Бүгінде, әлемдегі дамыған озық елдердің қатарынан өзіндік орын алып, технологиялық ілгерілеу жағынан жаһандық көшке ілесіп қана қоймай, сонымен қатар, рухани жаңғырып, келешектің еншісінде биік мақсат, берік мұраттарды бағдар етіп отырған еліміздің әлеуметтік қорғау жүйесінде де жыл санап жақсы жаңалықтар жария болуда. Көптеген тың бағдарламалар қабылданып, тиісті іс-шаралар жоспарланып, жұмыстар жүйелі атқарылып жатыр. Сондықтан да, әр уақытта қоғамдағы мұқтаж жандарға қол ұшын беруге дайын, қиын жағдайларға душар болған адамдарға көмектесетін әлеуметтік сала қызметкерлерінің еңбегі қашанда елеулі. Кәсіби мерекелері қарсаңында аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Қыйлыбаева Әлия Жұмаділқызымен сұхбаттасып, қазыналы Қарасай жеріндегі бұл саланың тыныс-тіршілігі, халық әлеуетін көтеруге себепкер болып жатқан жаңа мемлекеттік жобалар жайында әңгіме өрбіткен едік.
– Әлия Жұмаділқызы, алдымен өзіңізді және ұжымыңызды кәсіби мерекелеріңізбен құттықтауға рұқсат етіңіз. Сіздердің шын мәнінде көмекке зәру адамдармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп, олардың келешегі кедергісіз болуы үшін көп күш жұмсайтындарыңызды білеміз. Алдымен, осы өзіңіз басқаратын мекеменің атқаратын қызметі жайында айтып өтіңізші.
– Әрине, рахмет. Біздің бөлімнің барлық жұмысы үш сектор және төрт бөлімше арқылы жүзеге асады. 11 қызметкер 15 мемлекеттік қызмет түрін көрсетеді. Ашып айтсақ, жұмыспен қамту, әлеуметтік көмек және мүгедектермен, ардагерлермен жұмыс істеу, есеп және кадр секторлары атауынан көрініп тұрғандай, нысаналы топтармен тығыз қарым-қатынаста болса, мүмкіндігі шектеулі балаларға және жалғызбасты қарттар мен мүгедектерге үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшелерінде әрқайсында 30-ға жуық әлеуметтік қызметкер еңбек етуде.
– Көбіне адамдар Сіздердің бөлім мен аудандық жұмыспен қамту орталығын шатастырып алып жатады. Осы екі мекеменің қызметінің айырмашылығын түсіндіріп берсеңіз?
– Қазақстан Республикасының Президенті Назарбаев Нұрсұлтан Әбішұлының 2011 жылғы 28 қаңтардағы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру барысында Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 31 наурыздағы № 316 Қаулысымен бекітілген «Жұмыспен қамту-2020 бағдарламасы» әзірленді. Оны іске асыру мақсатында 2011 жылы 23 мамырда Қарасай ауданы әкімдігінің №5/391 қаулысымен «Қарасай ауданының жұмыспен қамту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылды. Орталықтың негізгі мақсаты өз бетінше жұмыспен айналысушылар, жұмыссыздар мен табысы төмен тұрғындарды қайта оқыту, жұмысқа орналасуға көмектесу арқылы белсенді экономикаға тарту болып табылады. Қазіргі таңда бұған қатысты барлық іс-шаралар орталықпен бірлесе отырып жүргізілуде. Басқарушы орындардан келіп түскен хаттар мен сұрақтарды анықтай отырып, мәліметтерді толықтай шешіп ақпараттарға бірлесіп жауаптар дайындалады. Түсінікті тілмен айтқанда, адамдарды еңбек орындарына орналастырумен тікелей орталық айналысса, біздің бөлім кеңесші, үйлестіруші ретінде бағыт-бағдар беріп, көмектесіп отырады. Сөз реті келіп тұрғанда айта кетсек, биылғы жылы аудан бойынша 1 897 жаңа жұмыс орнын құру көзделген болса, қазан айында 1 883 адам жұмыспен қамтылып қойды. Ол 99,2 пайызды құрайды. Сонымен қатар, кәсіпорындармен жұмыс орнын қысқартпау туралы 1 618 Меморандумға қол қойылып, жоспар 100 пайызға орындалды.
– Халық әлеуетін көтеру, шын мәнінде де мұқтаж жандарға үлкен демеу беру, оларды жақсы келешекке ынталандыру мақсатында «Өрлеу» жобасының жүзеге асырылғаны мәлім. Бұл тұрғыда ауданымыз бойынша нәтиже қандай? Діттеген мақсатқа жете алдық па?
– Иә, «Өрлеу» пилоттық жобасы көптеген көмекке зәру отбасыларына айтарлықтай қолдау көрсетті дей аламыз. Өйткені, оның аясында 78 отбасына, оның ішінде 535 адамға 15,5 млн. теңге шартты ақшалай көмек тағайындалып, төленді. Негізінен жобаға қатысушылар ірі қара мал алып, дастарханын аққа толтырса, кейбірі кәсібі үшін қажетті техникалық жабдықтарға қол жеткізіп, біразы, жеке шаруаларын ашуға мүмкіндік алды. Нақты мысал келтіре кетсек, Қаскелен қаласының тұрғыны Ғ. Нұрбосынов осы «Өрлеу» жобасы арқылы бір бұзаулы сиыр мен 40 тауық сатып алса, Райымбек ауылының тұрғыны Ә. Жырғалбекқызы тігін машинасына ие болып, бүгінде төсек бұйымдарын тігуде. Сондай-ақ, үй шаруасында отырған Қырғауылды ауылының тұрғыны Н. Бұлышева жеміс-жидек, көкөніс сататын шағын дүкен ашып алған. Енді бұл пилоттық жоба мәресіне жетті де, әрі қарай атаулы әлеуметтік көмек ретінде ел игілігі үшін өз жалғасын тапты.
– Өте жақсы екен. Ал келер жылдан бастап әлеуметтік салада қандай өзгерістер орын алмақ? Қандай жаңа бағдарламалар аясында жұмыстар жүргізіледі?
– Сұрағыңыз орынды. 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 84-қадамын іске асыру үшін қолданыстағы үш жәрдемақыны біріктіру негізінде, бірыңғай жәрдемақы – жаңа форматтағы жоғарыда айтып өткен атаулы әлеуметтік көмекті енгізу қарастырылған. Яғни, олар: отбасының кіріс деңгейін есептеусіз барлық көпбалалы отбасыларға республикалық бюджет есебінен төленетін төрт және одан да көп баласы бар отбасыларға деген арнайы мемлекеттік жәрдемақы, одан кейін, жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 60 %-нан төмен отбасыларына жергілікті бюджет есебінен төленетін мемлекеттік балалар жәрдемақысы, сондай-ақ, жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 40 %-нан төмен отбасыларына жергілікті бюджет есебінен төленетін атаулы әлеуметтік көмек. Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмектің тағы бір ерекшелігі, егер отбасындағы азаматтар еңбек етуге қабілетті мүшелері жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысуға міндетті болады. Егер еңбек етуге қабілетті азаматтар мұндай шаралардан бас тартатын болса, онда атаулы әлеуметтік көмек тек отбасындағы балаларға ғана тағайындалатын болады. «Заң жобасына сәйкес, отбасы құрамында еңбекке қабілетті мүшелері болмаған немесе олар белгілі себептерге байланысты жұмыс істей алмайтын болса, онда ондай отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек келісімшартсыз табыстың мөлшеріне қарай тағайындалады. Жаңа үлгідегі атаулы әлеуметтік көмек шартсыз және шартты ақшалай көмек болып екі түрге бөлінеді. Бұл жаңа жүйенің мақсаты – әлеуметтік көмек алушылардың жұмысқа қабілеттілерінің 70 % жұмыспен қамту шараларына қатыстыру арқылы кедейшілік мөлшерін азайту болып табылады. Оның форматын енгізуде аз қамтылған азаматтарды консультациялау, олармен әлеуметтік келісім шарттарды жасау, атаулы әлеуметтік көмек тағайындау мен әлеуметтік келісімшарт тармақтарының орындалуын мониторингтеу функциялары жұмыспен қамту орталығына және қала, ауылдық округтер әкімдерінің аппараттарына жүктеледі. Бүгінде арнайы құрылған мобильді жұмыс топ аудан бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
– Әлия Жұмаділқызы, байқап отырғанымыздай, бұл сала мамандары көңілдерінде қаяу бар, мүмкіндігі шектеулі немесе әлеуметтік көмекке зәру адамдармен де тікелей жұмыс істейді. Оларды алғашқы болып қабылдап, жарқын келешектеріне жол сілтеп отырады. Оңай емес, әрине. Осы орайда, төл мерекелері қарсаңында қызметкерлеріңіздің арасынан кімдердің есімін ерекше атап өтер едіңіз?
– Дұрыс айтасыз. Шынымен де, біздің мекеменің есігін тағдыры қиын, тек материалдық көмекті ғана емес, рухани қолдауды да қажет ететін жандар жиі ашады. Сондықтан, келген адамды күліп қарсы алып, жылы сөйлеп, барынша жәрдемдесіп, жайдары жүзбен шығарып салу оның қабырғасында қатар қаланған бұлжымас ереже десем, артық айтпаспын. Сол себепті, біздің ұйымшылдығы ұйысып, татулығы жарасқан ұжымымызда кім-кім де мақтанышпен ерекше айтап өтуге лайық. Дегенмен, 1988 жылдан осы жылдың маусымына дейін бөлімді абыроймен басқарып, бүгінде құрметті демалысқа шыққан Жұмағұлов Махмудбек Нүсіпбекұлының орны өзгеше. Ол кісімен қатар, талай жыл табан аудармай осында еңбек еткен Әлмерекова Айсұлу Жүнісқызы жайлы сөз етпеу мүмкін емес. Өйткені, олар біздің баршамызға, яғни, қазіргі қызметкерлерге үлкен үлгі бола білді. Сондай-ақ, әр жылдары жемісті еңбек етіп, халыққа қызмет көрсеткен Ш.Құзатбекова, Ш.Саржанова, И.Базарбай, Ш.Смағұлова, А.Раймқұлова, Р.Тұрманбетова, З.Камзанова сияқты тәжірибесі мол мамандар жастарға үлгі-өнеге көрсетіп, тәлімгер бола білді.
– Сөз соңында, мерекеге орай әріптестеріңізге қандай тілек айтар едіңіз?
– Барлық әлеуметтік сала қызметкерлерін атаулы күнмен шын жүректен құттықтағым келеді. Қызығынан қиындығы басым еңбектеріне толайым табыс, отбастарына амандық тілеймін. Мемлекетіміздің халық жағдайын көтеруге бағытталған тың бағдарламаларын жүзеге асыру жолында аянбай тер төгу үшін денсаулықтары мықты болып, күш-қайраттары сарқылмаса екен деймін!
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбатты жүргізген Клара КӨПБАЕВА.