Сүрінгенге сүйеу, қиналғанға демеу болу қазақтың қанында бар қасиет. Алайда, қоғамда мейірімділіктің жұтап бара жатқаны жасырын емес. Осы орайда еңбегін бұлдамай, аз жалақыны қанағат қылып жүрген әлеуметтік қызметкерлердің ісі көпке үлгі. Сонымен бірге олардың бойында қайырымдылық, жанашырлық, көпшілдік, ұқыптылық, адалдық және ұйымдастырушылық қабілеттері болуы тиіс. Міне, осындай қасиеттерді бойына жиған жандардың бірі Батима Урпеджанова. Әлеуметтік қызметкерлердің кәсіби мерекесіне орай біз көзге көріне бермес, қиындығы мол жұмысты еңсеріп жүрген Батима апайымызбен әңгімелесіп, өмірі және қызығы мен қиындығы мол жұмысы жайлы айтып өтуді жөн көрдік.
Кейіпкеріміз, жайлы айтар болсақ Шығыс Қазақстан облысының тумасы – Батима Айтказинқызы ауданымыздағы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің жалғыз басты қарттар мен мүгедектерге үйде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету бөлімшесінің әлеуметтік қызметкері, сондай-ақ, Райымбек ауылдық округі аналар кеңесінің төрайымы. Әдептілік пен ұстамдылық қасиеттерін жадынан шығармаған Батима апайымыз әлеуметтік қызметке осыдан 32 жыл бұрын келген екен. Міне, сол кезден бері ол ауданымыздағы тыл еңбеккерлері, соғыс ардагерлері мен зейнетке шыққан құрметті ұстаздар мен жалғызбасты қарияларға қамқорлық көрсетіп келеді. Оның күнделікті көмегін ондаған қарт қажет етеді. Бүгінде қария ата-әжелеріміздің көзі мен қолына айналған кейіпкеріміз оларға тек үй тіршілігінде ғана емес, сондай-ақ, қамқорлығындағы үлкен кісілерге моральдық-психологиялық жағынан да көмек көрсетеді екен. Әрдайым сабырлылық пен шыдамдылық шеңберінен шықпайды. Осы қасиеттерінің арқасында, сондай-ақ, бәрінің көңілін аулап, барлығына бірдей өз отбасын күткендей үнемі жанашырлық танытатын Батима апайымыз бүгінде қариялармен етене тіл табысып кеткен.
– Шын мәнінде, менің негізгі мамандығым іс басқарушы болатын. Мен бірнеше жыл бойы Өскемен қаласындағы Мәдениет басқармасында хатшы, Алматы қаласында Жеңіл өнеркәсіп министрлігінде канцелярия бөлімінде іс басқарушы болып еңбек еттім. Кейіннен, 1985 жылы осы аудандағы Абай ауылының тумасына тұрмысқа шығып, шаңырақ көтеріп, осында көшіп келдім. Біраз уақыттан кейін, нақтырақ айтқанда, 1988 жылы округ әкімнің орынбасары Шолпан Жансейітованың ұсынысымен аудандық жұмыспен қамту және бағдарламалар бөліміне жұмысқа орналастым. Содан бері осы салаға үлесімді қосып келемін. Бұл жұмысқа бастапқыда орналасқанда, көптеген қарттардың көздеріндегі жақындарына деген сағыныштарын көргенде шыдай алмайтынмын, бұл саладан кеткім де келді. Бірақ, уақыт өте келе сен келгенде қуана қарсы алатын қариялардың қуанышын көріп, өзімнің кәсібім осы екендігіне көзім жетті. Біздің жұмыс оңай емес, себебі, әр қарияның өзіндік тағдыры, жазылмайтын жарасы, жанға батар жағдайы мен мұңы бар. Сондықтан да жүрегі нәзік, көңілдері кірпияз. Сәл нәрсеге ренжіп, мұңайып қалады. Ал, біз болсақ олардың әрдайым көңілін табуға тырысамыз. Бұл оңай емес. Біз бір мезетте педагогтың, дәрігердің, заңгердің, психологтың қызметін атқарамыз. Қажет азық-түлігін әкеліп, құжаттары мен коммуналдық төлемдерін де реттестіреміз, – дейді кейіпкеріміз.
Батима апайымыз жоғарыда айтып өткендей, тек әлеуметтік қызметкер ғана емес, сондай-ақ, өз округіндегі аналар кеңесінің төрайымы болғандықтан көптеген қоғамдық жұмыстарға да етене араласып, округ тұрғындарына қолынан келгенше барынша көмек көрсетуге тырысады. Жылда әкімдіктің, жеке кәсіпкерлердің қолдауымен бірлесе округтегі мүмкіндігі шектеулі, аз қамтылған және де көп балалы отбасыдан шыққан балаларға көмек көрсетеді екен. Сонымен қатар, мереке сайын қарттар үшін арнайы ұйымдастырылған концерттер мен кішігірім басқосуларды ұйымдастыруға да бар ыңтасымен атсалысады. Мұнан бөлек адамгершілік пен жақсылықты жанына жолдас еткен Батима апайымыз өзінің жақындарына да, көршілеріне де, тіпті, өзі танымаса да көмек сұрап келген адамның бетін қайтармай қолынан келгенше көмектесіп, олардың мәселесін шешіп беруге тырысады екен. Осындай адамгершік қасиеттерінің арқасында ол тек әріптестерінің ғана емес, сондай-ақ, айналасындағы адамдардың арасында құрметке ие жан. Бәтима апайымыз әлеуметтік қызметкер боп туғандай. Әңгімесінен де, қызметінен де оның табиғатынан жоқ-жітікке жанашыр, қажығандарды демегіш, жолдас-жораға қамқор екені аңғарылып тұрады. Сондықтан Батима апайымыздың еңбегі басшылық тарапынан талай рет еленіп, алғыс хаттармен, құрмет грамотасымен, медальдармен марапатталған.
– Жалғыз басты қарттар мен мүгедектер, Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлердің, өздігінен жүріп тұруы қиын жандардың жанынан табылып, көмек қолын созуды мен азаматтық іс деп білемін. Аялы алақанымызды, қол ұшымызды созып, көмегімізді күткен әрбір жанның жүрегіне жылылық ұялату – басты қағидамыз. Бір-бірімізге бақыт сыйлар жүрек жылуымыз, мейірімділігіміз әрқашан сарқылмасын дегім келеді, – дейді әңгімесінің соңында ол.
Ауыр болса да сүйікті ісінің қызығына қуанып, қиындығын жеңіп келе жатқан Батима апайымыз жұмыстан тыс уақытта әдеби кітаптар оқып, үйдегілерін әртүрлі тәтті тағамдармен қуантып тұруды да жақсы көреді екен. Бүгінде апаймыз кіші үлы Айбек пен келіннің қолында немерелерінің тәтті қылығы мен шаттығына бөленіп отыр.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.