Жыр алыбы – Жамбылдың жырын жалғаған жерлесіміз, аяулы ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Надежда Лушникова биыл 80 жасқа толып, құрметке бөленуде.
1940 жылы қасиетті Қарасай өлкесіндегі Елбасының кіндік қаны тамған Шамалған ауылында дүниеге келген ақын апамызды білмейтін қазақ жоқ шығар. Қазақтың төл өнері – айтыс сахнасында да талай толғамды ой айтып, елдің жүрегінен орын алған талантты тұлғалардың бірі ол.
Надежда Андрейқызы – өзге ұлттың қызы болғанымен қазақтың дәстүр-салтын бойына сіңірген, ақындыққа жаны жақын, еліміздің мақтанышы, талайларға үлгі аяулы жан. Тіпті, мектеп қабырғасында да қазақша білім алған. 1969 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институты филология факультетінің қазақ бөлімін аяқтаған.
1963 жылы Қызылорда қаласында өткен айтыста алғаш рет бақ сынаған. Кейін облыстық додаларда да бой көрсетіп, бірнеше рет жүлдегер болды. Жерлесіміздің шымкенттік ақын Қалдыбек Әліқұловпен сөз жарысы кинолентаға таспаланып, Кеңес Одағы көрермендерінің назарына ұсынылған болатын. Ия, Надежда апамыз төл өнерде ғана емес, ұлттың қамы үшін бірқатар салаларда қызмет етті. Газетте әдеби қызметкер, баспа редакторы, ұлағатты ұстаз да болды. 1985 жылдан бастап Үмбетәлі Кәрібаев мұражайының директоры қызметін атқарып, бүгінде зейнетке шыққан.
Қасиетті Қарасай жерінің тумасы Надежда Лушникованың 80 жасқа толуына орай ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтау хатын жолдаған болатын. Мемлекет басшысының осы бір аманат сәлемін Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров, Алматы облысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт Надежда Андрейқызының шаңырағына арнайы келіп, өз қолдарымен тапсырып, марапаттады. Ел Президентінің құттықтауында былай делінген:
«Құрметті Надежда Андреевна! Сізді мәртебелі мерейтойыңызбен құттықтаймын! Халқымыз өзіңізді айтыс өнерін дамытуға мол үлес қосып келе жатқан айтулы ақын, ұзақ жылдар бойы білім беру саласында қажырлы қызмет атқарған ұлағатты ұстаз ретінде жақсы біледі және құрметтейді. Елдің бірлігі мен ынтымағын сақтау, достық пен сыйластық жағдайында бақытты өмір сүру, сол арқылы өркениетті мемлекет қалыптастыру бағытында жалынды жырларыңызбен жеткізген тілектеріңіз Қазақстанның әрбір азаматының жүрек төрінен орын алады деп есептеймін. Өнегелі өмір жолыңызда ұрпақ тәрбиесіне үлкен мән беріп келесіз. Ел жастарының бойына адами асыл қасиеттер мен отансүйгіштік рухын сіңіру туралы ізгі бастамаларыңыз әрдайым қолдау таба берсін. Сізге зор денсаулық, шығармашылық табыс және отбасыңызға амандық пен құт-береке тілеймін».
Ал, Алматы облысы әкімінің орынбасары Рустам Әли ақынды облыс басшысы Амандық Баталовтың атынан құттықтап, облыстық мәслихаттың шешімімен берілген «Алматы облысының Құрметті азаматы» атағын тапсырды. Сонымен қатар, Надежда Андрейқызы мерейтойының қарсаңында Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловадан және басқа да мекеме, ұйымдардың тарапынан құрметке бөленіп, Алғыс хаттар алды.
Дидар МУХАМАДИЕВ.