Күллі қазақ жұртшылығы биыл алты алаштың айбынын асқақ ететін тұғырлы тәуелсіздігіміздің 29 жылдығын қарсы алып отыр. Өздеріңіз білетіндей, жыл сайын мерейлі мерекенің қарсаңында дәстүрлі түрде ауданымызда ауқымды шаралар ұйымдастырылып, қарасайлықтардың қатысуымен айтулы күн тойланып жатушы еді. Алайда, пандемияның ауылы алыстамай тұрғанын білесіздер. Елдің амандығы – басты назарда.
Дей тұрғанмен де, ауданымызда тәу етер тәуелсіздіктің маңыздылығы ұмыт қалған жоқ. Мерекенің құрметіне орай, барлық санитарлық талаптар сақталынып, аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында шағын салтанатты басқосу өткізілді.
Аудан әкімі Жандарбек Далабаевтың қатысуымен өткен жиында Қарасай өңірі үшін табандылық танытқан, ауданның әлеуетін арттыру жолында еңбек еткен бірқатар азаматтар құрметке бөленді.
Басқосу барысында алдымен аудан басшысы Жандарбек Ермекұлы баршасын Тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, қандай қиын-қыстау кезеңдерден өткенімізге, егемендік жылдардағы жеткен жетістігімізге тоқталып өтті. Ең бастысы бірлігіміз ажырамау керектігін айтқан аудан әкімі марапат иелерін құттықтады. Атап айтар болсақ, Аманкелді Молбаевқа, Азиза Наимбаеваға, Абди Алимбековке және Бахтияр Байсейтовке «Қарасай ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді. Төсбелгілерін кеудесіне таққан азаматтар өздерінің мерекелік ақ тілектерін білдіріп, ризашылықтарын жеткізді.
Дәл сол сияқты ауданның экономикалық дамуына үлес қосып, қалтқысыз қызмет атқарып жүрген еңбексүйгіш жандар да қуанышты сәттерге куә болды. Олардың белсенді жұмыстары ерекше бағаланып, Қарасай ауданы әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты табысталды.
Жиын соңында Жандарбек Ермекұлы марапатқа лайық деп танылған барлық азаматтардың еңбектеріне алғысын айтып, Тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
Дидар МУХАМАДИЕВ