Ақпарат майданының алғы шебінде жүріп, Жетісу жерінің жаңалығын жалпақ жұртқа жария етуден жалықпайтын үздік БАҚ өкілдері «Самғау – 2020» байқауында марапатталды. Аталған облыс әкімінің жүлдесі үшін додаға түскен жеңімпаздардың арасында ауданның абыройын арттырған біздің мақтаныштарымыздар да бар.
Байқауда бағы жанып, еңбектері еленіп, үздіктердің қатарынан табылған жүлдегерлер жайлы айта кетсек. Былтыр ұйымдастырылған додада жүлделі үшінші орынға ие болған «Karasayinfo.kz» сайты биыл 1-орынды қанжығасына байлап, «Үздік желілік басылым» атанды.
Меншік иесі «Заман жаршысы» газеті ЖШС-і болып табылатын ақпарат көзі қашанда Қарасай өлкесінің тыныс-тіршілігінен бөлек, еліміз бойынша көптеген жаңалықтарды жария етіп, сапалы әрі түрлі бағытта бейнематериал дайындаудан жалыққан емес. Атлана Исаева жетекшілік етіп жүрген желілік басылымның, міне, біз айтқан жетістігі еш елеусіз қалмай, Алматы облысы әкімі Амандық Баталовтың бас жүлдесіне ие болды.
Дәл осындай қуанышты жаңалық аудандық «Заман жаршысы» газеті мен «Karasayinfo.kz» желілік басылымның фототілшсі Ерлан Әлиасқаровқа да жұғысты болды. 15 жылдық тәжірибесі бар, фотоаппаратты жанына серік еткен білікті маманның көңілге ой салатын көрікті суреттері кіл мықтылардың арасынан жеңімпаз ретінде танылды. Түрлі БАҚ беттерінде жарияланып жүрген Ерлан Болатұлы «Самғау – 2020» байқауында «Үздік фотосуретші» номинациясына ие болды.
Дәстүрлі түрде жыл сайын өткізілетін бұл додада республикалық, облыстық, аудандық және қалалық бұқаралық ақпарат құралдарынан 118 үміткердің жұмысы қабылданып, 11 номинация бойынша сарапқа салынды. Барлық сақтық шаралары ескерілген салтанатты жиында Алматы облысы әкімінің орынбасары Рустам Әли сөз сөйл80№0еп, Жетісу өңірінің басшысы Амандық Баталовтың ыстық сәлемін жеткізіп, жеңімпаздарды марапаттады.
Өз тілшіміз.