Өмір мен өлім қатар келген қас-қағым сәтте қара басыңды қатерге тігіп, шешім қабылдау – ерлікке тең іс. Сәрсенбі күні осындай ерліктің ерекше үлгісін көрсеткен қарасайлық жас полиция қызметкерін – Әділет Байқадыровты аудан басшысы Жандарбек Ермекұлы марапаттады.
28 жасар полиция ротасының инспекторы Әділет оттан еш қорықпастан, өз өмірін қауіпке тігіп, өртеніп жатқан көлікті дер кезінде сөндірген. Өткен оқиға жайлы айтар болсақ, өрт таяуда, 12-ші тамыз күні, түнгі 11-лерге таман «Алтын Орда» базарының маңында тұрған жүк тасымалдайтын көліктен шыққан. Онда от шығып жатқанын байқаған адамдар қызмет бабымен сол маңда жүрген полиция қызметкерлеріне мән-жайды баяндап, көмекке жүгінген. Сол күні әріптесі, полиция лейтенанты Есбол Ниязбаев пен түнгі кезекшілікке шыққан аға лейтенант Әділет Байқадыров бірден оқиға орнына барып өртті сөндіруге көмектескен. Көліктің сырты емес, ішкі жағы өртеніп жатқанын байқаған Әділет үлкен қауіпке қарамастан оның артқы есігінен кіріп, көлікті ішінен сөндірген.
– Өз әрекетімді батырлық немесе ерлік деп санамаймын. Бұл менің қызметтік борышым әрі міндетім. Менің орнымдағы әрбір полиция қызметкері, не әр ер азамат осындай қадамға барар еді, – дейді жас тәртіп сақшысы.
Өртті дер кезінде өшіріп, айналасындағы адамдарды қауіптен құтқарған полиция қызметкерлерін сәрсенбі күні аудан басшысы Жандарбек Ермекұлы арнайы шақырып, Алғыс хат пен бағалы сыйлық табыс етті. Еш қауіпке қарамастан өз қызметтерін абыроймен атқарып жүргендері үшін ризашылығын білдірді.
Міне, осындай полиция қызметкерлері бүгінгі күннің батырлары деуге әбден лайық. Өздеріне жүктелген міндетті әрдайым абыроймен атқарып, ауыр да жауапты қызметті жүрген жас тәртіп сақшыларына толағай табыс тілейміз!
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.