Ауданымыз бойынша қазіргі таңда «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасы аясында бірқатар нысандардың жұмысы қарқынды жүзеге асырылуда. Олардың арасында Іргелі ауылдық округінің тұрғындары үшін салынып жатқан дәрігерлік амбулатория да бар. Ағымдағы жылдың 6 маусымынан бастап іргетасы қалана бастаған нысанның тапсырыс берушісі – Алматы облыстық құрылыс басқармасы.
Дәрігерлік амбулаторияға бес техникасын жұмылдырған «Құрылысшы-ТБС» ЖШС толығымен жауапты. Сондай-ақ, нысанның бой көтеруіне қазіргі уақытта 58 құрылысшы маман атсалысып келеді. Оның 25-і аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмылдырылғанын да айта кеткен жөн.
Аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Жарас Қатубаевтың айтуынша, 100 емделушіге арналған Іргелі ауылындағы шағын медициналық мекеменің құрылысын толығымен осы жылдың қазан айында аяқтау жоспарда бар.Тағы бір айта кетерлігі, құрылыс жобасына сәйкес екі қабатты, 866 шаршы метрді қамтитын дәрігерлік амбулаторияның маңайында күз кезінде көгалдандыру жұмыстары жүргізілетін болады.
Дидар МУХАМАДИЕВ.