу барысында жолдарды асфальттау мәселесі бойынша тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға округ әкімі Елдос Мұқатаев жауап берді. Оның айтуынша, биыл Қайнардағы Амангелді, Бейбітшілік, Бекболаттағы Абай көшелері жасалатын болады. Ал, коммуналдық мәселелер бойынша Жандарбек Ермекұлы мұндай қызметтерді көрсететің мекемелер жеке меншік болғандықтан оларға атқарушы органдар тарапынан ешқандай ескертулер қойылмайтындығын айтты. Бірақ та, тұрғындардың көбісін осы бағыттағы мәселелер толғандырғандықтан, аудан басшысы «Ж Каскелен», «Таусамалы», «Алматыгазсервис – Холдинг», «Сигма-Газ» сияқты бірқатар мекеме басшыларына әр тоқсан сайын адамдармен есептік кездесулер өткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізу туралы ұсыныс тастағандығын жеткізді.
Жиында жоғарыда айтылып өткен мәселелерден бөлек, біріншімайлықтар тарапынан көтерілген қоқыс, бірқатар көшелерге жарық орнату сияқты басқа да мәселелерді тыңдаған Жандарбек Ермекұлы округ әкімі Елдос Мұқатаев пен жауапты бөлім басшыларына тиісті тапсырмалар берді.
Биылғы жыл біріншімайлықтар үшін жағымды жаңалықтарға толы болмақ. Десе де 7800-ге жуық тұрғыны бар округте өткен жылы да көптеген игі істер жасалған болатын. Соның бір дәлелі ретінде «Айдың нұры» қоры арқасында 9 баласы бар Картеновтар отбасының үйлі болуын айтуға болады. Сонымен қатар, Елдос Мұқатайұлының айтуынша, өткен жылдың тағы бір жағымды жаңалығы бюджеттен қаражат бөлініп, ҰОС ардагерлеріне арналған ескерткіш пен Бекболат Әшекеев атындағы саябаққа күрделі жөндеу мен көгалдандыру жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ, тұрғындардың бос уақытын ұтымды өткізу мақсатында Бірінші Май орта мектебінің аумағында меценаттардың көмегімен «Work out» алаңы орналастырылды.
Мұнан бөлек елімізде орын алған пандемия кезінде де округ тұрғындары назардан тыс қалған жоқ. Карантин кезінде демеушілердің қолдауымен округтегі аз қамтылған және көп балалы отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен қарттарға көмек көрсетіліп, 300-ден аса азық-түлік себеттері таратылды.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.