Әлемді әбігерге салған коронавирус індеті біздің елімізді де айналып өткен жоқ. Осы ретте Президенттің нұсқауымен мемлекетімізде төтенше жағдай мен карантин режимі енгізіліп, адамдардың қауіпсіздігін сақтаудың барлық амалы жасалды. Еліміздегі бүкіл мемлекеттік органдар онлайн режиміне жұмыс істеуге көшкен болатын. Мұндай үрдістен сот құрылымы да сырт қалмады. Карантин кезінде сот отырыстары да онлайн форматқа ауысып, істер қашықтан қарала бастады. Осы ретте жаңа формат пен соттың жұмысындағы өзгерістер және т.б. өзекті мәселелер жайлы толығырақ мәлімет алу үшін біз аудандық соттың төрағасы Мәди Көшікбаевпен сұхбаттасуды жөн санадық.
– Мәди Жаубасарұлы, еліміздегі карантин режимі сот жұмысына да әсерін тигізбей қалмады. Төтенше жағдай енгізілгелі бері сот процестері онлайн режимінде өтіп, талап-арыздар «Сот кабинеті» сервисі арқылы қабылдануда. Бұл болып жатқан өзгерістер аудан сотының жұмысының ырғағына қиындық келтіріп жатқан жоқ па?
– Карантин шаралары ең алдымен еліміздің амандығы, қазақстандықтардың денсаулығын сақтау үшін енгізілді. Әрине, осындай сындарлы сәтте сот жұмысын жаңа талапқа, карантин режиміне бейімдеу қажеттілігі туындады. Бірақ та, елімізде орын алып отырған қиын жағдайға қарамастан, біз өз жұмысымызды бұрынғыдай қалыпты режимде жасап жатырмыз. Өйткені, жалпы айтқанда бізге, яғни, сот қызметкерлері үшін процестерді қашықтан өткізу тың бастама емес. Осыған дейін де еліміздің соттары электронды заманауи қондырғыларды қолданып, сот саласын цифрландыруға бет бұрған еді. Соның нәтижесінде істерді қарауда ешқандай кедергі, қиындық орын алған жоқ. Сондай-ақ, жұмысымыздың жақсы жүруі біздің ұжымның бірлігіне, біліктілігіне де байланысты болды. Оның үстіне адамдар талап арыздарын «Сот кабинеті» сервисі арқылы қабылданып, сот отырыстарының толықтай дыбыс-бейне құрылғыларына жазылатынына, шалғайдағы куәларды сот залына шақырмай-ақ, қашықтан жауап алуға болатынына үйренісе бастады.
– Қазір заманауи технологиялардың уақыты екені, әрине, рас. Бірақ, бүгінгі таңда бәрі де онлайн форматқа көшкендіктен біраз техникалық ақаулар пайда болғаны рас. Осы ретте мұндай жағдайларда қалай жұмыс істеу керек?
– Әрине, бәрі бірден жақсы жұмыс істеп кетті деп айта алмаймын. Негізінен қиындықтардың барлығы техникалық ақауларға байланысты болды. Себебі, бәрі онлайнға ауысқандықтан, байланыс желілерінде бірқатар қиындықтар кездесті. Алайда, біздің программистеріміз карантин режимі басталғалы бері көптеген өзгерістер кіргізіп, тез әрі жақсы жұмыс жасағандарының нәтижесінде, қазір техникалардан онша көп кемшіліктер жоқ. Ал, арасында пайда болып жатқан кейбір келенсіздіктерді программистер тез шешіп жатыр. Мәселен, шектеу шаралары енгізілгелі бері электронды түрде 1672 араз талаптар түсті. Оның 635-і шешімін тауып, қалғандары қаралу үстінде. Шешімін тапқан істердің барлығы дерлік «Trueconf», «Whatsapp», «Skype», «Zoom» сияқты барлық түрлі қосымша платформалар арқылы жүргізілді. Мұнын бәрі де ең бірінші кезекте қызметкерлеріміздің өз жұмыстарын тиянақты жасап жатқандарына байланысты.
– Иә, қазіргі қауіпке қарамастан сот қызметкерлері істерін тоқтатпай еңбек етуде. Осы ретте олардың алаңсыз жұмыс істеуіне қаншалықты жағдай жасалған?
– Әрине, біз бірінші кезекте мұндағы қызметкерлеріміздің қауіпсіз әрі ыңғайлы жұмыс жасаулары үшін барлық жағдайды жасап жатырмыз. Ғимараттағы барлық кабинеттерде санитарлық нормаға сай тазарту жұмыстары жасалып тұрады. Сондай-ақ, қызметкерлер антисептикалық құрылғылармен, маскамен, медициналық қолғаптармен қамтамасыз етіліп отыр. Сонымен қатар, күнделікті әр қызметкер жұмыс істейтін кабинеттер кварцтандырылып және желдетіліп тұрады. Мұнан бөлек әкімдіктің қолдауымен, ауданның бас санитарлық дәрігерінің бастамасымен ғимаратымызда дезинфекцилау жұмыстары да жүргізіледі. Сондай-ақ, қашықтан отырып жұмыс жасау үшін де барлық жағдай жасалды. Кабинеттер компьютерлермен, ноутбуктермен жабдықталған.
– Таяуда Азаматтық пен Қылмыстық-процестік Кодекске өзгерістер кіргізіліп, татуластыруға берілетін мерзім ұзарды. Бұл өзгертулер қандай мақсатта енгізілді?
– Иә, жуырда Азаматтық пен Қылмыстық-процестік Кодекске өзгерістер енгізілген болатын. Осыған байланысты сот келіп түскен талап арыздар ішінен медиация тәртібімен татулықпен бітуі мүмкін істер оны қарайтын судьяға емес, 10 жұмыс күннің ішінде татуластыру жұмыстарын жүргізетін арнайы бөлінген татуластырушы судьяға беріледі. Мұнан кейін татуластырушы судья он жұмыс күнінің ішінде екі жақпен бірдей жұмыс жасап, оларды бір келісімге әкелуге тырысады. Бүгінде өзара түсініспеушіліктің арқасында көптеген отбасының шаңырағы шайқалып, некелері бұзылуда, бұл да өз кезегінде ондаған мың баланың жетім қалуына әкеп соқтырады. Кейде өте жақын адамдар арасында болмашыдан туған дау немесе асығыс қабылданған шешімдер олардың арасындағы қарым-қатынастарына кесірін тигізіп жатады. Ал, заңға енгізілген өзгерістер осындай істерді сотқа жеткізбей өзара келісіммен шешу мақсатында жасалған.
– Соңғы кездері, төтенше жағдай алынғалы сот отырыстары қашан қалыпты режимде өтеді деген сұрақтар көбейді. Біздің келесі сұрағымыз осыған байланысты. Соттың мәжіліс залдары қашан халыққа есігін ашады?
– Иә, төтенше жағдай алынғалы бері кейбір адвокаттар мен судьялар тарапынан істерді сот залында қарастырайық, деген өтініштер келіп жатыр. Бірақ та, мұндай шара бекерден-бекер қолға алынып отырған жоқ. Егер де дәрігерлер тарапынан індет толығымен кетті, адамдар үшін ешқандай қауіп жоқ делінсе, біз, әрине, істерді қайтадан қалыпты режимде қарауға әзірміз. Оның үстіне адамдар жағынан бұл мәселе бойынша осы уақытқа дейін шағымдар болған жоқ. Ал, күрделі екі жақтың да қатысуын керек істерді біз олардың келісімдерімен уақытша тоқтата тұрдық. Содан кейін карантин шаралары жеңілдетілгеннен сон уақытша тоқталған істерді санитарлық талаптарды сақтай отырып, осындағы соттың залында өткіздік. Дегенмен, жеке басым жаңа форматтың тиімді жақтары көп деп ойлаймын. Себебі, осы уақыт аралығында заманауи технология арқылы маңызды мәселелерді жедел талқылауға, сараптауға болатынына көзіміз жетті. Онлайн-отырыстар бәріміз үшін де тиімді. Бұрынғыдай сот ғимаратына келіп, бұл жерде кезек тосудың қажеті жоқ. Қолыңда интернетке қосылған смартфон, ноутбук болса жеткілікті. Сондықтан, карантиндік шектеулер алынған күннің өзінде қашықтан жұмыс істеудің тиімді тұстары әлі де қажетімізге жарайды деген ойдамын.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.