Ер есімі – ел есінде. Кеше ауданымызға қарасты Шамалған ауылында ауған соғысына қатысқан сарбаздардың құрметіне ескерткіш бой көтерді.
Ауған соғысының жауынгерлерінің есімін жас ұрпақ жаттап өсіп, ерліктерін үлгі етсін деген мақсатпен ашылған ескерткіш мемориал Шамалған округі ауған соғысы ардагерлерінің бастамасымен, жергілікті жомарт жандардың қолдауымен салынды. Ал, оның орналасқан жері әкімдік тарапынан арнайы бөлінген.
Ескерткіштің ашылу салтанатында алғашқы сөзді округ әкімі Ержас Тоқтасынов айтып, тарих жылнамасынан өзінің қаралы күндерімен орын алған зұлматтың бірі – ауған соғысы ардагерлеріне, бүгінгі күннің батырларына үлкен құрмет көрсетіп, ізгі тілегін білдірді. Сондай-ақ, ерлердің есімін мәңгі есте сақтап, оларды барынша дәріптеу керектігін атап өтті.
– Ауған соғысы қазақстандықтардың, балаларын жоғалтқан әкелер мен аналардың есінен кетпейді. Барлық ұрпақтар өз батырларын – сол сұрапыл соғыстың барлық қиындықтарын бастан кешкен қарапайым сарбаздарды дәріптеулері қажет, – деді округ әкімі.
Ержас Тоқтасыновтан кейін сөз кезегін аудандық Қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығы, майор Бекмырза Жүсіп пен Шамалған округі ақсақалдар алқасының төрағасы Амангелді Малбаев алып, майдан даласында қаза тапқан жауынгерлердің есімі мен ерлігі ешқашан ұмытылмайтынын, өздеріне жүктелген міндеттерді абыроймен орындаған азаматтардың ерлігі мәңгілік екенін айтып өтті. Мұнан кейін Шамалған округіндегі ауған соғысы ардагерлері кеңесінің төрағасы Елхан Сайфулин сөйлеп, ескерткішті тұрғызуға атсалысқандарға алғысын жеткізді, оларды «Қазақстан патриоты» медалімен және Алғыс хаттармен марапаттады.
Бұдан кейін сскерткіш лентасы ресми түрде қиылып, жиналған көпшілік ерлікке тағзым жасап, гүл шоқтарын қойды. Басқосу соңында бірқатар ауған соғысының ардагерлері сөйлеп, ел тәуелсіздігі мен бейбітшілігінің баянды болуын тіледі.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.