Көпшіліктің үрейін туғызған коронавирус індеті бүгінгі таңда өршіп тұрғанымен, ақ желеңді абзал жандардың арқасында дертінен дер кезінде құлан таза айыққандар да бар. Сондай сырқатқа тап болған жандардың біразы біздің аудандық орталық аурухананың инфекциялық бөлімінде ем-домын қабылдауда.
Осы аптада аталған медицина мекемесіне арнайы барып, емделушілердің қазіргі денсаулық жағдайына көз жеткіздік. Сонымен қатар, Сәуле Барақбаева сынды білікті дәрігер басшылық ететін бұл бөлімдегі бірқатар дәрігерлермен де жүздесіп, жақынырақ тілдесіп қайттық.
75 орынға арналған аталған аурухана бөлімінде бүгінгі таңда 65 науқас ауруымен арпалысып, медицина қызметкерлерінің жіті бақылауында жатыр екен. Әрбірінің дәрігерлерге айтар алғысы шексіз. Аты жаман сырқаттан тез айығып, жақындарымен қауышуды армандайды.
Біз айтқан медициналық ортада қазіргі уақытта 9 жоғары дәрежелі дәрігер-инфекционист, 45 орта медбике және 40 санитар жұмыс атқаруда. Ағымдағы жылдың 15 наурызынан бастап жауапты міндеттері одан сайын артқан абзал жандардың пандемия кезінде қызметтері қыза түсті. Олар – өмір мен өлім арасында жатқан науқастардың ертеңгі күніне жауаптылар. Індеттің белең алған уақытында әрбірі 14 күн кезекшілікте жүріп, күн-түн демей сырқаттардың тез сауығуына атсалысып келеді. Осындай өз ісіне жауапты дәрігерлердің қатарында Түгел Құлбаев, Бөпеш Әмірханова сияқты инфекционист-дәрігерлер де бар.
– Қазіргі уақытта реанимация бөлімшесінде алты науқасымыз ауыр хал үстінде. Олардың аяғынан тұрып кетуіне колдан келгеннің барлығын жасап жатырмыз. Ал, қалған емделушілердің жай-күйі қанағат-танарлық. Жақында ғана алты сырқат ауруынан айығып, үйіне қайтарылды, – деп емделушілердің бүгінгі жағдайын баяндаған Бөпеш Әділқызы осы бөлімге түскен адамдардың неше күнде жазылып шығатынына былай тоқтала кетті: «Арнайы хаттамаға сәйкес мұнда жұқпалы аурумен түскен адамдар-
ды 14 күн ішінде дертінен толықтай емдеуге тырысамыз. Одан кейін оларды үйіне дейін жеткізіп, жергілікті дәрігерлердің қатаң бақылауына тапсырамыз».
Дәл осындай сәттерін тағатсыздана аңсап, жақындарымен жүздесуді сағына күтіп жүрген науқастардың ішінде Жамбыл ауданының тұрғыны Бибікамал Абдыказымова, Іле ауданынан келіп дертіне шипа тапқан Маратхан Нуриев және өзіміздің қарасайлық Алтынқыз Исмаилова бар. Бұл аталған сырқаттардың жан күйзелісін, айтар ойларын, жарық дүниеге деген құштарлығын олардың көз жасынан анық аңғаруға болады. Алғаш ауруханаға түскен сәттерін бүгінде олар жанарынан сырғып аққан моншақтарын сүртіп отырып, тебірене еске алады. Сондай-ақ, мұндай ауыртпалықты ешкімнің басына бермесе екен деген ақжарма тілегін де білдіруде. Әрбірімен біз жақын тілдескендіктен, басынан кешкендерін және көпшіліктің көкейіне жетер деген үмітпен айтқан сөздерін біз де оқырман назарына ұсынуды жөн санадық.
Бибікамал АБДЫКАЗЫМОВА, Жамбыл ауданы, Қарғалы ауылының тұрғыны:
Алғашында сырқаттанып өзім тұратын жергілікті ауруханаға түстім. Бұл жерде тиісті ем шараларын қабылдағаныммен, күннен-күнге жағдайым ауырлап, бір аптадай өзімді жайсыз сезіндім. Бір күні Қарасай аудандық орталық аурухананың инфекциялық бөлімінің меңгерушісі Сәуле Дәуешқызы бастаған бір топ дәрігерлер мені алып кетіп, осында әкеліп жатқызды. Дәл осы ортаға келгенде менде өмір сүруге деген үміт пайда болғандай. Келген күннен бастап барлық медбикелер жаны қалмай зыр жүгіріп, жанымды алып қалуға атсалысты десем артық айтқаным емес. Реанимациялық бөлімшеде бір аптадай жаттым. Енді, міне, көзім ашылып, өзімді жақсы күйде сезінудемін. Менің осылай емен-жарқын әңгімелесіп отырғаным – осы бөлімдегі дәрігерлердің арқасы. Оларға алғыстан басқа айтарым жоқ! Жақындарына амандық, қызметтеріне табыс тілеймін. Сөз орайы келгенде, бір айтайын дегенім, осы мекеме жақсы жағынан жанданып, көркейе түссе екен деймін. Мүмкін болса, ауқымы кеңейіп, іргетасы қайта қаланатындай жаңа медициналық нысан бой көтерсе деген іштей аналық тілегім бар. Одан бөлек, халыққа айтарым, аты жаман бұл індеттен сақтаныңыздар! Денсаулықтың қадірін біліп, сақтыққа салғырт қарамаңыздар!
Маратхан НУРИЕВ, Іле ауданы, Жәпек батыр ауылының тұрғыны:
Дерттің алғашқы белгілері пайда бола бастағанда Іле ауданына қарасты Өтеген батыр ауылының (бұрынғы ГРЭС) ауруханасында үш күн жаттым. Уақыт өткен сайын денсаулығым нашарлай бастады. Жөтел пайда болып, өкпем қысылғандықтан жергілікті дәрігерлер сынама алу керектігін айтты. Ондағы нәтижеге сәйкес жедел жәрдеммен осы Қарасай аудандық орталық аурухананың инфекциялық бөліміне келіп түстім. Рентген көрсеткіші пневмонияны көрсетті. Шынымды айтсам, бұл жерге ес-түссіз халде жеттім. Міне, енді он күн болды ем қабылдап жатқаныма. Қазіргі жағдайым бұрынғыдан қарағанда әлдеқайда жақсы. Осындағы инфекционист-дәрігерлердің баршасына ерекше рахметімді айтамын. Олар болмаса, бәлкім, тірі жүрмес пе едім…Аты өшкір бұл кеселдің кесірінен жоғарыда айтып кеткен Өтеген батыр ауылындағы ауруханада бажам осы аурумен арпалысып, ажал құшты. Мені ол жақтан осында алып кетіп бара жатқанда бір-бірімізді алыстан көрдік. Терезеден қарап тұрғанда бір-бірімізге басымызды изеп, саулығымызды тілеп едік. Амал нешік, 49 жасқа жеткенде қапыда айырылып қалдық. Сондықтан айтайын дегенім, денсаулықтарыңызға бей-жай қарамаңыздар. Жақындарыңыздың қауіпсіздігі үшін сақтаныңыздар!
Ауруыма араша болған дәрігерлердің барлығына шынайы ризашылығымды жеткізгім келеді. Солардың арқасында жақсарып келемін. Енді сәл шыдасам, бірнеше күнде үйіме қайтамын. Алғашында бұл дертке тап болғанда, күзде әскерден оралатын кенже ұлымды көре алмай қаламын ба деген қорқыныш пайда болды. Құдай қаласа, ұлыммен қауышатын күнге де жетем деген арманым бар. Барша қазақ еліне амандық, саулық тілеймін!
Алтынқыз ИСМАИЛОВА, Қарасай ауданы, Жалпақсай ауылының тұрғыны:
Аты жаман бұл ауруға ең басында сенбегеніміз, рас. Бірақ, жақындарымыз бен өз басым осы аурумен бетпе-бет келгенде, дәрменсіз күй кешіп, бар үмітіміз дәрігерлерде болды. Қысқаша айтатын болсам, ағымдағы жылдың 5 маусымында үйге қонақ шақырып, алыс-жақын туысқандардың басын қосып, дастархандас болдық. Бірер күннен кейін қайыным, одан кейін өзім де осы сырқатты жұқтырдық. Алайда, бұл індет бойымызда барын білмедік.
…Сол бір күндері Қызылорда облысынан құдағиым келіп жатқан еді. Әдеттегідей, бәріміз арқа-жарқа болып, көңіл көтердік. Бір күннен кейін сол алыстан келген қонағымыз сырқаттанып қалды. «Туған жеріме қайтам» деген соң, шығарып салдық. Бірақ, ол кісіні соңғы рет көремін деп ойламадым. Құдағиым барған соң, ауруханада бір күн жатып, бақилық болыпты!.. Марқұмды жерлеп жер қойнына тапсырып келдік. Міне, осы күннен бастап менде үрей, қорқыныш басталды. Отбасымызбен жаппай тексерілуді жөн көрдік. Алғашында ешқандай белгі байқалмаған соң, жайбарақат жүре бердік. 18 маусымда жолдасымның жүрек талмасы ұстап, жедел жәрдем шақырдық. Осы ретте, күйеуімнің өміріне араша болған Қарасай ауданының орталық ауруханасының 53-бригадасына алғысымды айтқым келеді.
Сонымен ол Алматы қаласының ауруханасында жататын болды, ал, мен өз ауруыммен арпалысып, осы инфекциялық бөлімге түстім. Алғашында өкпем қысылып, оттегі жетпей, демалудың өзі қиынға соқты. 10 күн реанимациялық бөлімшеде болып, бетім бері қарады. Осы бөлімге өзіммен бірге қатар түскен, жоғарыда айтып кеткен Қайрат қайыным да жақсы болып қалды. Әрине, осылай жүзімнің жарқырап, әңгімелесіп отырғаным дертіме дауа тапқан мұндағы дәрігерлердің арқасы. Барлығына ерекше ризашылығымды білдіремін. Ауру-сырқаудан аман болыңыздар! Бұл індеттен толық арылмайынша, жиын-тойды, басқосуларды азайтқанымыз дұрыс. Өз-өзімізді күтейік. Менің бір тілерім, адам денсаулығына жауапты ақ желеңділердің жағдайы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының, жоғарыдағы биліктегілердің назарына ілініп, оларға қашанда қолдау болса екен деймін. Барлықтарыңызға амандық тілеймін!
Дайындаған Дидар МУХАМАДИЕВ.
Суреттерді түсірген Ерлан АЛИАСҚАРОВ.