Елімізде алғаш рет өткізілген партияішілік сайлау-праймеризге ауданнан қатысқан қарасайлық үміткерлер «Nur Otan» партиясының облыстық филиалы төрағасы, облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Өздеріңіз білетіндей, елімізде «Nur Otan» партиясының Төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен белсенді азаматтарды заң шығарушы биліктің жұмысына араластыруды көздеген ауқымды праймериз жобасы бастау алған болатын. Партия түгілі, ел тарихында алғаш рет ұйымдастырылған праймериз республикамыздың барлық аймақтарындағы партияның белсенділері сияқты біздің ауданымыздан да 79 үміткер қатысып, аймақтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға бағытталған өздерінің бағдарламаларымен таныстырып, бір-бірімен пікірсайысқа түскен еді. Жақында, нақтырақ айтқанда, қазан айының 4 күні аталмыш дода мәресіне жетті.
Осы ретте сайысқа қатысып, партияішілік сайлауда бастамашылдық пен белсенділік танытқан қарасайлық үміткерлер ресми түрде марапатталды. Яғни, аптаның бейсенбісі күні аудандық Мәдениет үйінде аудан әкімінің орынбасары Дулат Сансызбаев барлық үміткерге «Nur Otan» партиясының облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Амандық Баталовтың атынан Алғыс хат табыстап, праймеризге қатысып, белсенділік танытқан бәріне өз ризашылығын білдірді.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.