Қазақтың бас ақыны Абайдың ұрпаққа мұра етіп қалдырған өсиеті қай-қайсымызға болсын санамызға сілкініс жасап, танымдық ой тудыратыны хақ. Дана ойшылдың жақсылыққа бағамдайтын бағыт-бағдарға толы нақыл сөздерінен әр заманның болмысын, күрмеуі көп мәселенің шешімін де іздеуге болады.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Абай аманаты» атты жарық көрген көлемді мақаласы да осыны әспеттеп, ғұламаның ғұмыр жолын тану үшін тартымды ойларды таныстыруға негізделген деп ойлаймын.
Тұңғыш Президентіміз Абай жайлы ой қозғап, оның ақылға қонымды айтқандарынан мардымды мысалдарды сөз ете отырып, ақынның мақсат-мұраты қазіргі дәуірде қаншалықты орындалғанын жіліктеп жеткізген.
Мақала авторы биылғы Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойы адамзатқа қатер төндірген пандемия уақытымен тұспа-тұс келгеніне де тоқталып, бұл қиыншылықты да еңсеретінімізге сенім білдірді. Тіпті, осындай кезеңде ақынның мына сөзіне жүгініп, жігерленуге болатынын түсіндіргендей: «Жамандықты кім көрмейді? Үмітін үзбек – қайратсыздық. Дүниеде еш нәрседе баян жоқ екені рас, жамандық та қайдан баяндап қалады дейсің? Қары қалың қатты қыстың артынан көгі қалың, көлі мол жақсы жаз келмеуші ме еді?»
Иә, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы айтқандай, лайым солай болғай. Абайдың оймақтай ойы мен сүбелі сөзі ұрпаққа үлгі болса, болашақтары жарқын боларына менің де сенімім мол.
Майра ДӨНЕНБАЕВА,
Қаныш Сатбаев атындағы орта мектептің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.