немесе Аудандық «Қазақ тілі» қоғамы қалай құрылды?
Солақай саясаттың салдарынан Тәуелсіздік алғанға дейін ана тіліміз өз қызметін атқаруға қауқарсыз болды, өйткені, бүкіл Кеңес Одағында болған республикалар тек орыс тілінде сөйлеп, тек сол тілде бір-бірімен байланыс жасады.
Осы мәселе Үсенбай ағаны қатты толғандырды. Сондықтан аға мекемелер мен үлкен-үлкен ұжымдарға шығып, «Қазақ тілі» қоғамын құруға былай деп шақырады екен: «Достар, мен сіздерге әдейі келдім. Ана тіліміздің қолдану аясын кеңейту үшін «Қазақ тілі» қоғамын құрайық. Бұл ұсынысқа қалай қарайсыздар?» Ал, ұжым адамдары: «Біз өзіміз қазақша жақсы білеміз. Қоғам құрудың керегі жоқ» дейтін көрінеді. Аға сонда: «Онда қазір үш ертегі, үш жұмбақ, үш мақал айтып беріңіздер. Егер осы талапты орындасаңыздар, қоғам құрмай-ақ қояйық» дейді ғой.
…Аға 5-10 минут, 20 минут күтеді, ешкім ешнәрсе айта алмайды. Сонда қиналған ұжым адамдары: «Жарайды. Сіздің айтқаныңыз дұрыс екен, қоғам құрайық» – деп келісімдерін береді екен!
Әр өңірдің, әр жердің ел есінде мәңгі қалатын ерекше азаматтары болады. Ондай азаматтар өзінің өскен ортасын, туған жерін, туған тілі мен дінін, ділін өте жақсы көретінін еңбегімен, адал ісімен дәлелдейтінін бәріміз де білеміз. Олар өңірдің тарихын да өте жақсы біледі.
Міне, осындай азаматтың бірі де бірегейі – марқұм Тастанбеков Үсенбай Бақтиярұлы еді. Үсенбай аға Батан ауылының тумасы, соғыс және еңбек ардагері. 1919 жылы 20 қазанда қазіргі Қарасай ауданының Батан ауылында туған. Жазушылар, журналистер одақтарының мүшесі, І, ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, 17 жауынгерлік және мерекелік медальдармен марапатталған.
Қазақстан Республи-касының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жар-лығымен «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медальдарымен, «Құрмет» орденімен марапатталған. Алматы облысының, Қарасай ауданының және Қаскелең қаласының Құрметті азаматы.
1939 жылы әскер қатарына алынып, кіші командирлер курсын бітірді. Ұлы Отан басталғанда Үсенбай аға мен майдандас жолдастары танкілеріне жете алмай, қоршауда қалып соғысады, партизан отрядын құрып, фашистерді жылжытпай соққы береді.
Сондай ауыр, қырғын соғыс кезінде отрядтан Үсенбай аға мен бір солдат қана тірі қалыпты. Тірі қалған солдат, ұлты татар екен, ағаға: – Үсенбай, сен кет, мен мыналарды ұстап тұрамын, сен жассың, мен ауыр жаралымын, жүре алмаймын, маған қарағанда сенің жарақатыңмен жүруге болады, – депті. Аға: – Жоқ, мен Сізсіз кетпеймін, алып кетемін, – депті. Сонда әлгі солдат: – Жоқ, Үсенбай, мен сенің ағаңмын, кет, мен ағаң ретінде бұйырамын, кет, тездетіп кет, – депті.
Аға амалсыздан жараланған аяғын сүйретіп кетуге мәжбүр болған. Сол жараланған аяғымен жылжып, тізесімен еңбектеп бернеше рет есінен танып жатып қалып, қайта қозғалып біздің әскерлерге кездесіпті. Еңбектеп жүргенде су да, тамақ та жоқ, талмаусырап жүріп бір шалшық суға кездесіпті, орамалын төсеп, сол судан ішіп, көзі ашылыпты.
Соғыс аяқталған соң аға өзінің кәсіби қызметін жалғастырады. Журналистік жұмысқа келмей тұрғанда ауылда хатшы, сонан соң ферма бастығы болып істепті. Ферма бастығы болып жүргенде немере ағасы түскі тамаққа келгенде: – Үсенбай, сен барып жылқыларды қайыра тұр, – депті. Үсенбай аға жылқыларды қайыруға барғанда бір қызық жағдайдың куәсі болыпты. Бір айғыр бір байталды үйірінен шығарып тастапты, кіргізбей тістеп қайта-қайта қуа беріпті…
Үсенбай Бақтиярұлы ағасына осы жағдайды айтқанда, ол кісі: – Ол байтал сол айғырдан туған, сол айғырдың тұқымы, сондықтан оны қуып жіберген ғой, – депті.
Аға: – Жылқы өте сезімтал, таза жануар ғой, халқымыз сондықтан оны қатты бағалайды, – дейтін еді. Шындығында да жылқы судың тазасын ішеді, шөптің де жақсысын жейді.
Аға жас кезінде өлең жазған екен, әдебиетті де жақсы көрген екен. Мектепте жүргенде атақты Әди Шәріповтен сабақ алған.
Тағдырдың жазуымен аға Әди Шәріповпен соғыста кездескен, партизан отрядында да бірге соғысқан.
Соғыстан елге оралған соң Әди Шәріпов іздеп, ауылға келген, ҚазГУ-ге оқуға шақырған, бірақ, аға отбасы жағдайына байланысты бара алмаған. Аға өте зерек азамат болғандықтан соғыста жүріп орыс тілін жақсы меңгеріп алған. Ферма бастығы болып жүргенде аудандық газеттің редакторы болып дарынды, талантты ақын Молдабек Саламатов келіпті. Ол Үсенбай ағаның өлең жазатынын, әдебиетті жақсы көретінін біледі екен. Молдабек Саламатов өзі ауылға келіп ағамен сөйлесіп, редакцияға жауапты хатшы етіп алып кетеді.
Иә, соғыс аяқталған соң өзінің кәсіби жұмысын жалғастырады. Үсенбай аға Алматыдағы партия мектебін бітіріп, үш мамандық алып шығады: журналист, тарихшы, аудармашы.
Үсенбай Бақтиярұлы аудандық «Социалистік майдан» газетінде жауапты хатшы, 1948 жылы күзде Еңбекшіқазақ аудандық «Үлгілі колхоз» газетінің редакторы, екі тілде шығаратын Қаскелең аудандық «Коммунизм үшін» газетінің бас редакторы, ауданаралық «Ленин туы» газеті редакторының орынбасары, Жамбыл аудандық «Екпінді еңбек» газетінің редакторы болып жемісті қызмет істейді. Бір жыл бұрын Горький, қазіргі Қ. Сәтбаев атындағы мектепте мұғалім болып істейді, тарих пәнінен сабақ береді.
Аға мұғалімдер еңбегінің қиын да қызық екенін әңгімелеп отыратын еді.
– Бір күні сабақ беруге 8 орыс класына барсам, ұл балалар бір-бірін рогаткамен атқылап ойнап жатыр екен. Балалардың біреуінің рогаткасын алдым да, бастап ойынды жүргізіп жатқан баланы дәлдеп атып қалдым да:
– Вожак убит, война окончена, – дедім.
– Сол кезде балалардың бәрі тым-тырыс, атысын қоя қойды. Сабақты бастап кетіп едім, оқушылар үн-түнсіз отырып тыңдап қалыпты. Осы күннен бастап оқушылар менің сабағымды тыңдап, жақсы дайындалып келетін болды, – деп еске алушы еді.
Үсенбай аға еңбек жолында Қаскелең аудандық партия комитетінде аға нұсқаушы қызметін атқарып, еліміздің саяси өміріне белсене араласады. Еліне, халқына, ерен еңбек сіңірген абыз ақсақал Үсенбай Бақтиярұлы 1979 жылы зейнеткерлік демалысқа шықты.Еліміз Тәуелсіздікке қол жеткізген кезде ауданда «Қазақ тілі» қоғамын құруға мұрындық болған, ана тілінің шын жанашыры, журналист, биік парасат иесі – Үсенбай Бақтиярұлы Тастанбеков.
Мен осы Қарасай ауданына (бұрынғы Қаскелең ауданы) 1963 жылы қыркүйек айында келдім, Жамбыл атындағы мектепке мұғалім болып орналастым. Ауыл адамдарының бәрі дерлік орыс тілінде сөйлейді екен, мектепте оқушылар ана тілінде (қазақ тілінде) және орыс тілінде оқиды екен, мені сегізінші класқа жетекші етіп жіберді. Менің класымда Үсенбай ағаның туған қарындасының қызы оқыды. Ол жақсы оқушы екен. Ағаның қарындасымен таныстығым содан басталды.
Үсенбай аға туралы елден де көп жақсы әңгіме естіп жүрдім, газеттен де оқып жүрдім.
1977 жылы мен Қаскелеңде ашылған педучилищеге орыс тілі мен орыс әдебиетін, мәнерлеп оқу пәнінен дәріс беретін болып, қызметке орналастым. Училище жабылған соң мектепте қалып, қазақ тілінен сабақ беретін мұғалім болып істеп, 1994 жылы зейнеркерлік демалысқа шықтым. Училище орнына мектеп ашылды.
Зейнеткерлік демалысқа шыққанмен мектепке алып қалды, қазақ тілінен сабақ беретін мұғалім болдым, өйткені, мен өзім қазақ мектебін бітіргенмін, жоғары оқу орнынан орыс тілі мен әдебиетінен және қазақ тілінен сабақ беретін мұғалім мамандығын алған едім. Мектепте 2002 жылға дейін сабақ беріп, онымен біржолата қоштастым.
… 2004 жылы қызым Светамен келе жатқан едік, Үсенбай аға алдымыздан шықты. Амандасып өте беріп едік: – Света, мамаңды мен «Қазақ тілі» қоғамына жұмысқа шақырып едім, келмейді. Сен айтшы, мамаң қоғамға қызметке келсін, маған көмектессін, – деді аға. Үйге келген соң қызым: – Үйде отырғалы бері ауыра бересіз, қоғамға барыңыз, көңіліңіз бөлінеді ғой, – деді. Сол 2004 жылы ағаға қызметке келдім, содан бері осы қоғамда қызметті жалғастырудамын.
Осы Қарасай ауданында «Қазақ тілі» қоғамын құрып, Үсенбай аға қыруар еңбек етіп, ауданның қазақшалануына көп жұмыс істеді. Аудан мектептерінің көпшілігін қазақ мектебі етіп қайта құруды іске асыруға (жыл сайын жоғары орындарға, аудан әкіміне шығып 10 мектепті қазақ мектебі етіп қайта құру керек екендігін айтып, ұсыныс жасалады) күш салды. Ол кісінің осындай ұсыныстарын көзбен көріп жүрдім. Сондай-ақ, Үсенбай аға осы ауданнан шыққан мемлекет және қоғам қайраткерлерінің мерейтойлары туралы аудандық газеттің жыл сайынғы 1-ші нөміріне жазып тұрды.
Мерейтойлары өтетін мемлекет және қоғам қайраткерлері, еңбек адамдары туралы Үсенбай аға газетке мақала жазатын, мерейтой иесі қай әкімдіктен екенін білетін еді, сол әкімдерге хат жазып, мерейтой иесі туралы айтып, оның жастарға беретін үлгі-өнегесін түсіндіретін. Сондай мақалаларын жинап, кітап етіп шығартты (10-нан астам кітап жазды). Үсенбай аға мектептермен тығыз байланыста болды. Мектептерге барып, ана тіліміздің мемлекеттік статус алғаны қазақ халқы үшін, Қазақстан халқы үшін маңызы зор екенін, ана тілі елімізде өмір сүріп жатқан өзге ұлыстар мен қазақ халқының достығының берік болуына зор ықпал ететіндігін мақаласында да, мектептерге және мекемелерге барғанда сөйлеген сөзінде де түсіндіріп отырды. Мерейтойлары аталып өткен мемлекет және қоғам қайраткерлері мен ақын-жазушылардың, әскери азаматтардың есімдерін көшелер мен елді мекендерге, мектептерге беру туралы мәселе көтеріп, ұсынысын орындатып отырды. Мысалы, Н.Әлімқұловтың, С.Керімбековтың, Қосыновтың есімдері мектептерге берілді, ғалым Қ.Сәтбаевтың есімі де мектепке берілді. Үсенбай аға ана тілінің қолдану аясының кеңейтілуіне, ана тілінің мәртебесін көтеруге көп көңіл болды, бірнеше сұрақтан тұратын тест беріп, оқыту сапасын байқап жүрді.
Үсенбай аға өзі бас болып ауыл-ауылдағы көшелер мен мекемелерді тексеріп, ана тілінде жазылған көшелер мен елді мекендерді қадағалап отырды.
Осы ауданда өмір сүрген, ұлт-азаттық көтерілісін басқарған Бекболат Әшекеевке ескерткіш жасап, саябақ орнатуға мұрындық болған да Үсенбай Тастанбеков. С.Керімбековке де атын алып жүрген мектеп алдында ескерткіш орнатуға да себепкер болды.
Үсенбай Бақтиярұлы республикада шығатын барлық газеттерді жаздырып алып, оларды үзбей оқи отыра, қате жазылған сөздер мен сөйлемдерді де көрсетіп, газеттерде жариялап жүрді.
Үсенбай аға: – Аллаға рақмет, сенің қоғамға келіп, жұмысыма көмектескенің маған емес, ана тіліңе істеген қызметің, саған да рақмет, – деп маған көңіл бөліп қоятын.
Ағаның көмегінің арқасында мен де «Қарасай ауданының Құрметті азаматы» деген атаққа ие болдым.
2004 жылдан 2018 жылға дейін ағаның қол астында қызмет етіп, «Қазақ тілі» қоғамының жұмысының қыр-сырына толық қанықтым, сондықтан ағаның ісін алға қарай апару – мен үшін үлкен міндет, зор жауапкершілік. Қоғамның алқа мүшелері де маған өз әлдерінше көмек беруде, бәріне де рақмет. Әсіресе, қоғам жұмысына көп көмек беретін Орталық кітапхана қызметкерлеріне, директоры Ұлдархан Қаханқызына, аудандық Ардагерлер кеңесіне, аудандық «Заман жаршысы» газетінің ұжымына, бас редакторы Атлана Жанатқызына көп рақмет айтамын.
Аға туралы көп білгісі келетін азаматтарға, болашақ ағаның шығармашылығын зерттейтін жастарға ол кісінің кітаптарын оқуды ұсынамын. Аға көп қолжазбаларын республикалық архивке өткізді, сол жерден де керек мақалалар мен қолжазбасын табуға болады.
Шара ҚАНАТҚҰЛҚЫЗЫ,
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы қоғамдық бірлестігінің Қарасай аудандық филиалының төрағасы, Қазақ ССР оқу-ағарту ісінің үздігі, Қарасай ауданының Құрметті азаматы.