1986 жылы желтоқсан айында Алматыдағы кәсіби білімді жетілдіру институтында оқып жатқанбыз. Ол кезде мәдениет саласында жұмыс істеймін. 16-желтоқсан күні сабақтан шыққан соң, кешке қарай Ұзынағашқа ақын Есенқұл Жақыпбеков досымның үйіне барып, қонып қайттым. Ертеңіне Алматының орталық аймақтарына кіретін жолдар жабық, қаптаған милиция қызметкерлерін көріп таңғалдым. Жатақханаға келгенде жағдайды бір-ақ естідім. Сөйтсем, Республика басшысы Қонаев қызметінен алынып, орнына Колбин деген орыс келіпті, соған халық разы емес екен деп жатыр.
Сол түні шырт ұйқыда жатқанымызда, жатақхана есігі қатты қағылып, наразылығымызды білдіруге алаңға шығуға шақырған айғай естілді де, бәріміз өре түрегеліп, Абай проспектісімен орталық алаңға қарай тарттық. «Менің Қазақстаным», «Атамекен» секілді патриоттық әндердің бірінен кейін бірін айтып, қазақ жастары көшеге симай қаптап келеміз. Ел басқаруға бірде-бір қазақ табылмай, айдаладағы бір орысты әкелгені қанымызды қайнатқан. Ұрандатып келе жатқандардың арасында, әсіресе, қыздардың дауысы көбірек естіледі. Сонымен алаңға жеттік те, қаптаған қалың әскермен кездестік. Жетектерінде иттері бар, бастарында дулыға, қолдарында шоқпар мен қалқандары бар, мұздай темір құрсанған әскермен бетпе-бет келдік. Мұндай сұмдықты өмірімізде бірінші рет көруіміз. Қолымызда түк жоқ. Қыстың суық түні бір тоңдырса, мына суық түсті солдаттардан сескеніңкірегеніміз тағы бар, ішіміз де мұздап барады. Бірақ, қайтатын түріміз жоқ. Әскерлер арасында егде қазақ полковник бізге келіп: «қайтыңдаршы, қарақтарым, босқа қырыласыңдар ғой» деп жаны ашып үгіттеп жүр. Кейін білдік, бұл кісі Мұрат Қалматаев ағамыз екен. Біз не де болса қайтпауға бекінгенбіз. Кейбіреу қолдарына алған таяқтарын жинап, мұз үстіне от жағып жатты. Сонымен, таң атқанша дірдектеп құр тұрмайық деп қайтып кеттік те, таңғы сағат сегізде алаңға қайта жиналдық. Қабат-қабат сапта солдаттар, милиционерлер алаңды қоршап тұр. У-шу басылар емес. Бір кезде жастардың ішінен сапта тұрған әскерлерге тас лақтырып, соқтығып жатқандар шықты. Кейін білдік, бұлар арандатушылар екен. Не керек, әскерлерге де жоғарыдан бұйрық келген болу керек, бізге қарай лап қойды. Қарулы топқа қарусыздар не істей алсын, қаша жөнелдік. Алаңға жақын тұрған әскери бөлімшенің ауласы арқылы дарбазадан асып, құрылыс жүріп жатқан жаққа бардық. Айналып, Сәтпаев көшесіне қайта шығып, қолдарымызға мұз, тас алып, солдаттарды атқылаймыз. Бірде олар қуып, бірде біз қуамыз. Сосын, Ленин (қазірге Достық) көшесімен төмен жүрдік. «Отырар» қонақ үйінің алдынан жүріп өтіп, Көкбазар жаққа дейін бардық. Содан ары қарай, тарап кеттік. Сол кеште көшеде жүрген қазақ жастарын ұстау басталды… Оның арты қудалауға ұласты…
Осының бәрі не үшін, кім үшін еді? Еркіндік, Тәуелсіздік үшін болатын. Қазақ елін қазақ басқарсын дедік. Араға бес жыл салып, ол күнге де жеттік. Енді біздің өз Туымыз, өз Әнұранымыз, өз тіліміз бар. Қазақ мектептері қайта ашылып, көмулі жатқан тарихи шындықтарды көтердік.
Қазақты бүгінде әлем таниды. Әлемдік додаларда топ жарып жүрген қаракөз бауырларымыз жетерлік. Әрине, «әттең-айсыз» да емеспіз. Бірақ, «Көш жүре түзеледі» деп үміттенеміз. Ал, сол көштің жүре түзелетініне сенбей, көшбасшыны ауыстыра салып, керемет бақытқа қол жеткізе салғысы келетіндер де аз емес. Мәселен, еліміздің бір телеарнасында халықты көтеріліске шақырып жүрген мүйізі қарағайдай халық жазушысынан тележурналист сұхбат алып отыр:
-Осы белгілеген күні өзіңіз де елді бастап алаңға келетін шығарсыз?
-Жоқ, ол күні мен Шымкентке құдамның тойына шақырылып қойғанмын, сонда кетем.
-Өзіңіз келе алмасаңыз да, ұлдарыңыз бен қыздарыңыз қатысатын шығар?
-Олардың да мүмкіндігі жоқ…
Түсінікті…
…Киноларында бақытқа белшесінен батып жүретін үнділердің елінде, көшеде туылып, бүкіл өмірі көшеде өтіп, өмірі төлқұжаттық тіркеуге тұрмаған, жеке үйі болып көрмеген адамдарды, балаларын жолдың жағасына тастап қойып, өздері ағаштың түбінде «біреу алып кетсе екен» деп, қуыршақ құдайларынан тілеп жатқан әйелдерді көрген адам Қазақстан туралы жаман сөз айтпақ түгілі, жаман ой ойлауға да ұялу керек қой… Ендеше, қаншама ата-бабамыз армандап өткен Тәуелсіздігіміздің қадірін бағалай білейік, ағайын!
Серік ҚАЛИЕВ,
Қарасай аудандық тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі.