«Өрлеу БАҰО» АҚ-мен ынтымақтастық шеңберінде ауданымыздағы Сулейман Демирель атындағы университетте өткен үш модульді 80 сағаттық семинар-тренинг жалғасын тауып, «i-Teacher: «Киберпедагог» атты екінші бөлімі басталды.
Болашақта өркениетті, дамыған елдердің қатарына ену үшін заман талабына сай білім қажет. Бүгінде ғылым мен техниканың күн санап өсуіне байланысты педагогика ғылымының теориясы мен оқыту үрдісі де түбегейлі өзгерістерге ұшырауда. Соған орай оқытудың парадигмасы да өзгерді. Білім берудің мазмұны жаңарып, жаңаша көзқарас пайда болды. Мүғалімнің онлайн түрде жұмыс жасауы, сабақ түсіндіруі үшін әртүрлі бағдарламалар мен қосымшалардың түрлері көбейді. Сондай компьютерлік бағдарламалардың қатарына интерактивті оқу-әдістемелік қосымшалар жасауға мүмкіндік беретін «LearningApps» пен «MindMeister», сауалнама жасау бойынша ең танымал қызметтердің бірі болып табылатын «Surveymonkey» мен «Quizizz»-ті айтуға болады. Міне, осындай педагогтардың қолайлылығы үшін жасалған бағдарламалар қаңтардың 11-і мен 29-ы аралығында СДУ-де өтіп жатқан «i-Teacher: «Киберпедагог» семинар-тренингте егжей-тегжейленді.
Оқу-әдістемелік орталығының мамандары, «Өрлеу» педагог қызметкер-лердің біліктілігін арттыру институтының тренері және Сулейман Демирель университетінің білікті оқытушылары жүргізген семинарда мұғалімдер заманауи бағдарламалар мен қосымшалар арқылы жұмыс жасауды үйренеді. Үш бөлімдік тренингтің алғашқы кезенінде бірқтар қосымшаларды қолдануды үйреніп, «Moodle» платформасындағы видео-семинарларды қарап, өзіндік жұмыстарын орындайды. Мұнан кейін «Webex» арқылы онлайн сұрақтарға жауап беріп, өздерінің білім дәрежелерін тексереді. Мұнда педагогтар жалпы жоғарыда айтып өткен «Jamboard», «MindMeister», «H5P», «LearningApps», «SurveyMonkey», «Quizizz» бағдарла-маларымен танысып, олардың барлық мүмкіндіктерімен жұмыс жасауды үйренеді. Нақтырақ айтқанда, тренингке қатысушылар «Jamboard», «MindMeister» қосымшаларын пайдалана отырып, оқушылардың белсенділігін арттыруға мүмкіндік жасайтын әдістемелік амалдарды үйреніп, «H5P», «LearningApps» қосымшаларының көмегімен сабақты интерактивті етудің жолдарымен танысады. Ал, «SurveyMonkey», «Quizizz» бағдарламаларының көмегімен бағалаудың жаңа тәсілдерін қарастырады.
Айта кетейік, бұл еліміздің білім беру жүйесін дамыту үшін мұғалімдерге жаңа заманның талабына сай жаңашыл болу жолдарын үйрету мақсатында аталмыш жоғарғы оқу орны мен «Өрлеу «БАҰО» АҚ бірлесе қараша айында ұйымдастырған «Сандық білім берудегі ІТ-Мұғалім» атты 80 сағаттық семинардың екінші бөлімі. Оған Алматы, Жамбыл, Шығыс, Ақтөбе және Түркістан облыстары сияқты еліміздің түкпір-түкпірінен 150-ге жуық мұғалімдер қатысуда. Үш апта бойы жалғасатын семинар аяқталған кезде қатысушыларға тиісті сертификаттар беріледі, сондай-ақ, үш бөлімге толыққанды қатысып, оны сәтті аяқтаған мұғалімдерге «Өрлеу «БАҰО» АҚ мен Сулеймен Демирель университетінің атынан жоғарыда аталған бағыттар бойынша қажетті білім алғаны туралы сертификат табыс етіледі.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.