Жомарт болу – өзіңде барды зәру адаммен шын жүректен бөлісу. Cонда рухы биік, жаны таза адамның пиғылы да дұрыс болады. Расымен, жақсылық жасау, қайырымдылық көрсету халқымыздың мақтан етерлік дәстүрінің озық үлгісі. Осындай атадан қалған имандылықты сақтаған жомарт жандардың арқасында Қырғауылды ауылында Жұмакүл есімді төрт баласы бар, жалғызбасты анаға арналып салынған үш бөлмелі үйдің құрылысы аяқталды.
Баспанасыз қалған Нұрымбетовтар әулетінің оқиғасына тоқталсақ. Былтыр қараша айында, суық күндерінің бірінде ойламаған жерден осы отбасының үйін от шарпып, өрт болды. Отағасы Сахи Нұрымбетов сол жерде жан тапсырса, балаларын құтқармаққа жанталасқан отанасы Жұмакүлдің денесін 70 пайыз күйік шалыпты. Періштесі қаққан балалардың төртеуі де дін аман. Осы оқиғадан кейін аналары екі ай бойы ауруханада жатып ем қабылдайды. Сол кездері балаларға қамқорлығын танытып, тәрбиеші бөлген Қырғауылды ауылындағы мектеп директоры Перизат Әбдібаеваны ерекше атап өтуге болады. Баспанасы мен күйеуінен бір күнде айырылған Жұмакүл әпкеміз ауылдастары, достары мен туғандарының көмегімен пәтер жалдап күнелтіп жүреді.
… Қаңтар айының бір күндері болса керек, жолда құндақтаулы сәбиімен такси тоқтатып түрған әйелді көріп, белгілі сазгер Бағлан Омаров ағамыз жолшыбай ала кетуді жөн санапты. Әңгіме арасында бұндай суық күні қазір қиын жағдайға тап болған құрбысына барып, көмектесіп жүргенін айтып қалады. Бұл әйел Жұмакүлдің құрбысы еді. Толығырақ ақпаратты сұрап, мән-жайға қаныққан Бағлан ағамыз бірден іске кірісуді жөн санапты. Қырғауылды ауылының имамы Тұрар Үсенов және мешіт жамағатымен ақылдаса келе, ауылдасына қол ұшын беруді жөн санапты.
– Қырғауылды ауылының мешітінде жұма намазы кезінде жамағатқа Жұмакүлдің жағдайы жайлы айтылды. Сол кездің өзінде шамалары келгенше көмек бергендерден 400-500 мыңнан астам қаражат жиналды. Сөйтіп, көктем шыға қамдана бастаған кезімізде елімізді қауіпті дерт жайлап, карантинге жабылып қалды ғой. Бірақ, жаз шығып, карантин жеңілдене бастағаннан бері құрылыс қайта жанданды. Бұл бір адаммен емес көпшілікпен біткен үй. Барша жанашырлардың арқасында, міне, осындай керемет баспана бой көтерді. Арасында бес миллион теңгеге құрылыс заттарын әкеліп тастағандар болды, бір жарым миллионды бірден бере салғандар кездесті. Ақшалай бере алмағандар қой әкеліп сойып, үй салуға қол күші ретінде көмектесті. Қазір мынау әлеуметтік желі өз қалауларымен қол ұшын созғысы келіп, шамалары келгенше жәрдемдесеміз дегендерге жақсы мүмкіндік қой. Ол жерге де реквизиттерімізді салып қойдық. Барша көмек көрсеткен қайырымды жандардың барлық жандарға алғысымызды білдіреміз, – деді осы үй салынғаннан бастап басы-қасында жүрген Бағлан ағамыз.
Қазіргі таңда аудандық әкімдік, мешіт жамағаты, ауыл тұрғындары, жалпы алтын жүректі халықтың қолдауымен өрт шалған үйдің орнына 12,5×8,5 шаршы метр үш бөлмелі жаңа баспана бой көтерді. Бұл үйде үш жатын, бір қонақ және бір ас бөлмелері бар. Ыстық, суық судың барлығы кіргізіліп, газ тартылып, жуынатын бөлмелер де ішінде орналасыпты. Жоғары сапалы құрылыс жабдықтарымен, қазіргі заманның стандартына сай, ыңғайлылықпен салыныпты. Кең әрі жарық болған үйге, әсіресе, балалар дән риза. Жұмакүл әпкеміз Нұрдана, Мәриям, Дархан, Дастан есімді төрт перзентті тәрбиелеп өсіріп отыр. Үлкені 13-те болса, кішісі 8 жаста.
Осы аптаның сәрсенбісінде жақсы істің аяқталуына қол ұшын созған қайырымды жандар, аудандық әкімдіктің өкілдері Жұмакүл әпкеміз бен балаларына үйдің кілтін салтанатты түрде табыс ету рәсімі өтті. Шараның алғы сөзін аудан әкімінің орынбасары Күлжан Дүйсенова айтып, ізгі лебізін білдірді.
– Барлық рухы биік, иманы таза адамдардың арқасында осындай қайырымды іс жасалып жатыр. Атсалысқан адамдардың барлығына мың мадақ. Осындай жақсы іске бастап, нәтижелі жемісін беріп отыр. Алдағы уақытта мұндай жағдай ешкімнің басында болмасын. Қоныс иелерін баспаналы болуларымен құттықтаймын! Үйіңізде тек жақсылық болсын, бала-шағаңыз аман болсын, – деді Күлжан Әділханқызы.
Осы басқосуда арнайы Алматы аймағының бас имамы Қуаныш Наржанов келесі кезекте сөз алып қоныс иелерін баспаналарымен құттықтап, көпшілікке ой салар уағыздарын айтты. Одан кейін есімдерін жарияламауды жөн санаған иманжүзді демеушілерді Алғыс хаттармен марапаттап, кішігірім естелік сыйлықтар табысталды. Ал, Жұмакүл әпкемізге үйінің төр бөлмесіне кілем мен жайнамаз жинағын сыйға тартты. Иманжан атамыз батасын берсе, ақ жаулықты аналарымыз тәттілерден шашу шашты. Одан кейін жиналған жұртқа ас беріліп, бақилық болғандарға Құран бағышталды. Иә, бір жылдан бері мектеп жасындағы төрт баласымен пәтер жалдап келген Жұмакүл Нұрымбетова риясыз көңілмен қуанышымен бөлісті.
–Біздің бастан кешкен жағдайымызды ешкімнің басына бермесін. Бір сәтте абдырап, үйсіз-күйсіз қалдық қой. Иә, деседе бізді қазақ халқы жерге қалдырған жоқ. Қайырымды, жомарт жүрек жандардың арқасында баспаналы болып жатырмыз. Барша көмектескен, жалпы ниеттес болған жандардың барлығына зор алғысымды білдіремін. Бұл жақсылықты ешқашан ұмытпаймыз. Жаратқаннан жақсы адамдардың амандығын тілеймін! – деген Жұмакұл әпкеміз еріксіз көзіне жас алды.
Жаңа кең үйге қадам басқан қоныс иелерін біз де өз кезегімізде құттықтаймыз. Шаңырақтарынан алдағы уақытта шаттық айырылмасын. Алла бұл үйдің есігінің барлық жаманшылықтар мен бақытсыздықтар үшін тастай жабық қылып, барлық сәттіліктер мен жақсылықтар үшін айқара ашық етсін!
Бұрым ОРЫНБАСАР.