Отбасының береке-бірлігі жарасып, бақытты ғұмыр кешу жолында өзгелер қызыға да, қызғана қарайтындай қадамдар жасауы, ол – көпшілік үшін насихаты жоғары үлгі деп білеміз. Сол себепті отбасының шағын мемлекет атануы да тектен-тек емес екені белгілі. 2013 жылдан бері елімізде қыркүйек айының екінші жексенбісі – Отбасы күні болып бекітілген болатын. Содан бері атаулы мейрам жыл сайын дәстүрінен жаңылмай аталып өтілуде. Осы мерекеге орай жарасымды жанұяның жарқын үлгісін көрсетіп жүрген – Мұқановтар отбасы жайлы жазуды жөн санадық.
Ел арасында ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, немере-шөбересін әлпештей өсіріп, шаңырағынан шаттық лебі ескен өнегелі отбасылардың көптігі ризалық сезіміне бөлейді. Осы жолғы мақаланың арқауына айналған ынтымағы жарасқан отбасы мүшелері соның айқын көрінісіндей. Шырайлы шаңыраққа келін болған Елнұр Нұрғожаеваны аз-кем әңгімеге тарттық. Елнұр 1987 жылы Ұйғыр ауданының Сүмбе ауылында дүниеге келіп, Қапшағай қаласында мектеп бітіріп, оңтүстік астанадағы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің «музыкалық білім және мәдениет» факультетіне оқуға түседі. Болашақ жары Серікханмен талай ғашықтың махаббатына куә болған армандар қаласы – Алматыда кездеседі. Жоғарғы оқу орнында белсенді студенттердің қатарында болған Елнұрды, сол кездегі Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры Шәмшия Беркімбаеваның қолдауымен, «Қыз Жібек» клубының қыздары университет қабырғасынан сахналық көрініспен, үкілеп ұзатады. Отбасылық өміріне ертегідей болып қадам басқан келінді барған жұрты да ерекше ықыласпен қарсы алады.
Осы шаңырақтың тірегі, атасы Мақсұтқан Мұқанов мал шарушылығымен айналысса, енесі Нәзия Уәлиева мектепте жұмыс істепті. Екеуі зейнетке шықса да қол қусырып отырмай, бақшаларында көкеністер мен жеміс ағаштарының түр-түрін өсіріп, баптаумен айналысады екен. Мақсұтқан ата мен Нәзия апаның еңбекқорлықтары өз алдына, ауылдарына сіңірген еңбектері ел аузында жүретін. Айтқан әңгімелері мағыналы, кеңестері көпшіліктің қажетіне жарап жүрген нағыз қазыналы қариялардың жарқын бейнесіндей.
– Мен келін болып түскенде, күйеуімнің әке-шешесі Сарқан ауданындағы Ақтұма ауылында тұратын. Жас келіннің міндетімді толығымен атқарып, жолдасым екеуіміздің жұмысымыз Алматы қаласында болғандықтан, сол жаққа көшуге тура келді. Әрине, ол кісілер жалғыз қалмайтын еді. Қолдарында күйеуімнің әпкесі бар. Десе де ұлы мен келіннің орны бөлек қой. Сол кездегі ата-енемнің көрегенділігі мен даналықтарынан болар, жалғыз ұлы мен келіні болсақ та еш сөзге келмей, разылықтарын білдіріп, «Жас келсе – іске» деп бізді жолға аттандырған болатын, – деп ерекше ықыласпен есіне алады жас келін.
Себебі, ол кезде Елнұр сол кездегі Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры Шәмшия Беркімбаеваның ұсынысымен, аталған жоғарғы оқу орнында Жастар саясаты бөлімін басқарса, Серікхан жекеменшік жақсы компанияда менеджер болып істейтін. Әрине, жас отбасы бұны еркіндік, өз алдымызға жеке шықтық деп мүлдем ойлаған жоқ. Қайта әке-шешелерінің білдірген сенімдерін ақтаймыз деген ой бірінші кезекте тұрып, екеуі екі жақтан жұмыс істеді. Тапқан қаражаттарын тірнектеп жиып, Алматы маңынан жер сатып алды. Бастаған істерін әрі қарай жалғап, сол жер телімінен екі бөлмелі үй салады. Жалдамалы үйде бірнеше жыл тұрып келген олар өз үйлеріне қол жеткізгенде ата-аналары мен әпкесін бірден қолдарына көшіріп алып көңілдері орнына түседі. Иә, салған баспаналары айтарлықтай үлкен болмаса да, бұл шаңырақтың ортасы шаттық пен күлкіге, ықылас пен сыйластыққа толы еді. Ененің келінге деген түртпегі, қайынәпкенің қысыр әңгімесі, келіннің кер тартпа мінезі, ер адамдардың орынсыз айқайы бұл отбасында мүлдем орын алған емес. Мүмкін содан болар, екі бөлмелі үйлері оларға ешқашан тарлық еткен емес. Қатарлары көбейіп, жас отбасында нәрестелер дүниеге келіп, ата-әжелерінің көз қуаныштарына айналған. Елнұр мен Серікханның биыл шаңырақ көтергеніне 7 жыл. Олар: Елриза, Елдана, Аруназ есімді қыздарды тәрбиелеп, өсіріп отыр. Эльнұр келін болып түскенде тамақ істеуге келгенде, үй шаруасына аздап шорқақтау еді. Сол кезде енесі ешқашан айқайлап ұрсып, дұрыс істемесе жақтырмай қалмай, барлығын сабырмен үйретіп, үлгермесе, көмектесіп қасында жүретін. Әлі де солай. Ене мен келіннің бір-біріне деген сыйластығы үзілмеген.
Алла тағала таза ниетке, кіршіксіз білдірген шын көңіліңе береді, демекші өткен жылы Мұқановтар отбасы аулаларында үлкен үйдің іргетасын қалаған болатын. Биыл олар қабырғалары биік, әр отбасы мүшесіне жекелей бөлмелері арналған кең баспанада қоныс тойын жасады. «Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады» дегендей бұл үйде әр сәби өмірге келген сайын жақсы нышанға баланған. Мәселен, Елриза өмірге келгенде жер алса, Елдана туғанда екі бөлмелі үй салған, ал, Аруназда үлкен баспанаға кірді. «Қарты бар үйдің қазынасы бар» деген мақал текке айтылмағандай. Қызмет бабымен әр жерде жүріп, қазір Мұқановтар әулетінің басы бір шаңыраққа біріккеннен бері өрістері кеңейген. Тауық бағып, сиыр асырап ауыздары ақтан үзілмей тұруына Мақсұтқан ата мен Нәзия апаның еңбегі зор. Нәзия апа қыздардың тәрбиесіне де үлкен мән беріп, бос уақытында немерелерімнің жасауы деп көрпе тігіп отыратыны тағы бар.
– Мен үшін отбасым әрдайым бірінші орында тұрады. Өзімнің әке-шешемнің берген тәрбиесі солай болатын. Келген әулетімде де осы құндылықтар жоғары тұрады. Үлгілі, өнегелі жанұяның құпиясы тек сыйластық пен түсіне білуде дер едім. Әсіресе, әйел адамның разылығы күйеуінен емес пе! Мәселен, ата енем мен жолдасымның сенімі мен разылығының арқасында қызмет бабында да өсіп келемін. Қазыналы Қарасай ауданының Мәдениет үйін басқарып келе жатқаныма, міне, екінші жыл. Әсіресе, қыздарымды бағып, маған қолдау білдіріп, ың-шыңымызды сыртқа білдірмей отырған енемнің еңбегі ерекше, – деп әңгімесін аяқтады Елнұр.
Міне, татулығымен тартымды болып отырған Мұқановтар шаңырағының бүгінгі жай-күйі осындай. Барлық отбасы осылар сияқты болса, еліміздің іргесі де әрдайым мықты болмақ. Ендеше, өздерінің кішкентай әлемдерінде бақытты әрі тату-тәтті өмір сүріп жатқан, берекесі мен бірлігі жарасқан отбасының шаңырағынан шаттық кетпесін деп тілейміз!
Бұрым ОРЫНБАСАР.